Алтын күздің алғашқы күнiмен қатар келетiн 1 қазан – Халықаралық қарттар күнi – ел ағалары мен ақ жаулықты аналарға құрмет көрсететiн тағылымды мереке. Осы айтулы датаға орай Ақадыр кентi әкiмдiгi мен Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелiк әдеби-сазды кеш өттi.
Тағылымы мол шараға елді мекендегі 75 жастан асқан ақ сақалды қариялар мен ақ жаулықты аналар арнайы шақырылды. Жалпы, кентiмiзде кейiнгi толқынға жол көрсетiп, төрiмiзде батасын берiп отырған мұндай ардақты қариялардың саны 250-ге жуықтайды.
Мерекелiк кештiң шымылдығын Шет ауданы әкiмiнiң орынбасары Д.Қ.Кәрсембаев құттықтау сөзбен ашты. Өз сөзiнде ол қариялардың қоғамдағы орны ерекше екенiн, олардың өмiрлiк тәжiрибесi мен даналығы жастар үшін сарқылмас қазына саналатынын атап өттi. Аудан басшылығы атынан аға ұрпақ өкiлдерiне саулық, ұзақ өмiр мен отбасы берекесiн тiледi. Одан кейiн сөз алған кенттегi Иса молла атындағы мұсылмандар мешiтiнiң бас имамы Нұржан қажы Қалмағанбетов салиқалы уағыз айтып, ата-анаға, үлкенге құрмет көрсетудің дініміз бен дәстүріміздегі орнын тереңнен толғап, жиналған қауымға жылы лебiзiн арнады.
Мерекелiк концерт жоғары деңгейде өттi. Сахна төрін кентiмiздiң мақтаныштары – «Замандастар» эстрадалық ансамблi, «Бақыт мекенi» ансамблi мен дуэтi, «Самғау» дуэтi және жекелеген өнерпаздар сәндедi.
Кештiң ерекше сый-тартуы ретiнде Алматы қаласынан арнайы келген өнер жұлдыздарының өнер көрсетуiн айтуға болады. Мәдениет саласының үздiктерi, Н.Тiлендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрiнiң солистерi Абай Қойшыбаев пен Айдын Жүнiсов қазақ күйлерін орындауда шеберлiгiн көрсетсе, Алматы консерваториясының түлектерi, ҚР Халық әртiсi Айгүл Қосанованың шәкірттерi, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Маржан Әптербек пен Сабира Садиркожаева ән мен терменi құйқылжыта шырқап, көрермен ризашылығына бөлендi.
Сонымен қатар, ауданымыздың iшкi саясат, мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң басшысы Асхат Ахметов те сахнаға шығып, қос әндi жоғары деңгейде орындап, өзiнiң сегiз қырлы, бір сырлы дарынды өнерпаз екенiн ел алдына паш етті.
Кеш барысында тек ән мен күй төгiлiп қана қоймай, көрермендер арасында қызықты ойындар ұйымдастырылды. Залда отырған ардагерлер вальс королi Шәмшi Қалдаяқовтың әндерiнен келтiрiлген үзiндiлердi мүдiрмей тауып, әрi қарай қосыла шырқап, өткен күннiң ыстық естелiктерiн жаңартты. Әртүрлi номинациялар бойынша ойындар ойнатылып, жеңiмпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңында кешке келген әрбiр қария мен ақ жаулықты анаға кент әкiмдiгi дайындаған арнайы мерекелiк сыйлықтар табыс етiлдi. Ізгілікке толы кештен рухани азық алған қариялар ұйымдастырушыларға ақ батасын берiп, шынайы ризашылықпен тарқасты.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
