Аймақтағы өндіріс ошақтарына қомақты қаржы салынып отыр. Соның арқасында өнім көлемі артып келеді. Елдегі көмір өндірісінің басым бөлігін облыстағы кәсіпорындар беретіні белгілі. Бұлардың арасында «Qarmet»-ке қарасты шахталар рөлі ерекше. Мәселен, Ленин атындағы шахта шахталар арасында бірінші болып 1 миллион тонна көмір өндірді.
Қазір Ленин шахтасындағы 405D6 лавасының ресурсы толық игеріліп, 403Д6 лавасының төменгі бөлігі игеріліп жатыр. Ал алдағы ақпан айынан бастап аталған лава толық қазыла бастайды.
– 1 миллион тонна көмір өндіру – біздің ұжым үшін үлкен мақтаныш және абырой. Бұл жетістік кеншілерден бастап техникалық қызмет көрсету мамандарына дейінгі барлық қызметкердің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Біз қызметкерлерімізге жанқиярлық еңбегі мен адалдығы үшін алғыс айтамыз және жаңа биіктерге жетуге тырысамыз, – дейді шахта директоры Валерий Хан.
Компания шахтаны жаңартуға инвестиция салуды жалғастыруда. Жақын арада мұнда көмір департаментінің диспетчерлік-талдау орталығына қосылатын жаңа позициялау жүйесін енгізу жоспарланған. Лавадан шығатын КЖ маркалы көмір Болат департаментіне көмір концентратын дайындауға қолданылады. Бұл департамент 9 айды табыспен аяқтады. Мәселен, 9 айда компанияның өндіріс ошақтары шойын жоспарын 100,5 пайызға орындады. Сондай-ақ кокс – 103,3 пайызды, агломерат – 106,6 пайызды және сортопрокат 103,1 пайызды еңсерді.
Қазір зауыттарға табиғи газды негізгі энергия көзі ретінде пайдалану үшін газ құбыры тартылып жатыр. Бұл мазут пен сұйытылған газдан бас тартуға мүмкіндік береді. Соның арқасында аймақтағы экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсарып, өнімнің өзіндік құны төмендейді дейді мамандар.
Қазіргі уақытта сегіз учаскеде жалпы зауыттық коллектордың ішкі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс шілде айында ішкі газ құбырының іргетасын қалаудан басталды. Құбырды төсегеннен кейін ысырмалық және реттеуші арматураларды орнату жоспарланған. Содан кейін іске қосу және реттеу процесі басталады.
– Біз құрылыс-монтаж жұмыстарының белсенді кезеңіндеміз. Сыртқы және ішкі құбырлардың құрылысы жүргізілуде. Сыртқы жағында салмағы 186 тонналық құбыр үшін ұзындығы 1,4 шақырым траншея дайындалып, автоматтандырылған газ тарату станциялары мен газ реттеу пунктерін орнату орындары келісілді. Ішкі газ құбыры газ төмендету және газ реттеу қосалқы станцияларымен толықтырылады, – дейді «Табиғи газ» жобасының менеджері Анна Василенко.
Сонымен қатар, домна пештеріне газ реттеу пунктінен қосымша газ құбырын салу жоспары бар. Бұл фурмаларды табиғи газбен қамтамасыз етеді. Сыртқы және ішкі газ құбырларының құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылы аяқталады.
Жалпы, қазір облыстағы өнеркәсіп саласын жаңғыртуға қомақты инвестиция салынып отыр. Облыстағы өнеркәсіп секторында 1 200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олардың 38-і – ірі, 65-і – орта және мыңнан астамы шағын кәсіпкерлік субъекті қатарына жатады. Аталған кәсіпорындар былтыр 3,5 трлн теңгенің өнімін шығарды. Бұл облыста өндірілген өнімнің жартысынан асады. Ал өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіптегі үлесі 75 пайызға жетті. Әсіресе, экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жұмыстар жемісін берді. Яғни, машина жасау – 43 пайызға, жеңіл өнеркәсіп – 24 пайызға, фармацевтика – 9 пайызға, құрылыс – 8 пайызға және қара металлургия 2 пайызға ұлғайды.
Биыл да саладағы өсімді қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни, өнеркәсіптік өндірісті 2,1 пайызға арттырып, 3,7 трлн теңгеден астам сомаға өнім шығару жоспарланып отыр. Оның ішінде, өңдеу секторындағы өсім, 2,5 пайызды құрап, 2,8 трлн теңге болады деп күтіледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 12,2 пайыз өсіммен 854,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде, жеке инвестициялар көлемі 734 млрд теңгеден артты. Жаңа өндірісті іске қосуға келетін болсақ, 2023 жылы 138 млрд теңгеге 11 жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Жобалар «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында, РТБ өнеркәсіптік алаңында, Балқаш және Саран қалаларында Абай, Нұра, Осакаров және Қарқаралы аудандарында іске қосылды. Ауқымды жобаларға тоқталып кетсек, Осакаров ауданында жоғары сапалы әк шығаратын зауыт іске қосылды. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 млрд теңгені құрап, 100-ден астам жұмыс орны ашылды. Жаңа зауыт қара және түсті металлургия мен шыны өнеркәсібіндегі отандық кәсіпорындардың сұранысын өтейтін болады. Сондай-ақ, зауыт өнімдерін жылу электр станцияларының түтін газдарын тазарту үшін пайдалану жоспарлануда. Бұл ауа мен қоршаған ортаның ластану мәселелерін оңтайлы шешеді.
Өңірдегі тағы ерекше серпінді жобалардың бірі – Нұра ауданындағы арнайы кокс өндіретін зауыт. Бұл зауыт жылына 400 мың тонна кокс көмірін шығарады. Сонымен қатар бір жылда Шұбаркөл көмірінен 70 мың тоннадан астам шайыр мен мұнай алынады.
Жаңа кәсіпорын өндіріс қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін заманауи технологиялық үрдістер қолданылады. Яғни пайдаланылатын барлық су ресурсы мен ластанған ағынды сулар тазартылып, қайта қолданылады.
Өңірде тоқтап қалған өндіріс ошақтарын қайта қолға алынып жатыр. Мәселен, Сарандағы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының базасында тұрғызылған кәсіпорындар атағы алыс-жақын шетелдерге тарап отыр. Бұрынғы зауыт орнында өнеркәсіптік алаңдар кешені құрылып жатыр. Солардың бірі – «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника зауытының құрылысы. Былтыр қараша айында тұрмыстық техника шығаратын 7 өндірістік желі іске қосылды. Соның арқасында 1200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Зауыт жылына 1 млн-нан астам өнім шығарады. Өнімдер қатарында теледидар, шаңсорғыш, микротолқынды пеш, ас үйге арналған сорғыш, су жылытқыш және кір жуғыш машина сынды бұйымдар бар.
Биыл жалпы құны 247 млрд теңгеден асатын 10 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылады.
Жаңа өндіріс ошақтарында 3,5 мың жұмыс орны құрылады. Катодты мыс, ферросиликоалюминий, жел электр мұнаралары, жүк көліктері, түзу тігісті болат құбырлар, темірбетон бұйымдары, мырышталған металдан жасалған бұйымдар өндірісі жолға қойылады.
Аймақта арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Бұл аймақтарда индустриалды-инновациялық инфрақұрылым элементтерінің бірі «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында қазіргі күні 20 кәсіпорын тіркелген. Мұнда инвесторларға арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Соның арқасында 11 жоба іске қосылды. 160 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал өндірілген өнім көлемі 183,3 млрд теңгені еңсерді. Жаңадан 1 114 жұмыс орны ашылды.
Былтыр жалпы құны 10,5 млрд. теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылып, 150 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Бүгінде арнайы экономикалық аймақта 9 жоба жүзеге асырылу үстінде. Оның ішінде 2 жобаны биыл аяқтау жоспарланып отыр. Бұлар – «Қарағанды Power Silicon» алюминий ферросилиций өндірісі және «Power Blast» жарылғыш заттарды өндіру зауыты.
Биыл да инвестиция тартуға баса назар аударылуда. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,5 пайызға өсіп, 910 млрд теңгеге жетеді деген болжам бар.
Манас АҚСАРЫ