Менің әкем

Менің әкем – мен үшін тек отбасының тірегі емес, тұтас бір дәуірдің, тұтас бір ауылдың шынайы шежіресі. Қолмен тарих жазбаса да еңбегімен ел есінде қалған қарапайым жан еді. Әкемді еске алғанда, көз алдыма шойын дөңгелекті трактордың гүрілімен астасқан ауыл тіршілігі елестейді. Ол темірден түйін түйген, жарықсыз ауылға сәуле түсірген, соғыстың отты жылдарын кешіп, бейбіт күнде еңбек майданында өлшеусіз еңбегі сіңген азамат болатын. Бұл естелікті қағаз бетіне түсіруімнің басты себебі – әкемнің өмірі мен еңбегі арқылы ұрпаққа тағылым, тарихқа белгі қалдыру еді.

Әкем Мұттахи 1905 жылдың қарашасында Нұркен ауылы, Қызылсиыр қыстағында өмірге келген.1933 жылы Жарлы ұжымшарының (қазіргі Тоқтар ауылы) жерінде аудан көлеміндегі алғашқы РТС ұйымдасқан. 1938 жылы әкей жергілікті тұрғындар арасында алғашқылардың бірі болып РТС-қа тракторист болып орналасады. Содан 1932-1934 жылдары Новосибирь облысындағы «Көкалат» кеншарында тұрып «Фордзон» маркалы тракторда көмекші тракторист болып жұмыс жасаған. РТС-та бір жылдай «ХТЗ» маркалы тракторын жүргізіп, 1939 жылы Ақмола қаласындағы алты айлық жүргізушілер дайындайтын курсты тәмамдап шығады.

Ол жылдары ауданда 2 машина ғана болған. Аупарткомдағы «Эмка» жеңіл машинасын Дүйсен есімді азамат жүргізген. Ал, орман шаруашылығындағы жалғыз «Зис-5» маркалы машинаға әкей отырыпты. Бірақ, тыныш өмірі ұзаққа созылмаған. 1942 жылы соғыс басталып, әкей ақпанда майданға аттанады. Әр өңірден келген жауынгерлер Ақмола қаласында жасақталып, әскер құрамының сапында дайындықтан өтіпті.

Майдан даласында Бірінші Украина дивизиясының құрамында жүргенде мамырда бір иығынан жараланып, Кисловодск қаласындағы госпитальға түсіп қалады. Содан кейін емделіп, қайтадан майдан даласына аттанады.

Әкей Ұлы Отан соғысында неміс фашист басқыншыларымен соғыса жүрып, Украина-Беларусь жерлерін бүтіндей азат етуге қатысқан. Кейін Литва, Польша мемлекеттерін азат етіп, неміс жеріне өтеді. Шығыс Пруссияғада шабуылға қатысады. Корғанысы мықты, Пруссия астанасы Кенинсберг қаласын алуға ұрыстар қианкескі кескілескен жағдайда өткен. Соңында кеңес әскерлерінің қарқынды ұрысы қамалды құлатып тынды. Осы қамалды алуға қатысқан таңдаулы жауынгерлердің қатарында әкей «Ерлігі үшін» және «Кенинсбергті алғаны үшін» медальдармен марапатталды.

Әкей соғыста көрсеткен ерліктері үшін 2 рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен 2 рет «Ерлігі үшін» және «Кенинсбергті алғаны үшін» және Германияны жеңген медальдармен марапатталды. Одан бөлек, Бірінші Украина майданының Құрмет грамотасына ие болған.

Әкей 1945 жылы аман есен елге оралып РТС-та тракторист мамандығын қайта жалғастырды. 1955 жылы Нұркен колхозына көшіп келіп, тракторлар бригадасының бригадирі болып жұмысын бастады. Нұркен колхозында Дәуітбек ақсақалмен көрші болып тұрдық. Дәуітбек ақсақалдың баласы Оразқан ақсақал маған айтатын:

– Біздің Нұркен атындағы колхозға Мұттахи ақсақал 1955 жылы бала-шағасымен келіп қоныстады. Ол кезде 8 колхоз біріккен үлкен шаруашылық еді. Ауылда жарық деген болмаған. Мұттахи ақсақал келе сала балаларымен мотор орнатып, РТС-тан алған және көргенін жүзеге асыра бастады. 1956 жылы ауылға біртіндеп жарық беріліп, ол жалғасын тауып ұн тартатын диірмен орнатып халыққа жоғары сортты, 1-2-сортты ұн шығарды.

Оған басында Соколов деген бір маман тауып әкеп іске асырды. Мотор орнап, тоқ жүрген соң ағаш тілетін пилорама жұмыс жасады.Осыдан дайындалған әртүрлі қалыңдықта тақтай, тағы басқа жарақтар қажеттілікті қамтамасыз етті.

Мұттахи ақсақал баласы Ағарту өте шебер, техника тілін өте зерек меңгерген, соның арқасында ауыл тұтас колхоз алға жылдам жылжыды. Менің әкем Дәуітбек те темірге жақын ұста болды, бәрі ұжымдаса отыра шешім қабылдайтын, мен бұл уақытта 9-жаста едім, бәрін көзбен көріп, түйдім. Бірігіп кірпіш құйып үй салдық, көрші тұрдық, бәрін жақсы білемін. Үлкен ұлы Әбіл жоғары білімді бас инженер болып көп шаруы тындырды, – дейді.

Кешубаев Нұрбай басқарған Нұркен колхозы сол уақытта аудан көлеміндегі 18 ауыл арасынан ғылыми-техникалық процестің тиімділігін алғашқылардың бірі ретінде пайдалана білді. Ол жылдары қырман басында астық қабылдау пункттері құрылып, қабылданған астық қысы жазы пункттерге өлшенбей тасып жатты. Өйткені бидайды өлшейтін үлкен таразы болмады. Ұжымшарда жүк көліктерін өлшейтін автотаразынан төртеуін орнатудың керектігі туды. Мұндай жұмыс түрлері арнайы мамандандырылған СМУ бригадаларының ғана күшімен орындалатын. Осы жұмысты әкей мойнына алып, абыроймен орындап шықты.

Әкем 1968 жылы 4 қазанда дүниеден озды. Бүгінгі ұрпақ тұлғаның тағдырынан тағылым алуы тиіс. Себебі, әкемнің жүріп өткен жолы тек бір адамның ғұмыры емес, тұтас бір дәуірдің, тұтас бір ауылдың рухани-өндірістік өрлеу жолы еді. Осындай азаматтардың өмірі уақыт озған сайын қадірі арта түсетіні сөзсіз!

Әсет АҚЫНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *