Сейілдің сол бір күндері…

             Мына жазбамды осыдан біраз бұрын жазыппын. Ешқайда шықпай, архивте жатыр еді. Биылғы қаңтар айының аяғында әнші Сейіл Аяғанның өмірден өткеніне екі жыл болды. Соған орай бұл естелікті жарыққа шығарғым келді. 

 

«Жыл өтті үлкен жүрек тоқтағалы» – депті Әбділда ақын дауылпаз Қасымның қайтқанына бір жыл толғанда. Сейіл бауырымыздың да мынау жарық дүниеден өткеніне жылға жақындапты. Сынаптай сырғыған уақыт, өзендей аққан есіл күндер… Өткенді кері айналдыра алмайсың, өмірдегі үлкен өкініш те – осы шығар?!

Сол бір күндер… Енді сағынышқа, сағымға айналады деп кім ойлаған?.. Гитарасын арқалап Сейіл досым алдымнан шыға келетіндей болады да тұрады. Өткен оқиғалар үзік-үзік болып, кино лентасындай көз алдымнан сырғып өтеді. Естеліктің өзі – өмір! Өткен шақ – тарихқа айналған тас сияқты. «Керек тастың ауырлығы жоқ» дейді қазақ. Әр естеліктің өзі – Күлтегін бабадан жеткен керемет жәдігер секілді елестейді маған. Өйткені әр естелікте түйір-түйір болып, өткен өміріміздің мөлдір моншақтары ілулі тұр. (Сол моншақтар, бәрімізді, келер күндерге-келешекке жалғары сөзсіз…).

…Осыдан көп уақыт бұрын, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасы болуы керек. Бір күні Қарағанды вокзалына барғаным есімде. Біреуді пойыздан тосып алмақшы едім. Алдымнан Сейіл әнші кездесті. Қасында екі досы бар. Мамыр айының аяқ кезі. Көктем әлдеқашан шыққан. Сейілдің аяғында қысқы «сапошки» (Біздің қоғамдағы «тоқсаныншы жылдар» деген атпен қалған өте қиын кездер еді ғой). Амандық-саулықтан соң, «Бауырым, жаз шықты ғой. Маусымға лайықты аяқ киімге көшпейсің бе?» дедім, қалжыңға бұрып. Ол аяғына бір қарап, сәл ыңғайсызданды да: «Әлаға, зато-о жылы!» деп күліп жіберді. Қалжыңымды қабақ шытпай қарсы алып, әзілмен әдемі жауап берді. Аяқ астынан сөз тапқанына мен де қуанып, қоса күлдім. Қасындағы бейтаныс жігіттер таратты ма, әйтеуір, кейіннен осы сөзді қарағандылық қалжыңқойлар қағып алып, әр-әр жерде, бас қосқан отырыстарда айтып, күлісіп жүрді. Қызығы, кей сәтте Сейілге «зато» деп қалсам, шегі қатып күлуші еді…

Бірде, ұмытпасам, 2008 жылдың тамыз айы болуы керек. Ұлым Рамазанды сүндетке отырғызып, сол жылы мектепке баратын болған соң «сүндет той мен тілашарын» бірге өткізбек болдық. Ағайын-туысты, араласатын дос-жаранды шақырып, кішігірім той жасадық. Оған Сейілді өнерпаз ретінде арнайы шақырдым. Сол шағын тойымызда әйгілі әншіден екі-үш ән айтып беруін өтініп едім, Секең оннан аса әнді айтып бір-ақ тоқтады. Өйткені тойшыл қауым қайта-қайта сұрады… Сейілдің сырлы үніне, әуезді әніне билеп жатты… Сөйтіп, «үш әніміз» үлкен сахналық концертке айналып еді. Бір ғажабы, той тарқар кезде «Бауырым, мынау еңбегің» деп берген ақшамды Секең алмады да, Рамазан баламызды шақырып алып: «Азамат болдың, енді оқуыңды жақсы оқы!» деп, өз қалтасынан екі мың теңгелікті алып, баланың қолына ұстатты. Балажанды, ақкөңіл әнші өзінің айтқан бірнеше әнінің ақысын алмай, біздің кішкене баламызға көрімдігін беріп кетті. Мен сол жолы Сейілдің серілік болмысына таңқалдым әрі қызықтым.

Бұл – өмірден ерте өткен өнерпаздың жылдығы қарсаңында есіме оралған шағын детальдар ғой. Әлі де талай жазылар… Ұлы ақын Мұқағалидың «Жазылар естеліктер мен туралы» және «Есіңе мені алғайсың» атты әнге айналған өлеңдерін қайталап тағы тыңдайықшы, кітабынан оқиықшы…

Иә, еске алу, естелік жазу – қастерлі істердің бірі!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

желтоқсан айы, 2023 жыл

 Қарағанды қаласы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *