Ұстаздық – ұлы қызмет

Ұстаз – адам өміріндегі ерекше тұлға. Ол шәкіртке білім беріп қана қоймай, оның бойына ізгілік, адамгершілік, жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді сіңіреді. Сондықтан халқымыз ұстазды әрдайым құрметтеп, оның еңбегін жоғары бағалаған. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген халық даналығы мұғалімнің бала тәрбиесіндегі айрықша орнын аңғартады.

Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілікті, терең білімді, шыдамдылық пен мейірімділікті талап ететін ұлы қызмет. Ұстаз әр баланың жүрегіне жол тауып, оның қабілетін танып, болашағына бағыт береді. Кейде ұстаздың бір ауыз жылы сөзі шәкіртке жігер сыйлап, оның өмірлік мақсатын анықтауына ықпал етеді. Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – ұстаз. Ұстаз қандай болса, мектебі де сондай болмақшы», – деген. Бұл сөз ұстаздың білім беру жүйесіндегі маңызын дәл көрсетеді. Өйткені мектептің жетістігі, шәкірттердің білімі мен тәрбиесі ең алдымен ұстаздың кәсіби шеберлігіне байланысты.

Нағыз ұстаз өз пәнін жетік білумен шектелмейді. Ол үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп, заман талабына бейімделіп отырады. Қазіргі ұстаз дәстүрлі оқыту әдістерімен қатар жаңа технологияларды да тиімді қолдана білуі керек. Ақпарат жылдам таралатын заманда ұстаз оқушыға дайын білім беруші ғана емес, ақпаратты дұрыс таңдап, талдауға үйрететін бағыттаушы.

Ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Ұстаздың еңбегін бағалау тек мерекелік күндерде айтылатын жылы сөздермен шектелмеуі тиіс. Ұстазды сыйлау – оның берген білімін қадірлеу, ақылын тыңдау, қоғамдық мәртебесін көтеру және еңбегіне лайықты жағдай жасау деген сөз.

Қорытындылай келе, ұстаздық – адамзат тарихындағы ең қадірлі әрі жауапты қызметтердің бірі. Ұстаз шәкіртке білімнің шырағын жағып, оны үлкен өмірге дайындайды. Ол әр баланың бойындағы қабілетті оятып, жақсы адам болып қалыптасуына көмектеседі. Сондықтан ұстаздың еңбегі ешқашан өлшенбейді және ұмытылмайды.

Ұстаз – ұрпақ тәрбиесінің тірегі, білімнің шамшырағы, ел болашағын қалыптастыратын тұлға. Ұстазға көрсетілген құрмет – келешекке көрсетілген құрмет. Осындай ұлы қызметті атқарып жүрген барша ұстаздардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, мәртебесі биік болсын!

Гүлмира САҒАТОВА

Қарлығаш НҰРЖАНОВА

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті»