Жас бишілер шеруі

Өнер – адам жанына әсемдік сыйлап, жүрекке қуаныш ұялататын құдіретті күш. Ал би өнері – әуен мен ырғақты үйлестіріп, адамның ішкі сезімі мен көңіл күйін қимыл арқылы жеткізетін ерекше өнер түрі. Осы бір әсем өнердің өрісін кеңейтіп, жас таланттардың талабын ұштау мақсатында Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен «Би әлемі» атты жас бишілер байқауы өткізілді.

Өнер додасының басты мақсаты – өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту, би өнеріне деген қызығушылығын арттыру, дарынды балаларды анықтап, олардың сахнадағы шеберлігін шыңдау.

Байқауға әртүрлі жас санатындағы жеке орындаушылар мен би ұжымдары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Әрбір қатысушы сахнаға ерекше дайындықпен шығып, әуен ырғағымен үйлескен әсем қимылдарын, тың қойылымдары мен орындаушылық шеберліктерін көрсете білді. Жас бишілердің өнеріне тәнті болған көрермендер де әрбір өнерпазды ыстық ықыласпен қолдап, қошемет көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен бишілер мен би ұжымдары жүлделі орындарға ие болды.

Атап айтқанда, 8-11 жас аралығындағы жеке орындаушылар арасында Ә.Ермеков атындағы тірек мектебінің оқушысы Кеңшілік Гауһар І-орынға лайық деп танылды.

Ал 12-15 жас аралығындағы би топтары арасында Жарық кентінен келген «Әй-Керім» би тобы жеңіс тұғырынан көрінді.

Сондай-ақ 12-15 жас аралығындағы жеке орындаушылар арасында Мансурқызы Эльнура үздік өнер көрсетіп, І орынды иеленді.

Бұл байқау – жас өнерпаздардың өз қабілетін танытып қана қоймай, сахна мәдениетін меңгеріп, шығармашылық ізденіске қанат қаққан тағылымды өнер алаңы болды. Әрбір бидің артында тынымсыз дайындық, ізденіс пен ұстаз еңбегі жатқанын ескерсек, мұндай байқаулардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор.

Өнер додасына қатысқан барлық жас бишілерге алғыс білдіре отырып, жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Жас таланттардың қанаты талмасын, өнер жолындағы қадамдары нық болсын дейміз. Әрдайым сахна төрінен көрініп, биік белестерді бағындыра берсін деген тілегімізді білдіреміз.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті