Бодандықтан қашан құтыламыз?

Қала не ауыл іргесі кеңес дәуірінде қаланған болса, сол датаны атап өтуіміз керек. Өйткені, дәл сол уақытқа деген ол жерде ел тұрмауы да мүмкін.

Ал мыңдаған жылдық тарихы бар жердің отаршылардың күштеп танған уақытына телуімізге жол болсын?! Айтпағымыз кейінгі уақытта Қарқаралының 200 жылдығын тойлаймыз дегендерге арналып отыр.

Сарыарқаның алтын тәжі – Қарқаралы. Ешбір қалаға ұқсамайтын табиғи және мәдени өзіндік ерекшелігі, кескін-келбеті бар өлке.

«Алтайдан Карпатқа дейінгі ұлан­байтақ далада дәл Қарқаралы топы­ра­ғын­дай қасиетті жер жоқ» деп Қаныш Сәтбаев баға­лаған жер.

Қарқаралы – ешбір қалаға ұқса­майтын, өзіндік кескін-келбеті, сәу­лет­тік өзгешелігі, бай тарихы бар өңір. Бір қа­ланың өзі – мыңдаған туристерге жәді­ге­рін ұсына алатын эскпонаты көп орта­лық. Қарқаралыда ел көргісі келетін ғима­рат­тар өткенімізге жетелейді. Тарихты бі­ле түссек деген ой келеді. Құнанбай ме­­­­шіті – Қарқаралы қаласында құрылысы 1850 жылы басталып, келесі жылы салы­нып біткен мешіт. Оны салу жөнінде 1847 жы­лы әңгіме қoзғалып, арасында Күшік – Тобықты баласы Құнанбай бар, 16 болыс қол қойған. 1849-52 жылдары Қарқаралы окру­гіне аға сұлтан болған Құнанбай құры­лыс жүргізу ісін өз қолына алып, тың­ғы­лықты аяқтаған. Сол себепті де Қар­қаралы шаһарындағы шежірелі һәм қа­сиетті мекен, 170 жылға жуықтайтын тари­хы бар еңселі мешіт тікелей Құнанбай қажы есімімен байланысты.

Мешітке кезінде Абай да ба­рып тұрған. Бұдан басқа да жәдігерлер Қар­қа­ра­лы­да жетіп артылады.

Тұмса табиғатымен белгілі Қарқаралы – бұл. Шайтанкөл теңіз деңгейінен 1200 м биіктігінде орналасқан ұзындығы 60 метр, ені 40 метр болатын су қоймасы. Суы мөлдір, сіңбейді, түбі тастақ, еш­қан­дай ағын су келіп қосылмайды. Оң­түстік, батыс, солтүстік жағаларын қор­шап тұрған жартастардың биіктігі 10 м жә­не одан да биік. Қар, жаңбыр суымен то­лы­­ғады.

Шайтанкөл турасында ел арасында ай­­тылған аңыздар жетерлік. Өлке­тану­шы­лардың айтуынша, көлді басқа емес, әулие Жиренсақалдың өзі солай деп ата­ған дейді.

Міне, осындай тамаша табиғатымен  ғана емес тарихымен де әлемге мәлім Қарқаралының тарихын 200 жылға тели салу мүлдем қате тірлік.

Бұл туралы баспасөз беттерінде, отандық телеканалдарда да айтылып жатыр, сөз түсінер, көзбен көріп түйсінер адам болса, әрине!

Мысалы, «Қарқаралы тарихы Ресейдің отарлау кезеңінен басталмайды» деген   ҰҒА Құрметті академигі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Еуразия тарихы мен мәдениетін зерттеу» орталығының директоры Сатай Сыздықов «Egemen Qazaqstan» газетінің 5 маусымдағы №104 (30583) санында жарық көрген мақаласында Қарқаралы қаласының тарихына қиянат жасамауды сұрайды.

«Қала тарихын бұлай есептеу әділдікке жатпайды. Өйткені, шынайы ғылыми тұрғыдан жүйеленген өз тарихымыз, төл тарихымыз бар», –  дегенді алға тартты.

Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директоры   Зиябек Ермұқанұлы  Қабылдинов Қарақаралы қаласына 200 жыл деген тұжырымға қарсы.

Ол өз хатында: «Қарқаралы қаласы мен өңірінің тарихын отаршыл Ресей империясының Қазақ хандығы мен қазақтың ата-бабадан мұра болып қалған кен-байтақ Ұлы даласын отарлау мақсатында «Орынбор қазақтары туралы жарғы» («Устав об оренбургских киргизах») жарыққа шыққан 1824 жылдан бастамауымыз керек», – дейді.

Бұл аз десеңіз  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті  «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Жүсіптің хатына зер салыңыз. «Қарқаралы тарихын Патшалық  Ресейдің қазақ жерін отарлау мақсатында бұйрығы шыққан 1824 жылдан бастамай, арғы тарихымызға көз салғанымыз.

Қазақстанның киелі мекені – Қарқаралы тарихын қай жылдан бастап есептеу қажеттігі мәселесінде Патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау мақсатында шығарған 1824 жылғы бұйрықтың уақытынан бастап емес, республиканың белгілі ғалымдарының ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін қолдайтынымызды білдіреміз.

Тарихшылардың ұлттық конгресі басқармасы атынан да мемлекеттік маңызы зор, идеологиялық мағынасы бар бұл шешімді дұрыс деп санаймыз», – деп жазады ғалым.

Сонымен қатар, Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университеті жанындағы  «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,  тарих ғылымдарының кандидаты, доцент  Ерлан Сайлаубай да бізге жазған хатында 200 жылдық дегеніміз мүлдем ақылға сыймайтын дата дегенді айтады.

2023 жылғы  9 маусымда  Хабар 24 арнасы да осы «200 жылдықты атап өту дұрыс емес», деп сюжет берді. Онда ғалымдар: «Киелі Қарқаралының тарихын тереңдету – бұл үлкен ізденістермен нақты тарихи дәлелдің нәтижесі. Көшпелілердің қала мәдениетін саналы түрде жоққа шығаратындар бар. Ақиқат осындайлардың салдарынан айтылмай қалған», –дейді уәжді айтты.
Негізі биыл – Қарқаралыға 255 жыл. Айтылып та жазылып та жатыр. Бірақ, 200 жыл дегеннен айрылғысы келмей жүргендер де бар екені қынжылтады.

255 жыл деп жай ғана сөз емес, ол ақиқат. Ол – тарих. Біздің тарихымыз.

Бұдан дәл 255 жыл бұрын Матақ батыр Абылай ханның жарлығымен мыңбасы атанып, Қарқаралының әкімі болды. Абылай хан ел басқаруда орталықтандыру жүйесін енгізіп, Ертіс – Балқаш – Баянауыл аймағын Қарқаралы дуаны деп жариялаған. 1769 жылы Матақ батырды дуанбасы, әкім етіп тағайындаған. Қарқаралыда Матақ батыр үш жыл дуанбасы болып қызмет атқарған. Матақтың әкімдік мөрінің бедері Астанада Президент мұражайында сақтаулы. Мөрдегі жазуда «Әл сұлтан, Әл Әділ Матақ» деп жазылған. Бұл – «Матақ үлкен дуанның әмірі» деген сөз.

Біз ғана емес бұл жөнінде «Индустриальная Караганда» газетінің 2021 жылғы 9 қыркүйектегі №99 санында Наталья Фомина «Герой своего времени» атты мақаласында:

«Батыр Матак, посвятивший свою жизнь борьбе за независимость казахского народа во времена казахско-джунгарских войн ХVІІІ века, родился в 1750 году. Согласно народным преданиям, своими боевыми навыками он был известен с юных лет.

Свой боевой путь он начал в возрасте 17 лет под предводительством Богенбай батыра в битве Есиль-Нур. Тогда он показал свое великолепное владение верховой ездой и фехтованием — сбивал противников копьем, стоя на лошади, и лихо на скаку отрубал мечом головы врагам. Эту битву первым исследовал Чокан Валиханов. Он ездил туда вместе с экспедицией. Когда Матак батыру исполнилось 19 лет, он стал мынбасы (командиром тысячи сарбазов) у Абылай хана, заняв место своего отца Тогалака. Тогда, объединяя страну, Абылай хан объявил регион Иртыш-Балхаш-Баянаул владениями Каркаралы. В 1769 году его дуанбасы (главой округа) был назначен Матак. Эту должность он занимал три года. В знак того назначения батыр получил печать с надписью «Əлсұлтан, Əл ƏділМатақ». Она сохранилась до наших времен и сейчас хранится в музее Первого Президента Республики Казахстан в столице. Матак умер на 89-м году жизни возле реки, позже названной в его честь. Мавзолей находится вдоль железной дороги Караганда — Карагайлы, недалеко от села МатакКаркаралинского района. Это захоронение в народе считают святым. Местные жители рассказывают историю о том, как однажды здесь перевернулся несущийся на всех парах поезд. С тех пор все машинисты, не доезжая метров 200 до мавзолея Матак батыра, значительно сбавляют скорость. Мавзолей батыра стал местом паломничества и занесен в карту сакральных объектов Казахстана», – деп жазды.

Елім, жерім деп болашағы үшін қан төккен ата, баба рухы үшін 255 жылдықты атап өткеніміз дұрыс болар еді.

Тарих ғылымдарының кандидаты,  Астана Халықаралық университетінің доценті, Қанат Өскембаев «Өлке тарихы – отан тарихының бастауы» атты еңбегінде «1824 жылы Қарақаралы сыртқы округі (Қарқаралы дуаны) – Батыс Сібір қазақтары шегара басқармасының әкімшілігі жер аумағы 2,728 мың км2 жетіп, Сібір басқарылуындағы  барлық 8 округтің ішіндегі ең үлкені болды. Ашылу кезінде округте шамамен 20 мың түтін және барлығы 60 мыңдай тұрғын бар деп есептеу есептеу қалыптасқан», – дейді. Және де сол уақытта Қарқаралы округінде  18 болыс  болған деген мәліметті келтіреді.

Міне осы жазбаға қарап отырып ақ, Абылай хандық құрған дәуірдің өзінде Қарқаралы дуанында  18 болыстықтың бас біріктіргеніне көз жеткіземіз.

Міне, осындай ұланғасыр жерімізді арам ниетті Ресей империясы басып алды емес пе?

Отаршыларға қарсы қаншама бабаларымыз шейіт болды.

Солардың алдынғы шебінде тұрған Кенесары Қасымұлы – үш жүздің басын қосып, Ресей империясына қарсы тұра білген, қазақ жерінің біртұтастығын сақтап қалуға тырысқан, қазақтың соңғы ханы.

Ресей империясының қазақ даласындағы хандық билікті жоюы, шегаралық аймақтарда жаңа бекіністер салып, қазақ жерлерін күштеп тартып алуды одан әрі жалғастыруы және қазақ қоғамында әлеуметтік қатынастардың шиеленісуі Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шығуына себеп болды.

1837-1847 жылдардағы көтеріліс бүкіл Қазақстан жерін қамтыды. Көтеріліске Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары сұлтан басшылық жасады.

1837 жылы қараша айында Кенесары Қызылжар (Петропавл) маңында Ақтау бекінісіндегі казак отрядына шабуыл жасап, патша үкіметіне ашық қарсылық білдірді. Бұл көтерілістің бастауы болды. 1838 жылы 26 мамыр күні Кенесары бастаған көтерілісшілер Ақмола бекінісін шабуылмен басып алып, өртеп жіберді.

1844 жылғы Кенесарының жеңістері Орынбор әкімшілігін Кенесарымен келіссөз жүргізуді бастауға мәжбүр етті.

Кенесары өлгенімен артында оны жоқтаған халқы бар еді. Бірақ, патшаның аяғына жығылып, соның берген шеніне малданғандар бодандықты жөн көрді.

Сол тәуелділіктен әлі күнге дейін арыла алмай келе жатырмыз. 200 жылдықты атап өтеміз деп жүргендер сөзі де осыны меңзейді.

Сөзіміздің түйінінде 3 қаңтар 2023 жылы  «Egemen Qazaqstan» газетіне берген Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұқбаттағы сөзін ұсынып отырмыз. «Баяғыда ұлы халық болғанбыз деп масаттанып немесе бұрынғы өкпе-реніштерді қоздатып, қызылкеңірдек болып айтысудың қажеті қанша?! Бұлай ескілікке бой ұруға әсте болмайды. Әлбетте, тарих – біздің жалпы­ұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекет дәл қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Атап айтсақ, түрлі тақырыптағы кітаптар көптеп шығарылуда. Жаңа ғылыми мекемелер құрылып, бұрынғы институттар жаңғыртылып жатыр. Жақында сталиндік репрессия құрбан­дарын ақтау жөнінде ауқымды зерттеу жұмысы аяқталды. Бір сөзбен айтқанда, сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді» деген болатын Мемлекет басшысы.

 Иә, тарихтағы әділдік дегеніміз отаршылардың датасы емес мемлекетіміздің ақиқатын ойлаған ағалардың батасы емес пе?!

Тарихымызды түгендегеніміз дұрыс. Бірақ, бодан емес тәуелсіз елдің азаматы ретінде ойымызды да сөзімізді де дұрыстасақ екен.

Олай болса, Қарқаралыға 255 жыл!

 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *