Үкімет маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының өсуіне жол бермеу үшін алдын ала шаралар қабылдады
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен көкөністер бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды.
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі үш апта қатарынан төмендеп келеді. Бағаның төмендеуі қарақұмық жармасы, пияз, күнбағыс майы, ұн және басқа да өнімдер бойынша байқалып отыр.
➤ Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының анағұрлым ауытқуына жол бермеу үшін Үкімет Өзбекстан және Тәжікстан жеткізушілерімен тікелей келісімшарт жасау мүмкіндіктерін алдын ала пысықтады. Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағыныстағы ұйымы – «QazTrade» АҚ өзбек және тәжік серіктестерімен тиісті шарттарға қол қойды.
Көкөністер Қазақстан нарығына «жасыл дәліз» арқылы және делдалдар мен алыпсатарларсыз тиімдірек бағамен жеткізілетін болады.
➤ 9 ӘКК-мен жалпы көлемі 4 мың тонна болатын импорттық көкөністерді, оның ішінде 2 060 тонна картоп пен 1 940 тонна пияз жеткізуге шарттар жасалды.