Күнделікті тұрмыс-тіршілікте жедел уәкіл мен тергеушілер қызмет барысында қылмыстың ашылмауына мүдделі адамдардың белсенді қарсылығына ұшырайтыны рас. Ащы да болса шындық бұл. Тәжірибеде көріп жүргеніміздей, табанының бүрі жоқ қызметкерді жолдан тайдыратын тосын жайттар тіптен асып жығылады. Арты дау-дамайға әкеп соқтыратын сондай әрекеттердің бәрі де оның бойында үлкен адамдық негіздердің болуын талап етеді. Адамдық негіздер дегеніміз – адам бойындағы құпия сақталып тұрған әрі аса нәзік, әрі аса жойқын, зияткерлік (интеллектуалдық), этикалық, эстетикалық, тәжірибелік, тапқыр да талғампаз, албырт та асқаралы күш.
Ол осыны сезініп, түсініп, толғанып, ізденіп, алмағайып өмірдегі өзңнің төл әрекетіне пайдалана білгені ләзім. Әйтсе де мұндай ерекше қасиет, өзгеше өрелілік тек көпті көрген, көргенін көкейінде өріп-түйген, көп оқыған, оқығанын тоқыған, қол жеткізгеніне мақтанбаған, арамдық ойлап ластанбаған, байлық пен дүмше дәулетке белшесінен батпаған, кіршіксіз таза, өрен де өршіл ой иесінің ғана қолынан келмек. Жасыратыны жоқ, полиция қызметкерінің бейнесін осындай өлшем тұрғысынан көргіміз-ақ келетіні кәдік. Өйткені оның жұмысы көп қырлы да күрделі. Олар, бейнелеп айтқанда, тіршіліктің тас диірменінде әбден тартылған адамдар.
Әсілінде, қылмыстыны анықтауда белсенділік пен тегеуірінділік танытатын, айыпталушыға бейтарап болып, оның құқықтарын қорғалуын қамтамасыз ететін қызметкер алдына күрделі мәселелер тұрады. Адам тағдырын шешуде оған шексіз билік берілген. Ендеше алдын ала тергеудің жариялылығы, соған орай оның қай бір әрекетіне сын айту мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, қызмет бабындағы оның жіберген осалдықтары үлкен зардаптарға соқтыруы мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Мұндай қателіктерді болдырмау үшін тек тек заңға ғана бағынып, ұдайы адамгершілік қағидаларын берік ұстануы керек.
«Қызметтік ережелер тәп-тәуір болғанымен тәжірибесі, адами қасиеттері аз адамдардың қолында өз күшін жоғалтады» депті әйгілі адвокат А.Ф.Кони. Сондықтан да қызметкерге үлкен адамгершілік мұраттарды ұстану талабы қойылады. Оның моральдық жағынан таза болуы, өз қызметінің әлеуметтік мәнін жете ұғынып, тергеу нәтижесіне деген жеке азаматтық жауапкершілігі, күрделі де қиын жағдайда дұрыс жолды таңдауында септігін тигізеді. Бірден бір айқын жол – қызметінде заңды сақтай отырып, адамгершілік парызы бойынша атқаруы ләзім.
Осындай үдеден шығып жүрген кәсібін еркін меңгергедер баршылық. Олар туралы жөнді сөз етілмейтіні біздің қалам иелерінің осалдығынан.
Осы бір кемшін тұсты бүтіндегіміз келіп, Қарағанды өңірінің қоғамдық тәртіпті күйттейтін сақшылық тарихына елеулі үлесін қосқан бір әулет туралы сөз қозғамымыз келеді.
Қарағандымен қатар жасасып келе жатқан ондай әулеттер біздің топырақта баршылық десек те, тек оларды әйгілейтін қаламгерлер аздығы өкіндіреді. Мен қарапайым қатардағы адам болса да еңбегі еленбей келе жатқан бірегей тұлға жайына арнайылап тоқтағым келеді. Ол – полиция ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Болат Өміржанұлы Сейтхожин. Өз әулетінің баянды да бақуатты тіршілігінің кепілі ғана емес, біртұтас отбасының түтінінің түзу шығуының ұйытқысы бола білген азамат.
Оның өмір жолынан бір дерек.
Сейтхожин Болат Өміржанұлы Саран қалалық ішкі істер бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімшесінде жедел уәкіл лауазымында өткен ғасырдың 1989 жылынан бері қызмет атқарған. Аз уақыт ішінде (1989-1993 жж.) ол өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, мықты ізкесушілік қабілетке ие екенін дәлелдей алды.
Тек 1993 жылдың қаңтар-мамыр айларының өзінде Б.Ө.Сейтхожин 26 пәтер ұрлығын ашқан. Санына қараңыз! Оның тікелей қатысуымен Қарағанды облысында екі айдан астам уақыт бойы әрекет еткен, 23 пәтер ұрлығын жасаған қауіпті «домушниктер» тобы ұсталғаны белгілі. Ал 1993 жылдың мамыр айынан бастап оның басшылық еткен тұлғаға қарсы қылмыстармен күрес бөлімі бес кісі өлтіру қылмысын және бірнеше пәтер ұрлығын ашты.
Жедел уәкіл Б.Сейтхожиннің қызметтік әрекеті сол кездегі Саран қалалық бөлімі басшылығының назарынан тыс қалған жоқ. Сауатты жүргізілген жедел-іздестіру шаралары үшін ол бірнеше рет марапатталды. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қиын-қыстау кезеңде, Қарағанды облысында қалыптасқан күрделі жедел жағдайға қарамастан, Б.Ө.Сейтхожин секілді ішкі істер органдары қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында қылмыс толқыны тежеліп, ішкі істер органдарының беделі артты. Біз бұл детальды оның бітім-болмысын, кәсіби тұлғасын ашу үшін келтірдік…
Ол үлкен әулеттің ұрпағы. Бұл әулеттің бас көтерер азаматы күштік құрылымында қызмет атқарған. Сейітхожиндар өмірі қызмет дәстүріне адалдықтың өлшеміндей көрінеді маған. Жақсының жақсылығын айту парыз дегенге жүгініп айтып отырмыз мұны.
«Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» дейді ойшыл Абай Құнанбайұлы. Болат Сейітхожин бойына осы үш қасиет – тегінен, білімінен, ортасынан дарыған.
Сонымен әулеттің шежіресіне үңіліп көрелік.
Сейтхожиндердің сақшылық сақшылық династиясы
Әкесі – Сейтхожин Өміржан Төлегенұлы (01.01.1925-11.04.1989 жж.) Ұлы Отан соғысына қатысқан, 1945-1946 жж. Маньчжурияда соғысқан, әскерден босағаннан кейін Саран қаласына келіп, бүкіл еңбек жолын Саран қалалық ішкі істер бөлімінде өткізген, алғашында қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі, кейін Саран қалалық ішкі істер бөлімінің кезекші жедел уәкілі болған (милиция капитаны).
Анасы – Сейтхожина Зинаида Досқызы (01.10.1925 — 23.12.1994 жж.) бүкіл еңбек жолын Саран қаласындағы №4 орта мектепте қазақ тілі мұғалімі болып жұмыс істеген.
Света Сейтхожина (05.06.1952 ж.) – үлкен әпкесі, алғашында Саран қалалық ІІБ-нің төлқұжат үстелінде жұмыс істеген, кейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Алматы қалалық Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде қызмет атқарған.
Жанат Сейтхожин (04.01.1956 ж.) – үлкен ағасы, орта мектепті бітіргеннен кейін үш жыл Владивостокта Қызыл Тулы Тынық мұхит флотында атом сүңгуір қайықтары дивизиясында Тынық және Үнді мұхитында қызмет еткен. КСРО ІІМ Алматы арнайы орта милиция мектебінің (ААММ) күндізгі бөлімін бітіргеннен кейін Саран және Абай қалалық ІІБ-де учаскелік инспектор болып жұмыс істеген, кейін КСРО ІІМ Ленинград жоғары саяси училищесіне оқуға жіберілген, оны бітірген соң Қарағанды облыстық Салық полициясының Бас басқармасында, кейін ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес Агенттігінде, одан кейін Астана қаласындағы Қаржы полициясы Академиясында қызмет еткен. Құрметті демалыста Астана қаласының қаржы полициясы, мемлекеттік кірістер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлер Кеңесін басқарған. Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Республикалық ардагерлер кеңесі Президиумының құрамында (қаржы полициясының полковнигі).
