«Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі ең астықты елдің біріне айналды». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында осылай деді. Шындығы осы. Қазір мыңғыртып мал айдап, мыңдаған гектар алқапқа егін салып, қызығын көріп отырған шаруалар баршылық. Тоқсаныншы жылдары тұралап қалған ауылдар аяққа қаз тұрып, тіпті жаңадан салынып, кеңейіп жатқан ауылдарды ойланбастан мысалға келтіруге болады. Қарағанды облысында да агроөнеркәсіп саласы жыл санап дамып келеді.
«Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде 6 орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш», – деді формуда Президент. Мемлекет басшысы айтып өткендей, былтырғы Жолдауда үш жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды. Негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған бірқатар жоба қолға алынды. Атап айтқанда, таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік беретін 116 заманауи тауарлы сүт фермасы салынады. Жалпы қуаты жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, сондай-ақ қуаты жылына 850 миллион жұмыртқа өндіретін 11 құс фабрикасын пайдалануға беру көзделген. Бұдан бөлек 100 мыңға жуық ірі қараға арналған 6 бордақылау алаңын, сондай-ақ 50 мың бас уақ малға арналған бордақылау кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл тұрғыдан келгенде Қарағанды облысында да ілкімді істер баршылық.
Биыл диқандар рекордтық көлемде астық жинады. 1 млн 300 мың тонна астық бастырды. Қазір ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша облыс ел бойынша жетінші орында тұр. Жергілікті фермерлер тек облыс көлемінде ғана емес, Астанаға да азық-түлік жеткізіп, қамтамасыз етіп отыр. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, алдағы уақытта ауқымды жобалар қанат қағады. Оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасының орны ерекше.
– Аграрлық өнеркәсіп кешенінде жыл соңына дейін құны 23 млрд теңгеден асатын 30 инвестициялық жоба іске асырылады. Ауылдарды дамыту аясында «Ауыл аманаты» жобасын ерекше атап өткен жөн. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар беріп, осы бағдарламаның тиімділігін атап өтті. Біздің облыста «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 483 шағын несиеге 4,4 млрд теңге бөлінді, – деді облыс әкімі.
Әкімнің сөзіне сүйенсек, бұл қаржының жартысы мал шаруашылығын дамытуға, қалған бөлігі ауыл тұрғындарының бизнес-жобаларына бағытталған. Нәтижесінде ауылдық жерлерде 816 жұмыс орны ашылып, 60-тан астам ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Бұлардың қатарында бірнеше жобаны мысалға келтіруге болады. Мәселен, Ақтоғай ауданындағы «Saq NS» СК неміс технологиясы бойынша бие сүтін өндіретін цех ашып, ай сайын 30 тонна қымыз өндіріп отыр. Ал Қарқаралы ауданындағы «Мәди-Агро 7» СК ет өндірісін арттырды. Қазір кооперативтің өнімдерін Qarmet компаниясы тұтынады.
Жекелеген аудандардың да даму деңгейін ерекше атап өтуге болады. Солардың бірі – Абай ауданы. Бұл өңір облыстағы егін шаруашылығына маманданған өңір болып саналады. Биыл аудан диқандары 39 360,5 мың гектарға – дәнді дақылдар, 3 517 гектарға майлы дақылдар екті. Сонымен қатар 6 572,8 гектарға – картоп, 754 гектарға көкөніс отырғызды. Абай ауданының ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жанар Сұрауханова диқандар бұл ырзықты дер кезін жинап алғанын айтып отыр.
– Диқандарымыз орақ науқанын қазан айының соңына дейін аяқтады. Яғни суыққа ұрынған жоқ. Биыл 63 мың тонна астық жиналды. Түсім гектарына 16 центнерден айналды. Ал картоптың түсімі гектарына 240 центнерден болып, барлығы 157,8 мың тонна картоп алды. Көкөністің өнімділігі 350 центнерден болып, 26,4 мың тонна көкөніс қамбаға құйылды. Сондай-ақ 1230 тонна майлы дақыл орылды. Мұндағы түсім гектарына 3,5 центнерден болып отыр, – дейді бөлім басшысы.
Қыстың қамын жаз ойлаған диқандар алдағы егіс науқанының қамын қазірден ойластырып жатыр. Қазір ауылшаруашылығы құрылымдары қажет тұқым қорын қалыптастырып үлгерді. Яғни қамбаларда 4 800 тонна дәнді дақылдар, соның ішінде 2 368 тонна бидай, 2 152 тонна арпа және 280 тонна сұлы, 20,2 мың тонна картоп тұқымы бар.
Ал облыстағы мал шаруашылығы өркендеген өңірелердің бірі ретінде аталатын Ақтоғай ауданында төрт түлік тұқымын асылдандыруға көңіл бөлініп отыр. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрланбек Жаңабергеновтің айтуынша, мал бордақылау және және оның өнімдері өңдеу бойынша іргелі жобалар жүзеге асырылмақ.
Жалпы, ауданда өндірілетін өнімінің негізгі бөлігін мал шаруашылығы саласына тиесілі, яғни 68 пайыз. Ал қалған 32 пайызы – өсімдік шаруашылығының үлесінде. Қазір ауданда 1 051 ауылшаруашылығы тауарларын өндіруші тіркелген. Бұлар биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында мал шаруашылығы бойынша 26 312,6 миллион теңгенің өнімін өндірді.
Бүгінде ауданда 69 390 ірі қара, 132 823 қой-ешкі, 51 388 жылқы бар.
Сонымен қатар мал шаруашылығы фермаларын заманауи технологиямен жабдықтау бойынша жұмыс жүріп жатыр.
– Бүгінде мал шаруашылығымен айналысып отырған 283 қыстақтың 86-на ғана электр жүйесі тартылған. Алты жылда 151 шаруақожалығына күн сәулесінен энергия алатын қондырғы орнатылды. Сондай-ақ малды суғаруға қажет құдықтың саны 460-қа жетті, – деді бөлім басшысы.
Мал тұқымын асылдандыруға арнайы бағдарламалар жақсы қолдау болып отыр. Қазір асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары негізінде шаруаларға субсидия беріліп отыр. Биылғы жылдың 9 айында мал шаруашылығы бойынша 82 шаруақожалығына 141,6 миллион теңге субсидия төленді.
Бөлінген қаржыға сай көрсеткіш те ойдағыдай. Ауданда асыл тұқымды ірі қара өсірумен 15 шаруашылық айналысады. 46 шаруашылық қой өсіріп отыр. Шопан ата түлігін асылдандыруға айрықша назар бөлінген. Аудандағы асыл тұқымды қойдың үлесін арттыруға маманданған іргелі шаруашылықтар бар. Мәселен, «Сәрсенбек», «Науан» шаруақожалықтары мен «Жамшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мыңдаған асыл тұқымды қой өсіруде.
Облыстағы ауылшаруашылығы саласы бойынша келешекке құрылған жоспар ауқымды. Ол үшін инвестиция бар, жұмыс күші де жеткілікті. Ендігі сол жобаларды бір кісідей жұмыла жүзеге асыру қажет. Президенттің агроөнеркәсіп кешеніне жүктеп отырған тапсырмасы да сол.
Манас АҚСАРЫ