2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылған, еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшері ұлғайтылды, сондай-ақ бала күтімі бойынша төлемдер кезеңі ұзартылды.
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді есептеу үшін қолданылатын табысты алмастыру коэффициенті 40%-дан 45%-ға дейін ұлғайтылды. 2023 жылы 117 мыңға жуық азаматқа жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем орта есеппен 13%-ға өсіп, арттырылған мөлшерде тағайындалады деп күтілуде.
Сондай-ақ бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемді жүзеге асыру ұзақтығы 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Биыл бұл төлем 500 мыңнан астам ата-анаға тағайындалуы жоспарлануда.
Бұдан бөлек, еңбекке қабілеттілігінен айырылған 78 мың адамға және асыраушысынан айырылған 55 мың отбасыға базалық мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері 8,5%-ға артты.
Осылайша, жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жұмыс істемейтіндерге қарағанда жоғары болмақ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша