Жүрегімнің лүпілі

   Ақын Ахат Баққожаұлы өмірден ерте кетті.  Небары 30 жасында дүниеден аққан жұлдыздай жарқ етіп өтті.  Бірақ артында біраз дүние қалды. ҚазГу-дың журналистика факультетін бітіріп,  жолдамамен  Жетісу облысының сол кездегі «Октябрь туы»  газетінде қызмет істеді.  «Көзден кеткен соң,  көңілден кетеді» дегендей талантты адамдардың  артында қалған мүрасын көпшілікке жария ету – кейінгі ұрпақтың парызы емес пе?  

Иә, бұл жалғаннан бір пенде мұңсыз болып өтті ме екен?!  Әй,  қайдам, мүмкін  Ахат тың да орындалмаған армандары болған шығар…

«Азамат ердің баласы, жабыққанын білдірмес,  жамандар мазақ етер»,  деп Қазтуған жырау айтқандай жарық дүниеге ғашықтығы, өмірге өкпесі Ахаттың ішінде кетті.  Сыртқа сыр білдірген жоқ, әлсіздік танытпады. Ахат  көзі тірі болса талай дүниелер жазар еді. Әттең…  Бірақ артында жарияланбаған көп өлеңдері қалды. Бүгін  ақын  Ахат Баққожаұлының бір топ өлеңдерін оқырман  назарына ұсынып отырмыз.

Мағжан САДЫХАНҰЛЫ,

ҚР  Журналистер одағы

Астана қалалық филиалының төрағасы

 

ҚЫСТЫҢ КҮНІ

Қылаулап, қар жауып тұр майда ғана,

Қалқатай, көз салшы бір айналаңа.

Қол ұстаса қыдырған бақты көріп,

Қос көңіл өткенді еске ап ойлана ма?

Қылаулап, қар жауып тұр майда ғана…

 

Есіңде ме, ол да бір қыс түні-тын,

Жұлдыздардың жұтаңдау ұсқыны тым.

Бағанаға қойыпты-ау ән салдырып,

Аяз ата білдіріп, күштілігін.

Ол да осындай қатаңдау қыс түні-тын…

 

Сәмбі тал сәукелесін қарашы әні,

Өзіңе аппақ аяз жарасады?!

Бозғылт ай баяу жылжып, көк төсінде,

Бақытты болашаққа жол ашады.

Қылаң беріп қалған ба, қала таңы?..

 

Нені сезді білмеймін, нені білді,

Көшедегі көп шамның көзі күлді.

Әзер-әзер икемдеп ерінімді,

Саған деген білдірдім сезімімді.

Көше толы көп шамның көзі күлді…

 

 

ТАҢ

 

Жер жатыр таңға құшақ айқара ашып,

Төсіне төгіп алған қаншама шық?!

Ақ сағым – сірә менің бақытымдай,

Жақын кеп жөнейтіндей қайта қашып.

 

Күн шықты жайып жалқын нұр шапағын,

Білдірді еңбек даңқын – қырқадағы үн.

Маужырай оянды әне, бар тіршілік,

Ал өмір ашты өзінің бір парағын.

 

Айналам сан қырлы сөз толған өңшең,

Туған жер таңы осынау қандай әсем!

Ей, өмір басқа тілек бар ма десең,

Мен бұдан артық сыйлық таңдамас ем!

 

Көктем көрінісі

 

Күлімдейді күн көзі жылы ең беріп,

Жер ананың жоғы бір түгелденіп,

Көктем тігіп далаға өз отауын,

Қойыпты қырға жасыл кілем керіп.

 

Жұпар желі жүзіңді желпіп желең,

Жас көңіл тәтті иіспен елтиді ерен.

О, далам, жырға айналдың сен жүректе,

Осынау нұрға толы кейпіңменен.

 

Сылқылдап сеңсең белден бұлақ құлап,

Ғашықтар әуенімен жыр атты бақ,

Шыр бітіп шартарапқа жатыр, міне,

Көктемнің көмейінен күй атқылап.