Қанат Сейтхожин (04.01.1956 ж.-16.04.2024 ж.) – үлкен ағасы, орта мектепті бітіргеннен кейін үш жыл Владивостокта Қызыл Тулы Тынық мұхит флотында атом сүңгуір қайықтары дивизиясында Тынық және Үнді мұхитында қызмет еткен. КСРО ІІМ Алматы арнайы орта милиция мектебінің күндізгі бөлімін бітіргеннен кейін Ленин аудандық ІІБ-де, Қарағанды қалалық ІІБ-де және Қарағанды облыстық ІІБ-де учаскелік инспектор болып жұмыс істеген. Кейін Қаскелең АІІБ-де, сондай-ақ Алматы облыстық ІІБ-нің көші-қон полициясында қызмет еткен. Құрметті демалыста ҚР ІІМ «Ақпараттық-өндірістік орталық» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы филиалында азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарды шығару бойынша жұмыс істеген (полиция полковнигі).
Марат Сейтхожин (26.09.1957 ж.) – үлкен ағасы, Қарағанды индустриалды-педагогикалық техникумын бітіргеннен кейін Қызылорда облысы Байқоңырда әскерде қызмет еткен, кейін Қарағанды қалалық ІІБ-нің күзеттен тыс күзет бөлімінде жұмыс істеген, Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін сырттай бітірген, кейін Қарағанды облыстық ІІБ Жол полициясы басқармасында қызмет еткен. Құрметті демалыста Қарағанды қаласындағы жүргізушілерді даярлайтын авто мектепті басқарған (полиция майоры).
Ал біздің басты кейіпкеріміз Болат Сейтхожин (28.04.1960 ж.) – отбасындағы ең кенжесі. Ол Абай тау-кен техникумындағы оқуын тәмәмдағанан кейін (1977-1981), Сочи қаласында әскерде қызмет еткен (1981-1983), Саран қалалық ІІБ-нің күзеттен тыс күзет бөлімінде жұмыс істейді де (1984-1985), одан кейін КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінде күндізгі бөлімде оқыған (1985-1989), кейін Саран қалалық ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі болған (1989-1994), кейін ұстаздық ету жолын таңдап, Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің (қазіргі Қарағанды академиясы) Қылмыстық құқық және криминология кафедрасында сабақ берген (1994-2010). Құрметті демалыста Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің Экономикалық және құқықтық зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері және Жалпы заң және арнайы пәндер кафедрасының оқытушысы (0,5 ставка) (2010-2023), кейін Ж.К.Бөкенов атындағы Қарағанды Банк колледжінің Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы болған (2023-2025). Қазіргі уақытта «Лачин дәлізі Таулы Қарабақ» жауынгерлік іс-қимыл ардагерлерінің Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрамында (отставкадағы полиция полковнигі).
Болаттың қызы Оңғарова Гүлжан (13.05.1989 ж.) – Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясын қызыл дипломмен күндізгі бөлімде бітірген (2010), кейін Астана қаласында біліктілікті арттыру курстарында криминалистика пәнінің оқытушысы болып жұмыс істеген, академияның күндізгі докторантурасын бітірген, 2026 жылғы 31 наурызда Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясында докторлық диссертациясын қорғаған, философия докторы (PhD). Қазіргі уақытта аталған академияның Қылмыстық құқық және криминология кафедрасының доценті (полиция подполковнигі).
Болат Өміржанұлы Сейтхожин кейінгі ұрпақтың рухани һәм кәсіби ламуына үлес қосатын 230-дай ғылыми мақаланың, оқулықтардың, оқу құралдардың, монографиялардың авторы. Оның есімі өзінің тұстас, қатарластарымен қатар аталып, жас білімгерлердің жадында үнемі жаңғырып тұрарына сенгім келеді. Өйткені, кешесіз бүгін жоқ. Ал бүгіннің іргетасын бекем еткеннің арасында менің досым, полиция ардагері Болат Сейтхожин бар.
Елеужан СЕРІМОВ,
заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор,
ҚР Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты»
«Лингвистика және құқықтық терминология» орталығының басшысы
