Қазақстандық онкологтар отандық биоматериалды қолдану арқылы сүт безін қалпына келтіру технологиясын енгізді.

Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында (ҰҒОО) сүт безін реконструкциялаудың жаңа әдісін қолдану бағдарламасы аяқталды. Бір жарым жыл ішінде хирургтер ісікті алып тастау операциясымен қатар 120-дан астам пациенттің сүт безін қалпына келтірді.
2026 жылғы шілдеде аталған материал медициналық бұйым ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл оны ғылыми жоба шеңберінен тыс клиникалық тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

Сүт безі обыры еліміздегі әйелдердің арасында ең көп таралған онкологиялық ауру болып қала береді. 2025 жылы 5 743 жаңа жағдай тіркелген. Ұлттық скринингтің арқасында ауру ерте кезеңдерде жиі анықтала бастады. Сонымен қатар өлімнің стандартталған көрсеткіші 100 мың әйелге шаққанда 16,6-дан 10,2 жағдайға дейін төмендеді.

Бүгінде дәрігерлердің басты міндеті – ауруды бақылауда ұстаумен қатар, пациенттердің өмір сапасын сақтау. Осы бағыттағы тиімді шешімдердің бірі – бір мезгілде реконструкция жасау. Бұл әдіс кезінде ісік алынып, сол операция барысында имплант көмегімен сүт безінің пішіні қалпына келтіріледі.

«Әйел адам үшін емнің қаншалықты сәтті өткені ғана емес, операциядан кейін өзін қалай сезінетіні де маңызды. Бір мезгілде реконструкция жасау ісікті алып тастау мен сүт безін қалпына келтіруді бір хирургиялық араласу аясында орындауға мүмкіндік береді. Бұл – пациентке көрсетілетін кешенді көмектің маңызды бөлігі», – дейді ҰҒОО тері және жұмсақ тіндер ісіктері, реконструктивті хирургия секторының аға ординаторы Бауыржан Әнапия.

Имплантты сенімді бекіту және тіндерге қажетті қолдау көрсету үшін әлемдік тәжірибеде арнайы торлар мен биологиялық матрицалар қолданылады. Алайда олардың импорттық баламалары қымбатқа түседі. Мұндай операциялардың қолжетімділігін арттыру мақсатында ҰҒОО мамандары реконструктивті хирургияға бейімделген отандық коллагенді қаңқаны – жануар текті ацеллюлярлы ксеногендік X-Graft матриксін қолдануды қолға алды. Оны қазақстандық X-Matrix компаниясы өндіреді.

Бұған дейін аталған материал негізінен күйік пен жараларды емдеуде қолданылып келген. Ал пластикалық операцияларда пайдалану үшін мамандар Қазақстан Республикасының №11199 пайдалы модель патентімен қорғалған өзіндік әдістемесін әзірледі.

«Біздің мақсатымыз импорттық материалды отандық өніммен жай ғана алмастыру емес еді. Оны нақты хирургиялық міндетке бейімдеу, яғни имплантқа қажетті тірек қалыптастырып, тіндердің қалпына келуіне жағдай жасау қажет болды. Осы мақсатта оны қолданудың өзіндік әдістемесін әзірлеп, тәжірибеге енгіздік», – дейді хирург.

Бағдарлама барысында мамандар отандық матриксті пайдалана отырып, 120-дан астам сәтті бір мезгілдік реконструкциялық операция жасады. Олардың нәтижелері халықаралық тәжірибемен салыстырылды. 2026 жылғы шілдеде медициналық бұйым ресми тіркеу куәлігін алды. Бұл озық технологияны еліміздің басқа медициналық ұйымдарының клиникалық тәжірибесіне енгізуге жол ашады.

«Біз маңызды кезеңнен өттік: отандық матрикс мемлекеттік тіркеуден өтті және енді клиникалық тәжірибеде қолданыла алады. Алайда жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта пациенттерді бақылауды жалғастырып, ұзақ мерзімді нәтижелер мен технологияның экономикалық тиімділігін бағалауымыз қажет. Болашақта мұндай реконструкциялық операциялар Астана қаласында ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі әйелдерге де қолжетімді болғанын қалаймыз», – деп атап өтті Бауыржан Әнапия.

 

https://www.instagram.com/p/Df6aKvXxX_k/?avpt=YjZtMjRiazRoMXdp