Қойлыбайдың қобызы

Оның кейіпкері – дала. Ана тілінде тіл қататын. Қазақтың болмысын айшықтайтын бірден-бір дүние. Аңсайды, сағынады. Өрлік пен өжеттіліктің айқын бейнесін байқатқан өлеңдердің қуаты еш сарқылмақ емес. Арқаның арқалы ақыны Қойлыбай Асанның «Қойлыбайдың қобызы» атты жаңа жыр кітабын оқып отырып, осындай пайымға келдік. Атаулы мерейтой жақында С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында аталып өтті. Қазақтың игі жақсылары мен жайсаңдары жиналды шығармашылық кешке.

Қазақтың адуынды ақыны Серік Ақсұңқарұлы: «Қойлыбай Асан ердің жасы елуге келді дегенге сенер-сенбесімді біле алмай отырмын. Бүгін өзімнің де қартаң тартқанымды сезінгендеймін. Оның бойында елім деп еміренетін махаббат сезімі, жақсы мен жаманды айыратын ақыл-ой, бекзатқа ғана тән тектілік жетіп артылады. «Қойшының ұлы Қойлыбай» деген өлеңімді сексенінші жылдары жазған екем. Ол кезде Қойлыбай – жиырма үш-жиырма бестегі жігіт. Елуге келсе де, сондағы образынан әлі айнымаған, – дей келе:

– Қойлыбай даусын көкке созбайды көп,

Қайғысын қай-қайдағы қозғайды кеп.

Қазақтың қалың қойы маңыраса,

Қосылып сонымен бір боздайды кеп.

«Додада жұрттан неге озбайды?» – деп,

Е, ел айта берсін…» – деп арнауын оқығаны ел есінде қалды. Сол бір айшықты кештен кейін қолымызға осы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Қойлыбайдың қобызы» атты кітабы түскен еді. Әсерімізбен бөліскенді жөн көрдік.

«Қойлыбайдың қобызы» не деп сарнап тұр? Ол қандай күй шертеді? Тыңдап көрейік…

«Мен туғанда жапан дала, жалғыз үй,

Қоңыр белден естіліпті зарлы күй…

Бұл мекенде ғұмыр кешкен деседі

Небір батыр, сөзге шешен арлы би», – деп жырлаған екен ақын. Тағы бір жолында:

«Бақыт деген – пенделердің күлкісі,

Өмір деген – адамзаттың өксігі…» – деген пайымға келеді. «Бақилық сарын» (пессимизм) мен «Фәнилік түйсік» (оптимизм) арқылы мұң мен қуаныштың мәңгілік айқасына ұласқан өмір жайлы да күй шертеді. Ақын өлең жазбайды, күй шертеді.

Рухтың өлмейтіндігін ақын мына екі жолмен ғана дәлелдеп отыр:

«Ақын біткен аспанға ұшып кетіп,

Демеңіздер жердегі сөнеді үміт». Бітті.

Әрі қарай: «Пешене. Тағдыр. Жазу. Өмір… Әуелі Пешене жазылған, ол Жазу шимай-шатпақ болса, «Тағдырдың тәлкегі» деседі жұрт. Ең соңынан Өмір өтеді де кетеді. Өмір өткенімен, салмағы – санаңа енші. «Үміт ең соңынан жер құшады» дейді туысқан ел. Ең алғашқы Пешене мен ең соңғы Үміттің арасының бәрі Өмір ме сонда?! Тағдырдың Жазуы ше?..» – деп күңіренеді ақын. Сауал тастайды Жалғанға.

Сатирик, марқұм Мартбек Тоқмырзаға арнаған өлеңі де әсерлі. Атауы – «Шыдамдылық».

«Осқылайды санамды күмән-күдік,

Ғайып болды қалайша қыран қылық?!

Тасқа біткен шынардай ширатылған

Басталады өзіңнен шыдамдылық…» – деп басу айтады.

Жүз том кітап жазғандар бар. Бірі де тарихта қалмаған. Бір том кітаппен халықтың жадында, әдебиеттің төрінде қалғандар тағы бар. Мәселе мөлшер мен ақынның атағында емес қой. Және ақынның барлық өлеңі мықты болуы да – мүмкін емес жағдай. Қасым айтпақшы, «Ақынның жаман өлеңдерін жақсы өлеңдері сүйрейді». Бір өлеңмен тарихта қалудың өзі де қандай бақ десеңізші.

Ақынның:

«Жүз өлең жазып жабырқап қалған жүректен,

Бір өлеңіммен бақытты болсам, сол артық!» – деуі осы ойға сыятын секілді.

«Дала демократиясы» атты балладасы – тәуелсіз қазақтың тәуелсіз ойы. Қажыбай – өршіл қазақтың образы. Ешкімге жалтақтамайды, тікшіл, турашыл.

«Қырт» дейтін бәрін Қажекең, қамшысын шолақ қайырып,

Ақ пенен қара дүниені саралап, өзі айырып.

Зерігіп, әлде желігіп Қажекең ұзақ сөйлейтін,

Қапталдас өріп қос отар жатушы ед марғау жайылып.

 

Жаһанда, елсіз жапанда Қажекең ерен еңселі,

Қой торы атқа қонжиған, ұмытып қортық еңсені.

Кіжініп шалың боқтайды партком мен райком – бәрін де,

Заманға мынау өкпелі, оған мол уәж-өлшемі.

 

Бала едім.

Бірақ, дегенмен Қажыбай шалға сенбеймін,

Партком мен райком…

О, тоба! Кім келер оған тең деймін.

Жасаңдау жасық даусымен артықтау кеткен қарт сөзін

Өзімше сәл-пәл сабырмен жұмсартқан болып өңдеймін», – дей келе, арада жылдар өтіп, заман өзгергеннен кейін:

«Дүбірлеп тұлпар тұяғы,

Оянды ұлтым зиялы.

Айналды бүгін шындыққа

Қажыбай шалдың қиялы», – деп тәмамдайды. Қажыбайдың қиялы ақиқатқа айналғаны ақиқат қой. Тәуелсіздікке жасалған тарту емей немене? Солай…

Ерболат ҚУАТБЕК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *