САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН

«Шебердің қолы алтын» дейді атам қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтың бірі – халықтық қолөнері. Соның ішіндегі ертеден өзінің өміршеңдігін жоймай келе жатқан – тігіншілік.

Мұны біреулер өнер десе, енді бірі шығармашылық жұмыс ретінде қарайды. Екеуіне де келісуге болады. Өйткені тігін тігу үшін ептілік, үйлесім, шеберлік және шыдам керек.

Тігінші – матаға жан бітіріп, сән мен сапаны үндестіре білетін шебер. Қарапайым матадан киім, көрпе, перде секілді тұрмысқа қажетті бұйымдар дайындайды. Оның қолынан шыққан әр туынды – ұқыптылықтың, сабырдың және талғамның жемісі.

Тігіншілік – тек кәсіп қана емес, ол – ұлттың болмысы мен дәстүрін де сақтайтын сала. Қазақтың оюлы камзолы мен зерлі шапаны, қазіргі заманғы сәнді киімдер – бәрі де тігіншінің қолынан туады.

Жұмысшы мамандықтар ішінде тігінші кәсібі – нәзіктік пен төзімділікті қажет ететін ерекше бағыт. Бұл кәсіппен айналысатын жандар – сән әлемінің үнсіз шеберлері.

Сондай ісмер жанның бірі кентіміздің байырғы тұрғыны, бүкіл саналы өмірін тігіншілік өнеріне арнаған Сызаева Раушан Сұлтанбекқызы десек артық айтқандығымыз емес.

Раушан Сұлтанбекқызы 1953 жылдың ақпанында Қарағанды облысы, Шет ауданы, Жамбыл кентінде өмірге келген. Ол уақытта бұл елді мекен қазіргі Ұлытау облысы, Қаражал қаласына қарасты болған. Сол кезде әкесі Сұлтанбек Сызайұлы ішкі істер саласында, кенттік милиция бөлімшесінің бастығы міндетін атқарған. Кейін бұл саладан кетіп, Қаражал қаласындағы шахтаға түсіп, кенші болады.

Анасы Дәметкен Жаманханқызы есімі қалың қазаққа белгілі, қоғам және мемлекет қайраткері, ақын-жазушы Сәкен Сейфуллиннің шөбере туысы. Алайда, 31 жасқа толар-толмастан өмірдің қызығын көре алмай, науқастанып жарық өмірмен қоштасады. Ол кезде Раушан қызы небәрі 10 жаста ғана екен.

Раушан бала Қаражал қаласындағы мектепке барады. Алғашқы ұстазы Рүстем есімді мұғалімінен бастауыш білім алады. Он жасқа толғанда анасының әпкесі, яғни нағашы апасы Манап Әбілқызы Жаңаарқа кентіне алып кетіп, сол жақтағы В.И.Ленин атындағы мектепке береді. Ана орнын басқан апасы тубдиспансер ауруханасында бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен. Ал оның жұбайы Әди Сарбасұлы мектепте мұғалім, аудандық оқу бөлімінде инспектор қызметтерін атқарған. Бүкіл ауданға белгілі білікті ұстаз болған. Бір сөзбен айтқанда, ұстаз бен дәрігердің зиялы отбасында өседі.

Раушан оқушы оқу процесінде математика, физика пәндеріне аса қызығушылық танытады. Себебі, математикадан аудан көлеміне белгілі ұстаз Бекішев Шарлатбай дәріс береді. Аталған пәндерге деген ынтызарлығы мектепті аяқтағанға дейін сақталады. Оның аяғы оқуды аяқтаған соң математика маманы боламын деген үлкен мақсатқа айналады.

Мектеп қабырғасында жүріп биге де қатысады. Спорттық үйірмеден акробатиканы таңдайды. Барлық жерде үлгеріп жүреді.

Раушан баланың тағы бір жақсы қасиеті болады. Ол тігіншілікпен айналысуы. Бұл өнерге оны анасы болған Манап апасы баулиды. Дәрігер болса да, тігіншілік өнерден үлкен хабары бар әпкесі барынша ісмерлікке үйрете бастайды. Көрсеткенін бірден қағып алатын бала он үш жастан бастап маталардан көйлек пішіп, өзіне киім қылып тігіп алып жүрген. Тоқымалықты да тез үйреніп, басына бас киім, қолдарына қолғап, аяқтарына шұлық, үстіне жемпір тоқып алатын күйге жетеді. Пішу және тігуден басқа шыныдан мозаика салу өнерін де игеріп алуға күшін салады. 16 жасында он үштегі бауыры Ғазизбен (марқұм болған) бірге Мәдениет үйінің және тұрып жатқан үйлерінің қабырғаларына шыныдан құрастырып, ою-өрнекпен сол кезде кең қолданылатын мозаика салады. Апасы өнерге бейімделген шәкіртіне ризалығын білдіріп отырған.

Ісмерлігімен бірге суретшілігі де дами бастайды. Өйткені, киім пішкенде ең алдымен киімнің фасонының суретін салу қажет. Сол түсірген сұлбасы арқылы киім пішіледі. Былайша айтқанда, дизайнын жасамай киімді жақсы тігу мүмкін емес. Осы үйреніп жүрген өнерінің барлығын Раушан апамыз келешектегі өмірінде үлкен пайдасы тиетінін мүлдем ойламаған да екен.

Мектепті ойдағыдай аяқтаған жас түлек бірден бала кезіндегі мақсатын іске асыру үшін еліміздің астанасы Алматы қаласына баруды ойлайды. Ойы, әйелдер педагогикалық институтының (ЖЕНПИ) физика-математика факультетіне түсу. Бірақ, анасы Манап қызының дарындық қабілетін білгендіктен Жаңаарқа аудандық тұрмыстық комбинатының құрамындағы «Сәуле» ательесіне жұмысқа тұруға ақыл-кеңесін береді. Амал жоқ, үлкеннің айтқанын тыңдау керек. Сөйтіп математикамен қош айтысады.

Жұмыс орнына келсе тігіншілердің көбі басқа ұлттың өкілдері. Орысы да бар, немісі де бар, кәрісі де бар, қазағы да бар. Неміс әйелдері қазақшаға судай, тіпті мақал-мәтелдеп сөйлегенін қайтерсің!

Сонымен жас тігінші жұмысына кірісіп кетеді. Апасының үйреткені, өзінің тоқығаны бар. Тәжірибесі мол әріптестерінің айтқанын екі етпей қағып алады. Өзін осы жерде «судағы балықтай» сезінеді.

Сол жылы күзде Раушан апамыз Алматыға барып, көпсалалық училищеге оқуға түседі. Тігіншілік мамандығын толық игеруді керек етеді. Сынақтардың бәрінен сүрінбей өтіп, бағы жанып «киім пішуші-әмбебап», «киім пішуші-модельер» мамандықтары бойынша студент атанады.

Оқу барысында жас студенттер киім пішуді, тігуді, дизайн жасауды игереді. Күніне үш сағат сурет (дизайн) салумен айналысады. Теориялық білімді училище қабырғасында үйренсе, тәжірибені қаланың ательелерінде өтіп жүреді. «Подольск», «Чайка», «Зингер», «Оверлог» машиналарымен жұмыс жасауды үйренеді.

Өзінің студенттік кездегі оқуы туралы Раушан апамыз сыр шертіп:

—           ЖенПИ-ге оқуға түсем деп жүріп, тағдырдың жазуымен жұмыс

орнымнан алған жолдамамен училищеге түсуге бардым. Жолым болып бірден оқуға түсіп кеттім. Мұнда тігіншіліктен өзге басқа тұрмыстық бұйымдарды жөндеуді үйрететін мамандықтарға да оқытты. Оның ішінде теледидарларды, радионы, кір машиналарын, тоңазытқыштарды, тағы басқаларын жөндеуге үйрететін мамандықтарды алуға болатын еді. Фотосуретке түсіруді де осы жерден үйренеді. Теориялық білім алудан гөрі тәжірибе жинау дәрістері көп болғанын жасыруға болмайды. Шынын айту керек, жатқан жері жайлы болсын, кішкене бала кезімнен апамнан үйренгендерімнің пайдасын көп көрдім. Мен үшін ол училищеде оқу қиын болмағанын жасырмаймын. Әсіресе, киімді пішіп, дизайнын жасауды әбден үйреніп шықтым. Екі бірдей мамандықтың иегері болдым.

Осы сұхбатты пайдаланып, басымнан өткен бір оқиғаны айтып кетсем бе деп едім. Училищеде фотосуретке түсіретін факультеттің жігіттері диплом жұмысын жасау үшін шашы ұзын, әдемі, сымбатты қыздарды іздеген екен. Қазіргі тілмен модельдерді іздеген. Ұмытпасам, олар Қаражал қаласының азаматтары. Сол жігіттер оқу орнымыздағы 500 студент қыздың ішінен мені таңдады. Ең ұзын шаштың иесі болып шықтым. Мені суретке түсіріп, бейнемді Алматының Абай даңғылындағы фотоательелердің қасбетіне орналастырды. Сол фотосуреттерім екі жыл бойы қабырғалардан түспей тұрды – деп естелігін аяқтады.

Раушан апамыз 1972 жылдың күз айында қолындағы дипломмен Шет ауданының Ақадыр кентіне келеді. Училищеден берілген жолдамасы осы жерді көздейді. Ательеде сол кездегі директоры Кашкеева Раиса Қожанқызы қарсы алып, бірден «киім пішуші» мамандығына алады. Қарамағына 10 тігінші-шеберлер бекітіп береді. Олардың арасында Жаңаарқадағыдай орыстар, немістер, кәрістер, қазақтар болады. Бір жылдан соң ателье жаңадан Ақадыр ауданы құрылуына байланысты аудандық ателье болып шыға келеді.

Жұмыстың нағыз қызған уақыты осы кезеңде болады. Командасымен бірге тапсырыстарды өкіртіп алады. Қысқы, көктемгі, жазғы, күзгі киімдерге тапсырыстар көбейеді. Раушан апамыздың дизайнымен ер-әйелдерге, балаларға арналған пальтолар, дубленкалар, костюм-шалбарлар, көйлектер, жейделер, басқа да сыртқы-ішкі киімдер тігіле бастайды. Белгілі себептермен тапсырыстар толастаған кезде ауданның елді мекендеріне іс-сапармен шығуға да дәл келіп жүрген. Ол кісіге пішуші маман ретінде Мойынты, Қайрақты кенттері мен Ортау ауылы бекітіліп берілген.

1980 жылы ықшамауданда жаңадан Тұрмыс үйі бой көтереді. Жұмыс істеуге барлық  жағдай жасалады, жаңадан іс тігетін машиналар, жабдықтар мен қондырғылар алынады. Тапсырыстар көбейгендіктен үш ауысым жұмысы (таңертеңгі сағат 8-ден түнгі 12-ге дейін) ұйымдастырылады. Қызу жұмыс өзінің жемісін береді. Тігін цехының мамандарының еңбекақысы көтеріледі.

Раушан Сұлтанбекқызы жұмыс барысында шәкірттерін дайындауда біраз еңбегін сіңіреді. Атап айтқанда, Эрленбуш Ольга, Томас Вера, Кельн Нина (бәрі Германияға көшкен), Әбдрашев Жәукен, Бектұрсынова Елеу (екеуі де марқұм болды), Құрмышева Шолпан, Жүкенова Гүлжан апамыздың тікелей шәкірттері болды. Осылардың ішінен кейін Әбдрашев Жәукен Қарағанды қаласынан, Жүкенова Гүлжан Астана қаласынан өздерінің жекеменшік ательелерін ашып, жемісті еңбек еткенін айта кетуіміз керек.

1997 жылы Үкіметтің ұйғарымымен оңтайландыру мақсатында Жезқазған облысымен бірге Ақадыр ауданы да жабылды. Сол кезден бастап аудандық тұрмыстық комбинаты да құрдымға кете бастады. Дүрілдеп тұрған мекеме мамандары өз алдына жекеменшік құрылымдарды құра бастады.

Раушан апамыз тігін цехын ашып жұмысын жалғастыра берді. Бұрынғыдай тапсырыстар болмаса да, кент халқына көмегін беріп отырды. Жекелеген адамдардан, бюджеттік, теміржол саласының мекемелерінен тапсырыстар болып жүрді.

2000 жылы Ә.Ермеков атындағы тіректі мектебі Раушан Сұлтанбекқызын ұстаздыққа шақырады. 9-11 сыныптардағы қыз балаларға  «Технология және экономика» пәнінен сабақ бере бастайды. Сабақ барысында теорияны оқытып, интернат ішіндегі тігін цехында тәжірибелік сағаттар өткізіліп отырды. Оқушыларға көйлектерді, ұлттық киімдерді тігуді, ою-өрнектерді жасауды, кесте тоқуды үйретіп жүреді.

Бірнеше жыл өткен соң тыным таппайтын Раушан апамыз мектеппен қатар тағы кәсіпкерлікке бет бұрады. Кенттегі пошта байланысы торабының ғимаратынан бөлмелерді жалға алып тігін цехын ашады. Қарамағына 9 шеберді шақырады. Олардың ішінде Мыңбаева Света, Жүнісова Нұрдина, Есімғалиева Ақжолтай, Қамзабаева Зүпін, тағы басқалар болады.

2011 жылы Раушан Сұлтанбекқызы зейнеткерлікке шығады.

Еңбек жолында талай марапаттардың иесі болады. Жезқазған облыстық және Ақадыр аудандық тұрмыстық басқармалары директорларының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, бағалай және ақшалай сыйлықтарымен марапатталады.

Бүгінгі таңда зейнеткерлікке шықса да апамыз әлі де қатардан қалмай келе жатыр. Жекеменшік цехы өз алдына, үйде отырып та тігіншілікпен айналысады. Халықтан тапсырыстар алып жұмыстарын жасап береді.

Осы шаруалары жайында Раушан апамыз:

—           Тігіншілік  өнері  –  қол  мен  қиялдың  еңбегі.  Мен осы жұмысымда

жаңа дизайн ойлап тапқанды жақсы көремін. Ешбір уақытта ізденуден жалыққан емеспін. Өздеріңіз түсінгендей, шебер тек ізденіс үстінде ғана өсіп, дамиды. Маған мүндай жұмыспен айналысу рахат, ләззат әкеледі. Киімнің үлгісін (дизайнын) жасаймын. Өзім пішемін, өзім тігемін. Кентімізде ең төменгі баға менде болғандықтан елдің көбі маған тапсырыс береді.

Соңғы жылдары  темір жолдағы машинистерге, сот қызметкерлеріне, мектеп мұғалімдеріне, балабақша тәрбиешілеріне, кітапханашыларға арнайы біркелкі киімдер (униформалар) тіктім. Дәрігерлер мен медбикелер ақ халаттарға тапсырыс беріп отырады. Кенттік полиция бөлімшесі және мектеп әкімшіліктерімен келісе отырып мектеп оқушыларының оқу процесіне қажет МАИ формасын да тігіп беремін. Екі мектеп этно-жилеттер тіктірді. Ал енді, кентіміздегі «Шах-Нұр» ансамблі, мектептер мен балабақшалардағы бишілер топтарына арнайы киімдерді тұрақты түрде тігіп беріп отырамын. Олардың әрбір жаңа биіне әртүрлі киім керек екенін білесіздер.

Қазіргі кезде сауда нүктелерінде, дүкендерде киім-ке¬шектің небір түрі толып тұрғанымен, матадан көйлек тік¬кізетіндер қатары сиреген емес. Оларға да тапсырыстар болады. Қымбатқа сатып алған көй¬лектерінің өзі кейде жөндеуді қажет ететіні рас. Осындайда кентімізден, маңайымыздағы кент, ауылдардан мені арнайы іздеп келетіндер баршылық.

Кейде өмір жолымда тігіншілікті кәсіп қылғанымды есіме алып жатсам,  Манап апама мың алғысымды жаудырамын. Бұл іске деген сүйіспеншілігімді сол кісі оятқан. Ол уағында құрақ көрпе, түрлі киімдер тігуді үйретті. Кішкентайынан ине ұстағанымды жақсы көрді. Қисық тіксем, сөктіріп, кері тіктіретін. Тігуге ұқыптылығың болмаса, осылай жарайды десең, соған дағдыланып кетесің деп үнемі айтып отыратын.

Алғаш рет іс тігетін аяқты ескі машинаға 13 жасымда отырдым. Бұл өте күрделі құрылғы, инемен және аяқ педальмен бір уақытта жұмыс істеу керек, Міне, содан бері қанша жыл өтседе екі қолым инеде, аяқтарым педальда – деп әңгімесін аяқтады.

Раушан апамыздың тағы бір өнері бар. Ол жиырма жылдан астам уақыттан бері Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблінің белсенді мүшесі. Ансамбльдің қатарында көптеген мерекелік концерттерге қатысады. Халық әндерін, еліміздің композиторларының әндерін хор құрамында орындайды. Облыстық, аудандық байқауларында өнерлерін көрсетіп жүр.

Өмірлік жары Жақанов Мейрам Шырынжанұлы темір жол саласында еңбек етті. Тепловоз, электровоз машинисі болып пойыздар айдады. Жұмысында абыройлы болды. 2012 жылы 60 жасында кенеттен өмірден озды.

Ерлі-зайыптылар 4 бала тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары Назгүл жоғары білімді. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясына қарасты «Транстелеком»  бөлімшесінде бас инженер болып қызмет етеді. Спортпен тұрақты түрде айналысады. Өзінің темір жолдағы қатарластары арасында үстел теннисінен бірнеше дүркін республика, облыс чемпионы. Жұбайы Манарбек Сейітжанұлы полиция ардагері, отставкадағы подполковник. Ақадыр кенттік полиция бөлімшесінің бастығы болған. Қазіргі кезде кәсіпкерлікті нәсіп қылған. Екеуі 3 бала тәрбиелеп өсіріп отыр.

Үлкендері Нұрбек Қарағанды қаласының политехникалық университетін бітірген. «Қазақмыс» корпорациясында қызмет жасайды. Өмірлік жары Алина Оңғарқызы Е.Букетов атындағы зерттеу университетінің магистратурасында оқытушы болып лекцияларын оқиды. Екі жастағы Нұрәли есімді ер балалары бар.

Нұрай есімді қыз балалары биылғы жылғы мектеп түлегі болса, Арай қыздары әлі мектеп қабырғасында білім алуда.

Раушан апамыздың екінші қызы Назым мезгілсіз дүниеден қайтқан. Артында күйеуі Василий, ұлы Темірлан қалды. Темірлан үйленген, ПС-500 квт подстанциясында қызметте. Өмірлік жары Аружан Бекболатқызы кәсіпкерлікті таңдаған.

Ерболат есімді ұлдары әкесінің жолын қуып, теміржол саласында электровоз машинисі болып жұмыс істейді. Еңбегін абыроймен атқарып жүр. Сүйген жары Сая Аманжолқызы кәсіпкерлік саласында. Балалары Тұрар – студент, Ұлан мен Әмина мектеп жасындағы балалар.

Ең кенже ұлдары Ерқанат осыдан бірнеше жыл бұрын өмірден қайтты.  Артында зайыбы Мәлика Жомартқызы, Әнуар, Мәриям есімді мектеп жасындағы балалары қалды. Мәлика келіндерінің мамандығы фармацевт.

Тігіншінің кәсібі қанша уақыт өт¬се де еш уақытта өзектілігін жоғалтқан емес. Мамандықтардың ішінде шығармашылыққа жақын тігіншілік – нағыз өнер. Оны бала кезінен меңгеріп, кейін есейген шақта мықты маман атанған, саусағынан өнер тамған, бүгіндері 70 жастан асқан ақадырлық Сызаева Раушан Сұлтанбекқызы – өз ісінің шебері. Ол күні-түні көз майын тауысып, өзіне ұнайтын іспен айналысып келе жатқанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Ине мен жіптің көмегімен, шебер қолдарымен жай матадан керемет киім-кешек шығарғанда тігіншінің талантына еріксіз таңданасың.

Еңбегіңіз жана берсін, Раушан апай!

 

Қалижан БЕКҚОЖА,

 Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *