Сағынышқа айналған тұлға

Артында із қалдырған азаматтары өлді деп қалай айтуға болады. Сағынышқа айналған тұлға Жәнібек Жармағамбетұлы да осындай айтулы жан еді. Ол 1945 жылы 26 қыркүйекте Қарқаралы ауданы «Совет» колхозында колхозшылар отбасында дүниеге келді. Бала жасынан еңбекке ерте араласып, мектепке дейін әке-шешесіне көмектесті.

1953 жылы колхоз орталығы Ақордадағы 7 жылдық мектепке барып 1960 жылдан бастап Қарағандыдағы Жамбыл атындағы №7 орта мектепте оқып, 1964 жылы жақсы бітіріп шықты. Жазғы демалыста колхоздың, кейіннен совхоздың шөп шабу науқанына қатысты.

Жәнібек бала кезінен сабырлы, ұқыпты, еңбеқор, зерек, бауырмал, өнерге жақын болды. Сол кезде ұйымдастыру қабілетінен ауылдан қала мектебіне келіп, бір жылдан кейін сыныптың старостасы болды, мейрамда мұғалімдерге көмектесіп, ән-би кешін ұйымдастырды. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, Қарағанды қаласының, Октябрь ауданының ән-би сайыстарынан жүлделер алып жүрді.

Өзі таңдаған физика пәнінің мұғалімі болып, институтты бітірген соң туған ауылына келіп, Аққорадағы мектепте еңбек жолын бастады. Қарқаралы ауданының партия, комсомол органдарына жауапты қызмет атқарып, жаңа типті ауылдағы бірінші салынған орта мектепте 28 жыл директор болды, мекетепті аудандағы үздіктер қатарына көтерді. Қызмет атқарып жүргенде атақты «Салтанат» ән-би ансамбліне қатысып, шетелдерге – Франция,  Германияға барып, лауреат болып қайтты. Тоқсаныншы жылдары бір жылы биліктің шамасы келмегенде, Жәнібектің ұйымдастыруымен ата-аналар өздері мал жинап, көмір сатып алып мектептің жылу жүйесін  аман сақтап қалды.

Жәнібектің еңбегі бағаланып, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарімен марапатталды.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Қарағанды облысының «Мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында» қызмет атқарып ұстаздық тәжірибесімен бөлісті.

Жәнібектің ұстаздары, шәкірттері еліміздің әр саласында абыройлы қызмет істеп, еңбек етіп жүр. Жәнібек Нүркен ауылының, Қарқаралы ауданының сыйлы, құрметті азаматы болды.

Сүйікті жары Раямен бірге балаларын тәрбиелеп жоғары білім берді. Жанботасы ҰҚК полковнигі, Жанарасы Назарбаев мектебінде қызметте, Жазирасы қызметте, Жаннасы – Университетте  ұстаз.

Қайырбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,

немере ағасы

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *