Республика рухы – студенттер сайысында

Елін сүю, туған жерін құрметтеу, мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілікті арттыру – өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта 2026 жылдың қазан айында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ, «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі, профессор Қ.С.Қалыбекова, профессор Қ.М.Хамзина, аға оқытушылары Г.Қ.Сағатова, Л.М. Күлейменова, Қ.Қ.Нұржанова, М.Т.Оспанғалиева, оқытушы  М.С.Амангельдиналардың ұйымдастыруымен жоғары оқу орындары арасында «ҚЫРАН ЕЛІМ – ҚАЗАҚСТАН!» тақырыбында онлайн республикалық мәнерлеп оқу сайысы өтті.

Сайыстың басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне деген құрметін арттыру, көркем сөз оқу шеберлігін дамыту және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.

Республикалық деңгейде өткен байқауға қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытып, Отанға деген ыстық ықыласын көркем сөз арқылы жеткізді. Олар Қазақстанның кең байтақ даласын, туған жердің қадір-қасиетін, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің маңызын жырлаған шығармаларды нақышына келтіре оқыды.

Әр қатысушының орындауынан туған елге деген сүйіспеншілік, ұлттық құндылықтарға деген құрмет пен патриоттық рух айқын сезілді. Мәнерлеп оқу барысында студенттердің дауыс ырғағы, сөзді анық жеткізуі, сахналық мәдениеті мен шығарманы сезіммен жеткізе білу қабілеттері көрініс тапты.

Онлайн форматта ұйымдастырылған сайыс қатысушыларға өз өнерлерін кең көлемде көрсетуге мүмкіндік беріп, әр өңірдегі студенттердің басын қосты. Мұндай байқаулар жас ұрпақтың бойындағы талантты шыңдап қана қоймай, олардың елжандылық қасиеттерін нығайтуға да зор үлес қосады.

«Қыран елім – Қазақстан!» деген ұранның өзі әрбір студенттің туған еліне деген мақтанышын білдіреді. Өйткені Отанды сүю – туған жердің тарихын білу, тілін құрметтеу, елінің болашағына жауапкершілікпен қарау.

Республикалық онлайн мәнерлеп оқу сайысы қатысушылар үшін рухани тәрбие мен шығармашылық ізденістің жарқын алаңына айналды. Байқауға қатысқан барлық студенттерге алғыс білдіріп, алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, білімді де өнерлі, отансүйгіш азамат болып өсе беруіне тілектестік білдіреміз.

Көк туымыз әрдайым биікте желбіресін!

Жасай бер, Қазақстан!

Қарлығаш НҰРЖАНОВА