 

КӨКТЕМ

 

Төгілдіре киіп ап көк көйлегін,

Нұр жүзінен күлкісі кетпей керім.

Отау тігіп төсіне жазираның,

Келіп қапты қылықты көктем келін.

Өне-бойын мың түсті гүлмен орай,

Пай-пай, қалай паң далам түрленеді-ай!

Тастап мынау күнделік күйбеңіңді,

Тартып кеткің келеді қырға қарай.

 

 

ЖАРЫМА

 

Жарым менің жанары жаутаңдаған,

Жар көңілін ешқашан қайтармаған.

Қабағынан мұң, нала байқалмаған,

Шаттығыңды, шалқыған ақ нұрыңды.

Қандай ауыр-бір сәтке шайқау маған.

 

Жарым менің, жаз күлкі, жарқын мінез,

Білмей сүрсем, кей шақта парқыңды – кеш…

Өмір жолы бұралаң – тартыс, күрес.

Арамызға от тастап кетпесін тек,

Кейбіреулер таратқан қаңқулы сөз.

 

Ұйқы кетіп, көмейден күлкі кетіп,

Сенсіз сірә, көрген бе бір күн өтіп?

Кетсе тағдыр жүрекке мұң түнетіп.

Қанатымен су сепкен қарлығаштай,

Байыз таппай жүргенің щыр-шыр етіп.

 

Жарым менің бұрымы таратылған,

Қиғаш қасы – нәзік ай жаңа туған.

Жақсы қыздар жетерлік, бірақ сенің,

Кіл сезім мен төзімнен жаратылған,

Бұл өмірде мен үшін дара тұлғаң!

 

 

ЖУРНАЛИСТ

 

Жол үстінде үнемі, қалашыл һәм далашыл,

Жаңалықтың жаршысы, жақсылыққа жанашыр,

Оттан да өткір сөз семсер дүниесі бар асыл,

Оқырманнан оқшау еш сақталмайды дара сыр.

 

Қолдағы бар қаруы: қойын дәптер, қалам боп,

Қайдағыны одан көп, білетұғын адам жоқ.

«Қайтсем, мына өмірдің, өзіндей ғып жазам» деп

Қашан көрсең жүргені жоқ нәрсеге алаң боп.

 

Жолдамасы жазулы, бес күнге әлде, үш күн бе,

Жыл бойына жолаушы, дәйім сапар үстінде.

Елең емес аптап та, шұнақ аяз үскірген,

Ешқашан да таусылмас ол атқарар іс мүлде.

 

Мамандығы – мақтаныш, сегіз қырлы әмбебап.

Осы жанның бойында алапат күш бар ғажап.

Бұлдамайды бұл ісін, жатпас және саудалап,

Біреу болып сөйлейді ол, қаламақы алмай-ақ.

 

Талантымен табиғи, қуатымен қаламның,

Құпиясын табатын мынау тылсым ғаламның,

Жылнамасын жазатын шежірелі қоғамның,

Ол – журналист, лайықты зерттеушісі заманның!

 

 

ҚАРЛЫҒАШ – ҚАЙСАР ҚАРЫНДАС

(Өлең-очерк)

Киров ауданындағы «Еңбекші» совхозының қызылшашысы, ВЛКСМ ХVIII съезінің делегаты Қарлығаш Нүсіпбековаға арналады.

 

I

Ақ дала, аппақ айнала,

Көз жетер көлем, бар аймақ,

Жантая түсіп жай ғана,

Ұйқыға кеткен манаурап,

Ақырған мынау ақпанда,

Күннің де жолы келте ме?

Киіпті ұлпа ақ қардан,

Сәмбі тал біткен сәукеле.

 

Маңғазсып жатқан маң дала,

Шағылып жалт-жұлт күнге қар,

«Мүмкін бұл биыл қамбаға,

Миллиард құяр жыл болар?»

 

Қашан да қыстың мол қары,

Саналар жомарт жер нәрі.

Тек соны алқап бойына,

Сіңіре білсе болғаны.

 

Биыл қыс дархан соншалық,

«Жауған-ау сірә қар құлаш?» —

Әйнектен сыртқа көз салып,

Ойланып отыр Қарлығаш.

