Жемқорлықты жеңудің жетпіс жетінші жолы

Байқауларға қазылық ететінім бар. Студенттер кейде оқушылар арасында. Мейлінше, әділ болуға тырысасың. Алайда, мұғалімдердің категория дегені бар екен де. Бәйгеге қосқан оқушысы бас жүлде алса, сенің жұмысыңа, мансабының көтерілуіне қосымша көмек береді. Осыдан соң түрлі «қоңыраулар» түседі. Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Тіпті, бір рет туған ауылымнан келген оқушы жүлдесіз қайтып, мені енді көрместей кеткен ұстазы. Біреуі: «Оқушым 11-сынып бітіреді. Енді бір жүлдеге іліктіріп жіберсеңіз» деді. Бұл кісі айтпаса да, оның таланты мен талабы келіп тұрса неге өткізбеске. Бірақ, жазған өлеңі нашар болған соң, ол да жүлдесіз кетті. Мен мында әлемдегі ең оңбаған, безбүйрек қазы болып қала бердім. Неге мұндай жағдай орын алды? Тарқатайық.

 

Трайбализм һәм құрдымға кеткен байлар мектебі

«Мұның бәрі неден басталды» деп ойладым осы оқиғалардан соң. Бір қарағанда, зиянсыз дүние көрінгенмен, мұның зардабы орасан. Оны мақаланың барысында келтіремін… Хош, трайбализм яғни рушылдық, байлар мектебінің жемқорлыққа не қатысы бар дейсіз ғой. Тікелей қатысы бар. Сыбайластықтың түбінде қазаққа салсақ, рушылдыққа тіреледі. «Көке», «аға», «таныс», «жерлес». Кете береді. Әлгі жерлес жоғарыда отырған «көкем» бар деп сенеді, мындағысы оның көңілің қимайды. Менталност. Ең жеккөрініштісі осы бір «болмыс». Қайдан келген? Түбіне үңілейік.

«Құрдымға кеткен байлар мектебі» деген не деп отырсыз ғой. Байлар – қазақ қоғамының негізгі қозғаушы күші, қорғанысы, идеяласы, текті топ болған. Мал-мүлікті тәркілеу, саяси қуғын-сүргін, тағы да басқасы оларды құрдымға жіберді. Одан қалған ұрпақтар психологиялық, моралдық бассыздыққа ұшырады. Ұлттың қаймағы бұзылды. Алашорда үкіметінің әр жағында сол байлар тұрғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Міне, Тәуелсіздік алғаннан кейін кейбір «тұлғалар» ашкөздікке, жемқорлыққа, халықтың қаржысын жымқыруға құмартты. Неге? Себебі, оның түбінде, тегінде ақшаға деген иммунитет жоқ. Оның ата-бабасы мұндай нәрсені көрмеген. Жемқорлық – жегі құрт. Сол жегі құрттар қоғамды ластады. Яғни, барлығы генге, тамырға байланысты. Ол бір мысал. Енді қазіргі жағдайға көшейік.

 

Тоқаевтың «Заң мен тәртібі» һәм өңірден — мегаполиске

Президенттің саясатын, өзгерістер мен реформаларының басым көпшілігін қолдаймын. Билікке деген жағымпаздық емес әрине. Өзім төртінші билік өкілімін. Одан әрі сыншымын. Барлығына сыни көзқараспен қараймын… Иә, не үшін қолдаймын? Аргумент жетерлік.

