АДАЛДЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН АЗАМАТ

          Елге қызмет ету – абыройлы міндет, ал сол сенімді ақтап, халықтың мүддесі жолында ұзақ жылдар еңбек ету – азаматтықтың биік өлшемі. Өмір жолын мемлекеттік қызметпен сабақтастырып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосқан, бірнеше ауданның тізгінін ұстап, Қарағанды қаласы мен облыс әкімдерінің орынбасары қызметтерін атқарған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты Рысқали Қалиақбарұлы Абдикеровтың еңбек жолы – елдік мүддеге адал қызмет етудің өнегелі үлгісі.

Рысқали Қалиақбарұлымен 1981 жылдың қоңыр күзінде таныстым. Ол тұста мен Ақадыр аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқаратынмын. Күндердің бір күні бөлімімізде нұсқаушының орны босап, кейінге қалдыруға болмайтын жауапты іске лайық маман іздестіре бастадық. Сондай сәттердің бірінде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сайлау Смағұлұлы Қарабеков мені кабинетіне шақырды. Кіріп келсем, қарсы алдында жас жігіт отыр екен. Басшымыз: «Танысып қой, аты-жөні – Рысқали. Босаға орта мектебінің мұғалімі екен, осы азаматты бөліміңе нұсқаушы етіп аламыз», – деді. Осылайша, Рысқали Қалиақбарұлымен бірге өрілген еңбек жолымыз бен қызметтік әріптестігіміз басталды да кетті.

Уақыт өте келе жас маманның бойындағы жағымды қасиеттер айқын байқала бастады. Оның жүріс-тұрысы жинақы, ширақ, тапсырылған кез келген іске тыңғылықты, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болып шықты. Әсіресе, өз ана тілінде көсіле сөйлейтін шешендігі тәнті етті. Ол кезде негізгі іс-қағаздары орыс тілінде дайындалатын. Десе де, қой шаруашылығымен айналысатын кеңшарларда құжаттар қазақ тілінде жүргізілетіндіктен, Рысқалидай ана тіліне жүйрік маманның ұжымға келуі жүгімізді едәуір жеңілдетті. Өйткені арамызда орыс мектебін аяқтағандар көп еді, ал мен тіпті орыс тілі мен әдебиеті пәнінің маманы болатынмын.

Сол кезеңдегі аппаратымыздың құрамы да ерекше еді: бірінші хатшымыз – Қарабеков Сайлау Смағұлұлы, екінші хатшымыз – Алейник Виктор Митрофанович, хатшымыз – Құлжанбекова Алма Есілханқызы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі – мен, бөлім нұсқаушысы – Әбдікеров Рысқали Қалиақбарұлы, ал сектор меңгерушісі – Қаспақова Сәкен Абланқызы болды.

Осындай қалыптасқан ұжыммен тап-тұйнақтай екі жарым жыл иық тіресе қызмет атқардық. Адам айналымы, ауыс-түйісі жиі болатын жастар мекемесінде осылай ұзақ уақыт бірге еңбек ету тағдырдың бізге жазған үлкен сыйы еді. Жұмысымыз да өрге басып, облыстық, республикалық, тіпті Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының (БЛҚЖО) ауыспалы Қызыл туын қолдан бермей, дараланып отырдық. Ақадыр аудандық комсомол комитеті қашан да көш басында, алдыңғы шепте жүрді.

Жастар арасында жүргізген тыңғылықты жұмыстарымыз бәріміз үшін де үлкен өмірлік мектепке айналды. Мол тәжірибе жинап, азамат болып қалыптасуымызға, білікті мемлекеттік қызметкер ретінде шыңдалуымызға сол уақыттағы бірінші басшымыз Сайлау Смағұлұлының қосқан үлесі мен тәлімі ұшан-теңіз болды.

Рысқали Қалиақбарұлымен тек қызмет бабында ғана емес, өмірде де сыйласып, сырлас дос бола білдік. Әсіресе, демалыс күндері қол тиісімен аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықтағы бұрынғы «Ақадыр» кеңшарына – Сарыши ауылына тартып отыратынбыз. Ондағы мақсатымыз – марқұм Қалиақбар ақсақал мен аяулы анамыз Нұраның хал-жағдайын біліп, сәлем беріп қайту еді.

Үйге табанымыз тиген сәттен бастап анамыз жадырап шығып қарсы алатын. Алдымызға жылы-жұмсағын жайып, ыстық күрең шаймен сусындатып, біздің барғанымызды үлкен мерекедей қабылдайтын. Балаша қуанып, құшақ жая қарсы алатын мейірбан көңілдері әлі көз алдымда. Ол кезде Ақсарылы ауылдық кеңесінің хатшысы қызметін атқарған Қалекең де барып қалғанымызда өмірдің ащы-тұщысын айырып беріп, тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтудан жалықпаушы еді. Рысекең де ата-анасын ерекше пір тұтып, зор құрметін көрсетіп жүрді. Бүгінгі таңда ол қадірлі жандар бақилық болып, арамызда жоқ болса да, Рысқали баласы қолы қалт еткен сәтте ата-ана аруағын ұлықтап, басына барып Құран бағыштауды бір сәт те ұмытқан емес.

Уақыт көші зымырап өте берді. 1984 жылы Рысқали Қалиақбарұлы облыстық комсомол комитетінің аппаратына қызметке ауысты. Артынша әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп қайтты. Кейіннен Жезді аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

Әлі есімде, бір жолы Жезқазған қаласында оқуда жүрген кезім еді. Рысқали Қалиақбарұлы Жезді кентінен арнайы іздеп келіп, қонақ үйінен тауып алды да, қоярда-қоймай өзімен бірге алып кетті. Жылдың ең бір ми қайнатар ыстық кезі, шілденің қақ ортасы болатын. Сол жолы өмірлік жары Әсет екеуі мені ерекше ықыласпен күтіп, қонақ қылды.

Ертеңіне аты әлемге әйгілі Қарсақпай кенішіне сапар шектік. Тарихи орынның көне саябағын аралап, мұражайын тамашаладық. Сол өңірдің кеңпейіл, жаны жайсаң, ақ көңіл азаматтарымен таныстырып, өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстырғаны әлі күнге дейін жүректе сақталған жылы естелік.

1990 жылдың қыркүйек айында мен Жезқазған облыстық партия комитетінің жолдамасымен Алматы қаласының Жоғарғы партия мектебіне оқуға түстім. Оқу мерзімі екі жыл. Рысқали Қалиақбарұлы менен бір жыл бұрын түсіп, оқып жатқан кезі. Тағдырдың жазуымен тағы бірге болдық. Бірақ, бұл жолы партия мектебінің тыңдаушысымыз. Жаңаарқалық, кейінгі жылдары Шет ауданының әкімі болған, сыныптасым Жандәулетов Марат Жандәулетұлымен бәріміз бірге оқыдық. Екі жыл бойы сол уақыттағы еліміздің астанасы Алматы қаласында мемлекеттік қызметтің теориясын, басқару жүйесін меңгердік.

1991 жылы Рысқали Қалиақбарұлы Ақадыр аудандық

әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Идеология және әлеуметтік салаларына жауапты болды. Мен ол уақытта мемлекеттік мүлікті басқару және жекешелендіру саласында қызмет атқарып жүрдім. Отыздан жаңа ғана асқан жас басшы үшін бүл жылдар нағыз іскерлігін көрсететін шақ еді. Ауданымыз сол уақыттағы Жезқазған облысы бойынша ең ірісі. 47 мың халқы, 17 ауыл, кенті бар болатын. Аудан орталығы — Ақадырдың өзінде 15 мың халық тұрды. Өндірісі, ауыл шаруашылығы дамыған. Ақшатау, Ақжал, Жоғарғы Қайрақты, Жамбыл кеніштерінің гүрілдеп тұрған дәуірі. Солтүстік пен оңтүстікті жалғастырған күре тамыр — темір жол саласы тағы бар. 10 кеңшарда мыңдаған мал. Біреуі мал бордақылап мемлекетке ет тапсырса, бір шаруашылықтар сүт өндіреді, енді біреулері астық өсіріп жинайды.

Әрине, аудан үлкен болған соң қиыншылықтары да, шешімін таба

алмай жатқан әлеуметтік мәселелері де көп болады. Осы тұрғыда аудан басшысының жас орынбасары аянбай еңбек етті. Қаншама білім саласында мектептер, интернаттар, балабақшалар, денсаулық сақтау саласында аудандық аурухана, учаскелік ауруханалар, фельдшерлік — акушерлік бекеттер, мәдениет саласында мәдениет үйлері, клубтар, кітапханалар, пошта қызметі, тағы басқа мекемелердің қызметін үйлестіру,  ұйымдастырушылық шараларын жүргізуді қажеттілік етеді. Ол уақытта ауданның басшылары, мамандары тек қана ауыл, кент елді мекендерінде ғана емес, кеңшар бөлімшелерінде, жазғы жайлауларында, станция, разъездерде, кеніш карьерлерінде медициналық және мәдени көмек көрсетіп, халықпен етене араласып, жеке адамдармен сұхбат жүргізіп, көркемөнерпаздардың концертін ұйымдастырып отыратын.  Осындай игі шаралардың басында Рысқали Қалиақбарұлы жүрді.

Жезқазған облысы бойынша Ақадыр кентінде ең алғашқылардың бірі болып мұсылман мешіті ашылды. Оған мұрындық болған әрине,  өзіміздің Рысекең. Осы кісінің ұсынысымен сол кездегі аудан басшысы Карепов Владимир Леонидович «Қайрақтытяжстрой» тресінің бас директоры Бондарев Николай Сергеевичпен өзара келісім жасап, теміржол иелігіндегі кинотеатр ғимаратын қайта жаңғырудан өткізді. Ойын – сауық орталығы болған нысан күрделі жөндеуден өткен соң, айбат діни нысаны болып шыға келді. Қайта бейімделген мешіттің ең алғашқы имамы болып, кейіннен он жыл бойы Қазақстан діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша бас имамы болған Бекқожин Өмірзақ қажы Қазкенұлы тағайындалған болатын.

1997 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Жезқазған облысымен қоса Ақадыр ауданы оңтайландыруға жатып жабылды да, Шет ауданының құрамына кірді. Рысқали Қалиақбарұлы іріленген аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.

Көп ұзамай ол Ақтоғай ауданының әкімі болды. Ол жақта да тыным таппай еңбек етті. Сол кезде мен Мемлекеттік мүлікті басқару және жекешелендіру жөнінде Қарағанды аумақтық комитетінде қызмет атқарып жүргенмін. Бір күні қабылдауыма Ақтоғай ауданынан жұмыс бабымен бір ақсақал келіп қалсын.

— Ақсақал, сіздерге аудан басшысы болып менің бір досым барып еді, ол кісі қалай, халыққа жағып жатыр ма? – деп сұрақ қойдым. Халыққа жағатынын әрине мен білемін. Ол кісі маған қарап:

— Аудан әкімі Абдикеровты сұрап жатырсың ба? Ол кісі туралы бір сөзбен ғана айтайын, ұйықтап жатқан халықты оятып жатыр – деп жауабын берді. Халық сыншы, дана ғой, бір-ақ сөзбен әкімдеріне баға бергені қандай керемет! Басшыға деген одан артық бағаның керегі не?

Рысқали Қалиақбарұлы кейіннен Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары, Осакаров, Ұлытау аудандарының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Екі мәрте Шет ауданының әкімі болды.

Шет ауданы Қарағанды облысындағы ірі аудандардың бірі. Екі аудан біріккен соң жерінің аумағы да, елді мекендердің саны да баршылық. Өнеркәсіп те, темір жол да, ауыл шаруашылығы да кең дамыған. Ақжал кенін «NOVA-Цинк», Бапы кенін «Bapy Mininq»  жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өндіреді. Ауданның бюджетіне салықтың басым бөлігін осы екі мекеме түсіреді. Темір жол бойында 3 мыңға жуық адам еңбек етсе, ауыл шаруашылық саласында 1 мыңнан астам шаруа қожалықтары мал өнімдерін шығарумен, астық басумен айналысады. Көп жылдар бойы басшылық тәжірибесін жинаған, мемлекеттік қызметте әбден ысылған Рысқали Қалиақбарұлына  көп қиындық туғызбайтыны белгілі. Күндіз-түні тыным таппай, өзінің табиғаттан берілген еңбекқорлығымен жұмысты ұршықша үйірді. Әсіресе, елді мекендердегі санитарлық тазалық, абаттандыру, көгалдандыру, көркейту шараларына қатты көңіл бөліп отырды. Білім алу, денсаулық сақтау, мәдениет пен өнер, әлеуметтік қорғау салаларының хал-ахуалына, нысандарының қазіргі заманға сай болуына, материалдық базасының нығаюуына көп көңіл бөлді.

Әсіресе, ауданның құрамындағы Ақадыр кентіне ерекше көңіл бөліп отырды десем артық айтқаным емес. Өйткені, ол кенттер арасында жалғыз ауданның ғана емес, облысымыздың ең ірі елді мекені. Тіпті аудан орталықтарымен салыстырғанда халық саны бойынша Ақадырдан ешкім оза алмайды. Он бір мыңнан астам халқы бар кентіміз тұрғындар саны жағынан облыстағы кейбір қалалардан да озық тұрғаны анық.

Аудан әкімі ретінде кентімізге айына бір рет, кейде екі рет келіп кеңейтілген аппарат отырысын өткізіп тұратын. Отырыстарда өзекті мәселелер қаралып, оған теміржол, бюджеттік мекемелердің басшылары, кәсіпкерлер қатыстырылады. Кент халқын 100 шақырым қашықтықта орналасқан аудан орталығына баруға әуре қылмай, тұрғындарды жеке мәселелерімен елді мекенімізде қабылдап, олардың өтініштерін, мұқтаж мәселелерін барынша шешуге тырысатын. Осы басталған үрдіс әлі күнге дейін кейінгі аудан әкімі тарапынан да сақталып келеді.

Рысекеңнің тағы бір үлкен қасиеті болды. Ол үлкендерді, ауыл ақсақалдарын сыйлау. Кентімізге келген сайын олармен жеке кездесу өткізіп, жалпы ауданымызда, елді мекенімізде жасалып жатқан іс – шаралар туралы хабардар ететін. Қариялардың ақыл-кеңесін, ұсыныстарын қабыл алатын. Кей кездері жай сапармен келгеннің өзінде екі-үш ауыл ақсақалдарының үйіне кіріп шығу оның әдеті болды. Әсіресе, ақын-жазушы, өнер адамдарын қатты сыйлады. Көрнекті прозаик, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кәріп Өмірді, марқұм болған, Қазақстан Республикасы және Моңғолия елінің Композиторлар одағының мүшесі, сазгер Тәукей Ысқақты әрдайым дәріптей білді. Кейін басқа жұмысқа ауысып кеткеннің өзінде маған телефон шалып, ақсақалдардың хал-жағдайын сұрап отыратын. Қандай көмек керек екенін сұрастырып, біліп отыр деп өтініш жасайтын.

Аудан орталығы мәртебесінен айрылған соң Ақадыр кентінде біршама көпқабатты үйлер иесіз қалып ауылдың келбетін бұзып тұрды. Олардың кейбіреулері облыс әкімінің бастамасымен қалпына келтірілсе, кейбір үйлер құлаған, құлдыраған қалпында қала берді. Осы жерде аудан әкімінің табандылығымен бір төртқабатты, бір үшқабатты үй қайта жөндеуден өтіп, бір екіқабатты 16 пәтерлік үй жаңадан салынды. Бір жағынан елді мекеннің келбеті орнына келіп жатса, екінші жағынан үйге мұқтаж болып жүрген кент тұрғындары жаңа пәтерге ие болып қуанышқа бөленіп жатты.

Көп жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе – ол қаңырап бос қалған 70 пәтерлік бесқабатты үй болды. Бойшаң үй елді мекеннің сұрқын бұзып тұрды. Оның үстіне үй алушылардың кезегінде 350-ден астам отбасылары тұрғаны тағы бар. Аудан әкімі қызметінен басқа жұмысқа ауысып кетсе де, Рысқали Қалиақбарұлы осы үй мәселесінің шешімін табуына көп күш салды. Кейін ол үй қайтадан жаңғырудан өтіп, үй кезегінде тұрған кент тұрғындарына тапсырылды.

2013 жылы Ақадыр кентін көктемгі су тасқыны алып бір сегіз пәтерлі үй мен бір жер үйі апаттық жағдайға ұшырап, адам тұруға жарамсыз болып қалды. Баспанасыз қалған тұрғындар үшін төтенше жағдай айдарымен мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлініп, жаңадан үйлер салынатын болды. Алайда, осы істі қолға алған құрылыс мекемесі жұмысын өте баяу жүргізіп келді. Әрі қарай шұғыл шаралар қолданылмаса үйсіз қалған адамдар келесі жылға дейін баспанасыз қалатын қаупі тұрды. Осындай экстремалды жағдайда Рысқали Қалиақбарұлы өз ісіне деген үлкен жауапкершілігін, бірінші басшы ретінде ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Өзі бастап, сол кездегі орынбасары Төлеуқұлов Бәкен Төлеуқұлұлымен бірге уақытпен санаспай күндіз-түні құрылыстың басы-қасында жүрді. Құрылыс шараларына кенттегі мекемелер, ауыл тұрғындары жұмылдырылды. Мердігерден тыс ондаған техника, адам күші, оның ішінде құрылыс мамандары тартылды. Сол игі шараны көргендер нағыз «майдан шебін» көргендей сезінді. Баспанасыз қалған пәтер иелері суыққа ұрынбай уақытымен жаңа үйге қоныстанды.

Іскер азаматтың кентімізге жасаған жақсылықтары аз емес. Үлкен елді мекен болған соң мәдениет саласы ақсаңдап жүрді. Аудан әкімінің шешімімен Мәдениет үйінің базасында Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығы құрылды. Өзінің керекті музыка мамандарының штат бірліктері, дербес есеп-шоты бар, материалдық базасы нығайған мекеме бүгіндері халыққа ізгілікті қызмет көрсетуде.

Елді мекендегі теміржолшылар саябағы мен ықшамауданындағы кіші сквер нақты иесіз болып, көріктендіру, гүлдендіру шаралары төмен болды. Осы тұрғыда  Осакаров ауданында аудан басшысы болып жүргенінде іске асырған шарасын бізге де қолданды. Саябақ пен кіші сквер ауданның коммуналдық меншігіне алынып, саябақтар әкімгерлігі құрылды. Штат бірліктері түгенделіп жаңа мекеме нысандарды көркейтуде, тал, гүл отырғызып өсіруде көп еңбек сіңіруде. Оларға кейіннен бюджеттен қаражат бөлініп қайта жаңғырудан өткен соғыс ардагерлерінің алаңы да қосылды. Бүгіндері аталған нысандар кент тұрғындарының демалыс уақыттарын өткізетін сүйікті жерлеріне айналды.

Мен ол кісінің еңбегін бір кенттің, оның жанындағы елді мекендердің мысалдарымен ғана айтып отырмын. Ал енді жалпы Шет ауданының, бұрындары басқарған Ақтоғай, Осакаров, Ұлытау аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуына қаншама еңбек жасады десеңізші!  Бір айтарым, сапарларда жүріп-тұрғанымда осы аудандардың қай азаматынан сұрап қалсам да ол кісі жайында тек жылы сөздер ғана естимін. Жасап кеткен игі істерін, жақсылықтарын тізбектеп айта бастайды.

Еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, бүкіл саналы өмірінде халық үшін аянбай тер төгіп, еңбек еткен Абдикеров Рысқали Қалиақбарұлының әлі де қоғамға, халқына берері, жасайтын жақсылықтары, пәрменді игі істері алда деп есептеймін. Басшылық қызметтерінде күрделі мәселелерді шешуде тез, әрі шапшаң, табиғатынан еңбекқор, іскер азаматтың әлі талай белестерді бағындыратынына сенімім мол.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Қазақстан Республикасы

Журналистер одағының мүшесі, Шет

ауданының Құрметті ардагері.