Қарағандылықтар «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясына белсенді қатысып жатыр. Өткен сенбіліктерде олар 5 мың тоннадан астам қоқыс жинады. Мереке күні, 7 мамырда 100-ден астам адам Бұқпа өзенінің аумағын тазартуға кірісті.
Қатысушылар қатарында экологиялық қозғалыстың еріктілері, қала жастары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар.
Олар бірлесіп өзен арнасының бір бөлігін тазалап, 300 қап қоқыс жинады.
– Бүгін Бұқпа өзенін тазарту бойынша үлкен жұмыс атқарылды, болашақта біз оны жалғастырамыз. Сондай-ақ, бір ай бойы жалғасатын «Таза Қазақстан» акциясы барысында 5000 тоннадан астам қоқыс жиналғанын атап өткім келеді. Сенбілікке қаланың 10 мыңға жуық тұрғыны қатысты, – деді Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Ринат Қаржасбаев.
Экологиялық еріктілер қозғалысының жетекшісі Рахат Райымбеков қарағандылықтарды су ресурстарына ұқыпты қарауға, өзендер мен су айдындарын ластамауға шақырды.
– Таза су – біздің ортақ байлығымыз, оны қорғау қажет, – дейді Рахат Райымбеков. – Өзендер мен көлдерді таза ұстай отырып, біз адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатына қамқорлық жасаймыз. Біздің әрқайсымыз қаланы осындай акцияларға қатысу арқылы қоқыссыз және таза ете аламыз. Қарағанды үшін таза тіршілік нәрі – «Мөлдір бұлақ» құрайық!
Естеріңізге сала кетейік, «Таза Қазақстан» экоакциясының бесінші аптасы «Мөлдір бұлақ» деп аталып, бұлақтарды, өзендер мен көлдердің жағалау аймақтарын тазартуға арналған.
Қарағандыда Бұқпа өзенінің жағасы қоқыстан тазартылды (www.gov.kz)