«Әділ сөз» – рухани мұраның жаңа ордасы

Қарағанды өңірінің мәдени өмірінде мәні зор игі бастама жүзеге асты. Майдангер-қаламгер, соғыс құрбаны болған жерлесіміз Сансызбай Айтмұханұлының есімін ұлықтап, рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында Облыстық бейнелеу өнері музейінде «Әділ сөз» әдеби-өнер орталығының ашылу салтанаты өтті.

Тағылымды шараға ардагер ұстаздар, журналистер, қаламгерлер, қоғам және өнер өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының өкілі Жанат Жаңқашұлы, әдебиетші-ғалым, өнер жанашыры Айтбай Жұмағұл, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Шалабаева, сондай-ақ облыстық Қазақ тілі мен мәдениеті қоғамының өкілдері арнайы келіп, игі бастамаға қолдау білдірді.

Салтанатты кеште қоғам белсендісі, ардагер ұстаз Серік Мұстафин Сансызбай Айтмұханұлының өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен мәлімет беріп, құнды естеліктерді ортаға салды. Кеш бойы әдебиет пен ұлттық өнердің өзара сабақтастығына айрықша мән берілді. Домбыраның күмбірлеген үні кеңістікті тербеп, дәстүрлі ән мен күй рухани кештің мазмұнын тереңдете түсті. Жас қаламгер Ақбота Дәулетбай өз шығармашылығын таныстырса, журналист, аудармашы, актерлік шеберлік оқытушысы Дидар Ахметова балаларға арналған шығармаларымен таныстырып, оқырман мен әдебиеттің арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған еңбектерін ортаға салды. Ұлттық қолөнер де назардан тыс қалмай, өнер шебері Жанат Сағымбаева өз туындыларын таныстырды.

«Әділ сөз» орталығының басты мақсаты – әдебиет пен өнерді насихаттау, жас таланттарға қолдау көрсету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Бұл бастама бір күндік шарамен шектелмей, болашақта шығармашылыққа ұмтылған жастардың басын қосатын рухани ортаға айналмақ.

Кеш соңында арнайы шақырылған қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Жиынға қатысушылар Сансызбай Айтмұханұлының есімін ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, кейінгі буынға өнеге екенін атап өтті. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Сансызбай Айтмұханұлының есімімен ашылған «Әділ сөз» орталығы қалам мен өнерді қадірлеген жас ұрпақтың шығармашылық мекеніне айналсын.

Жұпар ЖАҚАН,

«Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» 

қоғамдық бірлестігінің мүшесі, тіл жанашыры