Қиялдан қиял қозданып,

Қияға қанат қағады.

Қарлығаш отыр ойланып,

Қадалып сыртқа жанары.

 

Қымқыра тістеп ерінін,

Түйіліп әнтек қабағы.

Қимас күн, сәби сезімді,

Қыз жанын баурап барады.

 

Көп нәрсеге мән бермей,

Көзінде аунап өткен күн.

Көңіліне көшіп келгендей,

Көгілдір шағы көктемнің.

 

Балалық күнін – бұлаң шақ,

Арманмен алау нұрланған.

Іздеуде жаны сұрау сап,

Жылыса көшкен жылдардан.

 

«О, менің мәңгі ұраным,

Көзіме тұнған сағыныш.

Он тоғыз жастың қиялын,

Он жетіге алып ұш!..»

 

II

…Санада бәрі сайрап тұр,

Сәуірдің сайраң күні еді.

Жасарып дала, жайнап қыр,

Жайнап тұр көктем реңі.

Құлпырып, түлеп барша маң,

Қызғалдақ өскен жайқалып.

Еседі ерке сал-самал,

Соғылып тауға, қайта ағып.

Ұстаздарға арнап гүл теріп,

Келуге бәрі тоқталып,

Кластастардың бір тобы,

Шыққан-ды қырды бетке алып

Жүздері жарқын, мәз-майрам,

Қуаныш әрбір көңілде,

Аттанар шаққа аз қалды-ау,

Болашақ үлкен өмірге.

Күтуде алда сан соқпақ,

Мақсатсыз жастық болған ба?

Ертең-ақ көбі жол тартпақ,

Алматы алыс арманға.

Қарлығаш, үш қыз тағы да

Еңбектен жолын бастамақ.

Қалуға туған ауылда,

Бел буды бекем жас талап.

…Ұядан ұшар сәт туды,

Соғылды соңғы қоңырау.

Жанарға тамшы жас тұнды,

Көңілдер тегіс налыды-ау.

Айтайық шынын, ол да рас,

Бұл іске қарсы болды ана.

Бір беткей, қайсар Қарлығаш,

Сөзінде тұрды сонда да,

Света, Тұрған, Дариға,

Қасында және үш өжет.

Білдірді тілек баруға,

Комбригадаға мүше боп,

Қашанғы дәстүр тегінде,

Мұны олар жақсы біледі –

Еңбектің қызу шебінде,

Сыналмақ жастық жігері!

 

Кеш жатып, ерте тұруға,

Біртіндеп бұл да төселді.

Қол созып биік тұғырға,

Еңбекпен солай есейді.

 

III

Әлемге Ұлы той болған,

Өткен жыл қымбат баршаға.

Құрыш қолдармен сомдалған,

Толағай табыс қаншама!

 

Қалада, ауыл, далада,

Қажырлы қимыл қарқындап.

Есімдер шықты жаңадан,

Жасампаздықпен жарқылдап.

 

Жігері білмес тоқырау,

Жалын боп жанған жүрегі.

Солардың бірі – осынау

Қызылшашы қыз еді.

 

Қызғалдақ гүлдей қырмызы,

Ақжарқын, сергек сезімді –

Жас қыздың өжет қимылы,

Алғашқы күннен көрінді.

 

Қарамай албырт жасына,

Ысылып, пысып алған-ды.

Өзінің бригадасына,

Комсорг болып сайланды.

 

Күз келді, жастар ерледі,

Ту еткен ерең еңбекті.

Жарыстың алдын бермеді,

Табысқа биік қол жетті.

 

Арманы албырт  алда әлі,

Жиырмаға келген шағы бар.

Қарлығаш биік самғады,

Есімі көпке танымал.

 

…Тағы да міне, көктемнің,

Жайқалды жасыл желегі.

Иыққа салып кетпенін,

Қарлығаш жүріп келеді.

 

Болмайды ерте қамданбай,

Күтуде алда талай іс.

Қол бұлғап бейне тұрғандай,

Мәскеуге бастар жол алыс.

 

Игілік үшін арналған,

Еңбекке шіркін не жетсін!

«Қарлығаш – қанат самғаудан,

Талмасын, мәңгі» — демекпін.

 

Арманы – маздақ, жалын жас,

Алғысын саған арнайды ел.

Қарлығаш – қайсар қарындас,

Болашағыңа самғай бер!

 

ІСМЕР

 

Ленин, Еңбек Қызыл Ту және III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің кавалері, КПСС ХХV съезінің делегаты, әйгілі тігінші Базарбала Есмұратоваға арнаймын.

 

Қыркүйек айы қоңыржай,

Қыр желі беттен өбеді.

Сарғая пісіп егінжай,

Алма бақ жеміс төгеді.

Атымтай көңіл дарқан күз,

Молшылық құйып қамбаға,

Өзіне іңкәр тартар көз.

Тербеле, толқып дән-дала.

Қызығы, еңбек дүбірі,

Бояуы бөлек не түрлі.

Үстіміздегі күз – ұлы,

Той дастарханы секілді.

Жаңа өмір, шат күн, бақ дәуір,

Жеткізген бейбіт шаққа бұл,

Алпысқа толды Октябрь,

Алпысқа келді Октябрь!

Ақтарыл, жырым ақтарыл!

Іске асып жоспар негізгі,

Міндеттер не бір маңызды.

Жасампаз еңбек – өмірді,

Жайнатып жатқан тәрізді.

Қайнатып жатқан тәрізді.

Тиянақты еңбек, әр ісі,

Торқалы тойға арналып.

Тасқындап, тасып табысы.

Тер төкпей жүрген бар ма жұрт?!

Құлашын жарыс кең жайып,

Қажырлы қимыл қарқындап.

Көрсетіп ерлік ғажайып,

Жүргендер қанша жарқылдап!

Солардың біз де біреуін,

Жыр етсек бүгін, айып па?

Арманы, абзал тілегі –

Қызмет ету халыққа.

Мерейлі міндет ол үшін.

Жаңарған мынау қоғамда.

Отаны, туған елі үшін,

Қызмет ету адамға.

Дана сөз қандай дәлелді:

«Шебердің көпке қолы ортақ».

Осынау нағыз шеберді,

Қаншама жас жүр жаны аңсап.

Он сегіз көктем, сонша күз.

Осындай еңбек тағдыры.

Он сегіз жылда ол нағыз,

Он сегіз ісмер баулыды.

Бесжылдық жоспар – үш жылда,

Іске асты, жанды еңбегі,

Бұл – нағыз қайрат, күш, тұлға,

Базардың ғана өрнегі!

Жайсаң-ды неткен, жаз жаны,

Ісінен әркім үлгі алар.

Атында оның арнаулы,

Облыстық үлкен жүлде бар.

Омырауындағы үш орден,

Айтулы еңбек айғағы.

Биікке солай самғады,

Жаннатты өлке саңлағы!

Теріске санар кім мұны,

Бұл – өмірдің шындығы.

Шарықта, талма шабыстан,

Шапағатты елдің дүлділі!

 

ӨКІНІШ

 

Абажадай бөлмеде,

Әңгімелері жараспай екеу отыр.

Жұқалтаң жігіт тілші еді,

Еңгезердей екіншісін,

Сансыз сұрақпен төпеп отыр.

 

Жаз кетті, міне күз де өтті,

Қылышын сүйреп қыс келді.

Жем-шөп жинау жөнінде,

Сіздерде не істелді?

…Бастық басын шайқап,

Көзін жұмып, тістенді.

Сосын:

— Шырақ, былай болды,

Өзің білесің,

Биыл ауа райы қуаң болды,

Қысқасы жерге қылтанақ шықпай.

Лаң болды,

Демек енді.

Қалыпты қор жинау үшін,

Үлкен күш керек болды.

Осыны жете ойланып,

Жатпай-тұрмай сайланып,

Кіріскенбіз.

Бірақ техника шыдамай,

Шетінен сына берді.

Біртіндеп қатардан шыға берді.

Оның үстіне адамдарымыз да азайып,

Өйтіп-бүйтіп жүргенде,

Өкініш…

Өте шығыпты жаз айы.

Күзде қайтадан күш жинадық.

Бірақ бәрі кеш екен,

Айтарлықтай іс қылмадық

Енді соның бәрін түсініп,

Отырған жай бар қысылып…

Бастық мүлдем мүдірді.

Абыржыған түрінен.

Өкініш табы білінді.

 

 

КӨКТЕМ КӨРІНІСІ

 

Күлімдейді күн көзі жылы өң беріп,

Жер ананың жоғы бір түгенденіп.

Көктем тігіп далаға өз отауын,

Қойыпты қырға жасыл кілем керіп.

 

Жұпар желі жүзіңді желпіп желең,

Жас көңіл тәтті иіспен елтиді ерен.

О далам, жырға айналдың сен жүректе,

Осынау нұрға толы кейпіңменен.

 

Сылқылдап, сенсең белден бұлақ құлап,

Ғашықтар әуенімен гүл атты бақ.

Жыр тарап шартарапқа жатыр, міне,

Көктемнің көмейінен күй атқылап.

 

 

ЖЕТІСУ

 

Өзің берген кеудемде нөсерлі арын,

Сен туралы сөз алса шешен жаным.

Жеті өзенім – алысқа сапар шегіп,

Шырқап кеткен дәл менің жеті арманым.

 

Қыл сезімін шабыттың толғап па ең сен,

Жүрмін саған жырымды арнап көркем.

Гүл көмкеріп, нұр құшқан керім дала –

Жетісуым, о, менің жаннатты өлкем!

 

Далаң бүгін өзгерген, тәрізді бақ,

Өз ісіңмен жатырсың аңыз құрап.

Молшылыққа мақсатың үлес қосу,

Ертеңді ойлау ерекше маңыздырақ.

 

Бұл күндері қарайды өрден көңіл,

Баянды, шат бабына келді енді өмір.

Айнала бер береке ордасына,

Абыройы аспандай орденді өңір!

 

ҚАРАТАЛ

 

Толқынын көкке атқан ерке өзенім,

Әуеніңді келеді шерте бергім.

Туа сендік сезімге бөленіп ем,

Түбі сол бір жалынмен өртенермін.

 

Жоңғар таудың жар төсін жарып аққан,

Жоны – жомарт, төсі – той, сайы – мақпал,

Сері самал сергіткен өрелі өзен,

Кел де менің кеудемнің әнін ақтар.

 

Көңіліме қашан да кең дала пір,

Жасырар ма, сірә да, белбала сыр.

Менің мәңгі сарқылмас қайнар көзім,

Шабытымның бастауы сенде жатыр.

 

Шәрбат-суға тамсанып тұрады адам,

Қанша жұтсаң қанар ма құмар одан,

Ағыныңды баласам арманыма,

Алыстарды аңсамау – күнә маған!

 

 

ІЗДЕП КЕЛЕМ

 

Сағыныштың арқалап бар салмағын,

Мен сені іздеп келем, аңсап жаным.

Сол сағыныш сәт сайын сабылтумен,

Байқамаппын өмірде шаршау барын.

 

Сен болған соң арманды аңсаулы әнім,

Мен басқаның бағына тамсанбадым.

Сендік сырды сарғайтып сақтап келем,

Сендік жырды мен жазып тауыса алмадым.

 

Қайда екенсің еркешім, кәусар бағым,

Шөліркесем шәрбатты сары саумалым.

Сан үміттің отауын шарлап шықтым,

Бірақ сенің өзіңмен қауыша алмадым.

 

Ақ бас тауларым, салиқа салқар кең далам,

Өр дауылдарыңды, найзағайларыңды бер маған.

Тірлікте мынау тізгінін жазып талғамым

Қиян-шалғайға, Тьянь-Шаньға, алға қомданам.

 

Еңбекпен туып, ер жетіп биік самғаған.

Әділет-ардан жалындап жанған, лаулаған.

Көңілінде тұнған, өмірден туған арман ән,

Жастық шақ деген, тасқын шақ деген мен болам.