Қоғам арасында әрине «айыппұл өте көп, әр нәрсеге 15 тәулікке қамай берсе не болады» деген жансақ пікір бар. «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша өңірден – мегаполиске тұжырымдасы негізінде жұмыс істейді. Түсіндірейін. Кез келген қоғамда, мемлекетте даму үшін тамырдан, түпкі өңірден, алыс ауылдан бастау керек. Дамыту үшін. Жемқорлық, заң мен тәртіп те сол бойынша қарекет етеді. Жоғарыда айтқан кейбір ұстаздың әрекеті олар үшін «жәй бір келісім» көрінгенмен, Конституцияға өте қайшы нәрсе. Яғни, жемқорлықтың кішісі не үлкені жоқ. Барлығына заң бабы бірдей. Өткендегі «медициналық анықтаманы біреуге жасатуға болмайды» деген дүние де осыған келеді. Демек, кішігірім дүниелер арқылы халық арасында заң мәдениетін қалыптастырамыз. Мына «Таза Қазақстан» да соның бір нышаны. Бұл қайдан пайда болды?

 

«Сынған айна» теориясы

АҚШ-та «Сынған айна» теориясы деген өз жемісін берген дүние бар. Теория айтады: «Ұсақ қылмыстың алдын алмасаң, ол өрши түсіп ауыр қылмыстарға әкеп тірейді». Жемқорлықта да сондай. Әлгі ұстаздың әрекетін, басқа да ұсақ дүниелердің алдын алмасаң, трагедияға айналады. Өңірден – мегаполиске деген осы.

Теорияға оралайық. Ол қалай жұмыс істейді? Негізгі мысал мынадай: егер де сіз қаңырап қалған үйдің ескі терезесі сынып, оның орнына жаңасын қоймасаңыз адамдар қалған терезенің барлығын сындырып тастайды. Содан соң есігін құртып, үйді өртеп, тонап кетеді. Түсінікті ғой? Жәй ғана мысал, таза жерге ит ешқашан сарымайды. Ал жер лас болса, адамдар соған қоқыс тастап кете береді.

Президенттің «Заң мен тәртібі», «Таза Қазақстаны», жемқорлықпен күрес формуласы, мемлекеттік қызмет институтындағы негізгі қағидаттар барлығы осыған тіреледі. Мәдениет. Мәдениет демекші…

 

Жапония һәм ар-ождан

Жоғарыда алаштықтар жайлы айтқан соң, олар үлгі ретінде қараған, жемқорлығы өте төмен елдердің бірі Жапония мемлекеті еске түседі. Олар тіпті коррупция сөзіне деген анықтамасы да қызық. «Шірік» және «жеңіліс» деген екі сөзден тұрады. Сұмдық, ә?!

Егер де бір шенеунік парамен ұсталса, БАҚ-тағы айғай-шумен ғана тәмамдалмайды. Халық бас көтеріп, олардың қарсылығына ұласады. Бірақ, қазіргі қазақ қоғамына әлі де келмейді. Ол деген – бассыздық пен төбелес, басбұзарлық емес. Ойынды жеткіз. Болды.

Тақырыпшада келтіргендей жапон мен ар-ұят егіз ұғым. Бізде де әлімсақтан сондай еді негізі. Парамен ұсталу жапон шенеунігі үшін сотты болу былай тұрсын, абырой мен ұяттан өлумен тең. Тіпті ХХ ғасырда сот үкімін күтпей, отбасының абыройын қанмен жуған жағдайлар өте көп.

Тағы бір ұнаған әдісі – дотоку. Яғни, оқу бағдарламасының 4%-ы адамгершілік қасиеттерге негіздерге сабақты өткізеді екен. Міне, білім, отбасындағы тәрбие – түпкі тамыр.

 

Түйін

Қазақстан әлемдік тәжірибенің барлығын жасап жатыр. Бірінші орынды ешкімге бермейтін Дания мемлекетінің жасап отырғаны сол: ашықтық, бюрократиядан арылу, цифрлы мемлекет, заңның күшеюі. Ол бізде де бар. Бірақ неге жұмыс істемей жатыр? Мемлекет барынша барлық реформаны жасайды. Өзгеру – бізден. Болмыс. Менталитет. Ал жемқорлықты жеңудің жетпіс жетінші жолы – мәдениет, ішкі ар-ождан. Басқа ештеңе емес.

Ерболат ҚУАТБЕК