Қарағандыда газбен жабдықтау желілерінің құрылысы жалғасуда. Орталықтандырылған көгілдір отынға 7 мыңнан астам үй қосылды.

Облыс орталығын газдандыру қалай жүріп жатқаны туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында айтылды.

– Қарағандыда барлығы 4 кезек және 16 іске қосу кешені бар. Бірінші кезек – жаңа қала (1-ден 7-ші іске қосу кешені). Бұдан әрі – ЖБИ, Пришахтинск (Шахтер кенті). Үшінші кезек – Майқұдық. Тізімдегі соңғы аудае – Сұрыптау, Жұмысшы ауыл. ЖТҚ-мен байланысты басқа да нәрселер біздің жобаға кіреді. Жұмыстардың басым бөлігі қаланың Оңтүстік-Шығысында жүргізілуде, – деп атап өтті Қарағанды қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Жұмыс бесінші іске қосу газ кешенінде жүріп жатыр. Қазір бұл Самал, Штурманская, Құрманғазы, Бензинная, Рейдовая, Б. Момышұлы көшелері, Батумский тұйық көшесі. Бесінші кешен биыл тапсырылады деп жоспарлануда.

«КарГорГаз» ЖШС директоры Саламат Айрамбаев қарағандылықтарды жосықсыз мердігерлер туралы ескертті.

– Тұрғындардан құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге, газтехникалық қызмет көрсетуге рұқсат беру құжаттарының, өнеркәсіптік қауіпсіздік аттестаттарының болуына назар аударуларын сұраймыз. Бұл құжаттардың барлығы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің сайттарында бар. Мұның бәрін оңай тексеруге болады, – деді ол.

Үйге құбырларды өткізбес бұрын «QazaqGaz Aimaq» АҚ қорынан техникалық шарт алу қажет.

– Алдымен біздің ұйымға өтініш білдіріп, техникалық шарттарды алу керек, содан кейін жоба жасалуы тиіс, содан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Аяқтағаннан кейін техникалық құжаттаманы тапсыру керек. Екі күн ішінде QazaqGaz Aimaq өз жауабын береді. Тек оң нәтиже болған жағдайда ғана газды қосуға өтініш жазу керек, – деп түсіндірді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалы директорының орынбасары Амандық Тәңірбергенов.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыда орталық газға қосылуға пайызсыз несие бағдарламасы жұмыс істейді. 5 жылға пайызсыз қарыздар тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы беріледі.

Қарағандыдағы газдандыру жұмыстарының барысы: 7 мыңнан астам үй көгілдір отынға қосылды (www.gov.kz)