 

 

ДОС ТОЙЫНДА

 

Досым еді, бір бойдақ жігіт бар-ды,

Жақында сол үйленіп, үміт жанды.

Бір той жасап берді де ұлан асыр,

Салт бастылар сапынан шығып қалды.

 

Шек болмады бұл күні жыр-ағынға,

Ата-анасы ес таппай қуануда.

Күміс күлкі тойымен салтанатты,

Бір жаңа отау қосылды, міне ауылға.

 

Шаттық пенен шарапты теңге бөліп.

Біз қуаныш шыңына өрмеледік,

Кешегі ерке қара қыз біреулерге,

Шыға келді жайдары жеңге болып.

 

Қыз-бозбала би билеп, ән шырқатты,

Көңіл шіркін көк теңіз – толқын атты.

Ақ махаббат көтерген жас отаудың,

Шаңырағы шаттықтан шалқып жатты.

 

 

 

 

САТУШЫ ҚЫЗҒА

 

Ғажайып әлде әнсің бе,

Күлімдеп көзің, күн – кейпің.

Қуаныш сыйлап әркімге,

Ренжіту әсте білмейсің.

 

Парасатыңмен биіксің,

Ісіңнен көрем ізгілік.

Сандаған сылқым жігіттің,

Бүйірін жүрсің «қыздырып».

 

Көгілдір керім көктемдей,

Өмірдің мәнді жыр-әні.

Арманшыл ару тек сендей,

Ақ көңілдердің мұраты.

 

Байқала бермес өзіңе,

Бақыт қой, шіркін әманда.

Орныңды тауып өмірден,

Қызмет ету адамға.

 

Дарқан-ды жаның қаншалық,

Көңіліңде мәңгі көктем-нұр,

Сауда емес, разы барша жұрт,

Ықыласыңда мөп-мөлдір.

 

Алдағы айқын мақсатың,

Тауыпсың өмір-арнаңды.

Осынау жырым шап-шағын,

Өзіңе ғана арналды.

 

 

КӨШ БАСЫ

 

Ақ көрпесін жамылып,

Манаурайды дала-қыр,

Алдағы атар таңы – үміт,

Келді, міне, Жаңа жыл.

 

Жаңа жылым – көш басы,

Ізгілікпен, кел, төрлет.

Табысты үйіп тасташы,

Өрелі істі өркендет.

 

Игі істі ақын қылған ба,

Көңілінің күйі етпей.

Сара жолмен самға алға,

Мендегі асыл ниеттей.

 

КӨКТЕМ КӨРКІ

 

Керімсал дала, кермек қыр

Көз жетер жерде көлбеп нұр.

Көгілдір көктем көк пүліш,

Көңілді бей-жай тербеп тұр.

 

Қанатын қағып баптап-ақ,

Қарлығаш ұшып ақ тамақ.

Қалқыған мамық бұлттарға,

Құрбы қыз тұрды шат қарап.

 

Сәніне келген сыршыл бақ

Сыбырын желдің тұр тыңдап,

Сай ішін шарлап бұлақ жүр,

Секіре билеп, былқылдап.

 

Шудалы бұйда өстіріп,

Шұбайды бұлттар көш құрып.

Шалқыған сағым алыстан,

Шәйісін желпір кешкілік.

 

Өзгеше тілмен теңерек,

Өзінше бір саз себелеп,

Өзгерген мынау көктемде,

Өлкемнің кейпі керемет!

 

КҮЗ КӨРІНІСТЕРІ

 

Сарғыш тартып барады күз реңі,

Салқын кештен білінер сыз лебі,

Сыңси ұшқан тырналар керуені,

Сұрғылт аспан төсінде тізіледі.

 

Сазға болса сансыз бел, сар даланы,

Сағынышты-ау тырнаның салған әні.

Сарабдал күз келгесін бар ма амалы –

Селдіреп-ақ қалыпты алма бағы.

 

Бір-бір ұшып көзінен көктем керім,

Беймаза күй кешуде көк пен жерің.

Сән-көркінен айырылған сайын дала,

Сағыныштан сарғайып кеткендейін.

 

Қыз-келіншек қызыққа батып әні,

Қызыл дәнін қырманның сыпырады.

Қызу еңбек өлкемнің атырабы –

Қолын бұлғап өзіне шақырады.

 

Аршындады диқанның қазір ісі,

Аңыздардан аңқиды дән иісі.

Алтын дәнді мына өңір – нанға деген,

Адамзаттың сарқылмас сағынышы.

 

Алға көшіп тартады арман ғасыр,

Абыройы елімнің самғауда тұр.

Жомарт көңіл, дарқан күз ән-өмірді.

Жалғау үшін қамбасын қамдап жатыр.

 

 

ЭЛЕГИЯ

 

Бұлт бүркеп көңіл аспанын,

Жарасы жанның жүр сыздап,

Оралмай қайта жақсы әнім,

Жырақтап кетті жыр-шумақ.

 

Дүние маған мүлгіген,

Қырқалар жатыр үнсіз қап.

Күйіне келмей тұр білем,

Бұйыға қапты сыршыл бақ.

 

Ақ сеңгір асқақ Жоңғар да,

Арманға мәңгі тал бесік.

Ауыр бір ойға шомғандай,

Мүлгиді тұнжыр хал кешіп.

 

Көк, жасыл қырат көзге әсем,

Ақ қайың тұрған арда өсіп.

Жоғалып жазғы өзгеше өң,

Кеткендей мүлдем сән көшіп.

 

Жұлдыз жоқ көкте не түрлі,

Жымдасатын жұптаса,

Ай-ару нұрсыз секілді,

Қалған ба жүзін бұлт баса?

 

…Өзіңе ғана сақтаулы,

Сырымды, сәулем, ұқпасаң –

Мен үшін дүниең мақтаулы,

Қызық та емес тіпті, аса…

 

 

ҚЫСҚЫ ШУМАҚТАР

 

Ұшпа желмен ұшары ырғатылып,

Қысқы бақ тұр ғажайып сырға тұнып.

Тұңғиық ой тартады ақын жанын,

Тереңнен бір алып, бір батырып.

 

Қиял құсы шарлайды шартарапты,

Жүрек, шіркін, тулайды сонша қатты.

…Ойға оралды балауса махаббатым,

Аймалаған ай келбет, ақ тамақты.

 

Ойқастады от жалын он сегізім,

Тастап кеткен жанымен тентек ізін.

Ойға оралды осынау түнгі бақта,

Мұңайтқаным біреудің ерке қызын.

 

Енді білдім…болыпты-ау өзімде мін,

Талай түнде дөңбекшіп көз ілмедім.

Он сегіздің от шашқан алауларын,

Өкінішті-ақ өте кеш сезінгенім.

 

Есімі де, өзі де Құралай-ды,

Қиғаш қасы еске сап тұрар айды.

Мүмкін өзін ол да өстіп кінәлайды,

Жанын қинап жүр ме екен мына қайғы?

 

Жыр оқыған шағымда шабыттана,

Жәудіреген лағылдай жақұт, қара

Жанарымен тұрушы ед бағып қана,

Ал мен үшін сол сәтте дүниеде,

Бұдан артық болмайтын бақыт, баға

 

Лапылдата жандырып сезім отын,

Қызық-қызық қиялға берілетін,

Бір арманнан бір арман өрілетін,

Бақыт құсым болып-ақ көрінетін.

 

Ол ма, мен бе, білмеймін кім кінәлі,

Жауап таппай осыған жүрмін әлі…

Бақытымның үзіліп бұлбұл әні,

Ұзап ұшып көзімнен бұлдырады.

 

Сезім бөлек, бұл күнде санам басқа,

Кетті ойнақтап он сегіз оралмасқа,

Ұмытылды бәрі де,

Жылдар мені,

Жолықтырды өмірлік адал досқа.

 

Өзіме өзім отырмын кеңес беріп,

Өткен күннен қалыпты-ау мол естелік.

Баққа келсем өтеді көз алдымнан,

Құралай қыз, он сегіз елес беріп.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *