Жақсы адам туралы естелік жазып, қалам тербеу оңай болмайтыны анық. Оның себебі де бар, қалам суреттеуі тиіс кісінің шынайы болмысын, оны өзгелерден даралайтын ерекше қасиеттерін, еңбекке деген құлшынысын, туған-туыс, досқа деген шынайы қарым-қатынасын, өмірге ықыласын дәл бедерлеп беру қиынға соғатыны шын. Бүгін біз сол Жаратушымыздың берген азғантай ғана өмірінде қарапайымдылығымен, үлкенге де, кішіге де құрметпен қарайтын ізеттілігімен елдің есінде қалған Жүнісбеков Айдос Тәжібайұлы жайында әңгімемізді өрбітпекпіз.
Алдымен Айдостың шыққан тегіне көз жүгіртіп өтейік. Марқұмның үлкен әкесі Иген Жүнісбекұлы мектепте балаларға сабақ беріп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Алғашқы айлардан бастап замандастарымен бірге елімізді қорғауға аттанады. 1943 жылы қан майданда ауыр жарақат алып, соғыс мүгедегі ретінде ауылға қайтады.
Отыздан асқан майдангер тылдағы еңбекке білегін сыбана кіріседі. Ол уақытта Коммунистік партия қайда бар десе, сонда бару керек. Шаруашылықтары кенже қалған «Ақсу», «Абай», «Қарабұлақ», К.Маркс атындағы, В.Ленин атындағы колхоздарда басқарушы болып, тығырықтан шығуларына үлкен септігін тигізеді. Колхоздар жабылып, совхоздар құрыла бастағанда жаңадан бой көтерген «Ақшатау» совхозы директорының орынбасары қызметіне ауысады. 1965 жылы Ақбұлақ ауылдық Кеңесінің төрағасы болып сайланады. Осы қызметтен зейнеткерлікке шығады.
Иген Жүнісбекұлы Шет, Ақадыр аудандарының халқы арасында беделі жоғары, абыройы биік, зиялы ақсақалдардың бірі болды.
Иген ақсақал зайыбы Майса Егенқызымен бірге 14 бала тәрбиелеп өсірді. Ұлдың үлкені болып өмірге Тәжібай келеді. Шет ауданының Ақбауыр ауылында дүниенің есігін ашқан ағамыз отбасымен бірге қай ауылға көшіп барса, сол жердің мектебінде білім алып жүреді. Ақыры аяғында Ақшатау кентінің С.Киров атындағы мектепті тәмамдап шығады. Бірер жыл шаруашылықта әртүрлі жұмыстарда болып, әскер қатарына да барып келеді. 1971 жылы Ақадыр кентіне көшіп келіп, локомотив депосына плотник болып жұмысқа тұрады. Бір жыл өткен соң машинист көмекшісі курсын бітіреді. Көмекшіліктен өтіп бақандай қырық жыл бойы тепловоз, электровоз машинисі болып қызмет етеді. І санаттағы маман жұмысында абыройлы болады, «Қазақстан темір жолы» компаниясы, Қарағанды темір жол бөлімшесі, өзі жұмыс атқарып жүрген депо басшылықтарының көптеген марапаттарымен құрметтеледі. Бүгінгі таңда 76 жасқа келген еңбек ардагері кент тұрғындары арасында зор беделге ие болған ақсақалдың бірі.
Тәжкеңнің зайыбы Мәрияш Есімханқызының мамандығы дәрігер-стоматолог. Аудандық, кенттік ауруханаларда тіс дәрігері болып қызмет еткен. Аудандық емхананың меңгерушісі қызметінде де болған.
Тәжібай ақсақал мен Мәрияш апай 4 баланы тәрбиелеп өсірген. Айдос отбасындағы екінші бала. Нағашы атасы мен әжесінде анасынан басқа бала болмағандықтан бір жасынан оны бауырына басып алады. Алты жасқа келгенде атасы жарық өмірден өтеді. Әжесімен екеуіне Ақадырға қоныс аударуға тура келеді. Жеті жасында Ә.Ермеков атындағы қазақ мектебіне барады.
Анасы Мәрияш Есімханқызы баласын еске алғанда:
– Айдос кішкентайынан ширақ болып өсті. Бір орнында отырмайтын. Қашан көрсеңде жанынан балалар кетпейді, ойынға тоймайтын. Таңның атысынан күннің батысына дейін доп қуып, асық ойнайтын. Жақын арада үйдің ішін жинастырып жүргенде баламнан қалған екі дорба асықты тауып алдым. Қаншама жыл өтіп кетсе де, сол қалпы. Кеше ғана ұтып әкелгендей ұқыптап дорбаларына салып қойыпты.
Мектеп бітіргенше Айдосымның үйде отырып сабағын орындағанын көрмеппін. «Балам-ау, сабағыңды оқымайсың ба?» дегеніме: «Мен мұғалімдердің мектепте түсіндіргенін миымда сақтап аламын. Ертең сабақта сұрап қалса өз ойымды қосып сол қалпы айтып, жауабын беремін» — деп ойынына жүгіріп кететін. Домбыраны тартуды, қобызды ойнауды үйренгенде әуенді тез қағып алатын адамдар болады деп естуші едім. Ондайларды ел «құймақұлақ» дейді. Сондай қасиет біздің баламызда болғаны анық.
Мектепте математика пәнінен беретін Сейітжаппар Әйкенұлы оқушысының талабын қатты қадірлейтін. Бақылау сабақтарында Айдос өзінің есебін де, маңайындағы сыныптастарының да есебін шығарып береді екен. Сонда ұстазы: «Жүнісбеков, сен өз есебіңді ғана шығар. Басқаларда шаруаң болмасын, мен бәрібір сенің есеп шығару стиліңнен біліп қоямын. Ендігәрі солай жасасаң, сенің өзіңе екі қоямын» — деп әзіл-шыны аралас ескертпесін беріп жүрген.
Айдос баламыз сабағын кілең «беске» оқыды, талай олимпиадаларға барып халықаралық, республикалық деңгейлерде жеңімпаз, жүлдегер атанды. Мектепті «Алтын медальмен» аяқтады. Бұрындары мектеп түлектері аттестаттарын бір күні алып, «Алтын», «Күміс» медальдар кешуілдеп келіп кейін алып жататын. Сол жолы аттестаттар да, медальдар да бір күнде келіп баламызбен бірге бәріміз үлкен қуанышқа кенеліп едік, – деп сөзін аяқтады.
Айдос Тәжібайұлы 1997 жылы М.Тынышпаев атындағы Қазақ Көлік және коммуникациялар институтының «Жол қатынасы және құрылыс инженері» факультетіне оқуға конкурссыз түсті. Олай жоғарғы оқуға түсуіне мектепте оқып жүргенінде олимпиадалардағы жеңістері себебін тигізген.
Білімге құштар Айдос бұл жерде де үздіктер қатарында болады. Институтта дәріс алуымен бірге қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ректораттың, деканаттың, оқытушыларының көздеріне түсе бастайды. Жақсы мамандар қай салаға болсын керек. Осы тұрғыда болашағынан зор үміт күттіретін студентін инситут қабырғасында қалдырмақшы болады.
Алайда, әкесі Тәжібай баласының Алматыда қалғанын қаламайды. Ауылға қайтып, отбасының жанында болғанын дұрыс деп есептейді. Ақадырдағы Жол дистанциясының (ПЧ-26) бастығы Қилыбаев Мертай Башкенұлына жолығып, мекемесіне маманның керектігі туралы институт ректорына хат жазуын, сол арқылы баласын елге қайтаруға көмек беруін өтініп сұрайды. Дистанция басшысы ауылдасының көңілін қалдырмайды.
Сонымен институтты қызыл дипломмен бітірген Айдос Тәжібайұлы Ақадыр кентіне, туған ауылына келеді. Келген бетте локомотив депосына электровоз машинисінің көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Жоғары білімді, қызыл дипломы бар маман болса да электровоз айдауға арланбайды.
Бір жылдан соң «Барыс-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұрынғы локомотив депосы) техникалық бөліміне қызметке ауысады. Кейін атауы өзгеріп «ЫРЫС-2004» серіктестігінде инженер-технолог, бас технолог, өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, бас инженері қызметіне дейін бүкіл сатылардан өтеді.
Бас инженер қызметін атқарып жүргенде мамандармен бірге серіктестіктің жанынан тепловоз, электровоз доңғалақтарын жасайтын цехты ашуға бар білімін, күш-жігерін салады. Сол цех қазіргі уақытта өз алдына жеке мекеме – «Ақадыр доңғалақ цехы» болып, тек ғана Қазақстаннан емес, көршілес елдер Өзбекстан мен Қырғызстаннан тапсырыстар алып, өндірістерін дамытуда.
2001 жылы өзінің ауылдасы, өмірлік жары Күмісжан Байназарқызымен сөз байласып, жас отау құрады.
2005 жылы Айдос Тәжібайұлы Қостанай облысының Есіл станциясы депосы – «Есіл жөндеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастығының орынбасары болып ауысады. Бірер жылдан соң Ерейментау станциясындағы «Ақжол А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болады. Басшылық қызметтерде жүргенінде мекемелерінің жұмысының алға жылжуына біраз тер төгеді, өзгерістер енгізеді.
Есілде қызмет еткен жылдары еңбектен қол үзбей Қарағанды қаласының экономикалық университетін «Заңгер» мамандығы бойынша оқып шығады. Қолына тағы бір қызыл диплом қонады.
Бес жыл өткен кезде бәзбіреулер кабинетіне келіп: «Сіздің мекемені толығымен сатып алдық, енді бізге тапсырасыз» дегені бар емес пе? Амал жоқ, көнуге тура келеді. Мекемені алық-беру актісімен тапсырады. Ауысым басшысы бол деген ұсыныстарына қарамай, Астана қаласына көшіп кетеді.
Қызметсіз қалған Айдос Астана қаласындағы «Локомотив құрастыру» акционерлік қоғамының кадрлық жұмыстары жөніндегі жетекші маманы болып жұмысқа тұрады. Бір күні бірінші басшы шақырып жатыр деген соң, қабылдауына келеді. Сөйтсе, ол кісі қарамағындағы қызметкерлерінің кадрлық істерін қарап отырып, оның басшылық қызметтерде болғанын, теміржол саласында бірсыпыра еңбектенгенін көріп қалған екен. Сол күннен бастап бастығының ең жақын көмекшісіне айналады. Бірден оны Германия еліне үш айға оқу процестеріне қатысуға, екіжақты тәжірибе алмасуға жібереді.
Қоғамның басты міндеті тепловоздар жасап шығару, шет елдерден керек жабдықтар мен қондырғыларды алу. Сол зауытта механик, инженер болып істейді, кейін зауыттың бас директоры болып тағайындалады. Осы лауазымда жүргенде Еуропа, Америка, Ресей елдерімен қоян–қолтық қызмет жасайды. Темір жол саласында болашағынан үміт күттіретін маман ретінде таныла бастайды.
Еңбегі мен білімін ұштастыра білген жас басшы ғылыми жұмысын жазады, доцент дәрежесіне қол жеткізеді.
Айдос Тәжібайұлы теміржол саласында орталық оқу бөлімін ашсам деп ниеттенеді. Өйткені, еліміздің ішінде де, шет елдерде көп жүріп біраз тәжірибе жинағаны бар. 2016 жылы армандаған орталығын ашуға сәті келіп, соның директоры болып бекиді. Оқу орталығында жүргенде еліміздің көптеген қалаларына барып, оқу процесін ұйымдастырады. Олардан білім алған теміржол саласының мамандары жұмыс санаттарын көтеріп, еңбекақыларының көбеюіне септігін тигізеді.
Алайда, бір тынбай еңбек еткен жас жігіттің денсаулығы жылдар өткен сайын сыр бере бастайды. Жұмыстан көз ашпай жүріп, жөні түзу емін де ала алмай жүреді. Соңғы қызметінде іс-сапарлары көбейіп, денсаулығын қадағалап жүретін уақыты аз болады. Оның соңы сырқатының асқынып, өмірден ерте кетуіне әкеледі. Небәрі 44 жыл өмір сүрген Айдос Тәжібайұлы жарық дүниемен қоштасып кете барды. Жұлдызды ғұмыры ерте өшті…
Тәжібай ақсақал баласы Айдосты былай еске алады:
– Айдос балам көпшіл болды. Достары да баршылық. Келген сайын
үйге бір топ жолдастарын ертіп келеді немесе солармен бірге кетеді. Әсіресе, осыдан бір-екі жыл бұрын қайтыс болған Өзбек есімді досының ауылынан шықпайтын. Достарына қолынан келген көмегін көрсетіп жүрді. Жалпы жолы болғыш еді.
Бізге де қамқорлығын аямайтын. Бірде маған және ұлым Асхат екеумізге демалуға, ем алуға Бурабай санаторийіне жолдамалар алып берді. Ол жақта 20 күндей болғанбыз. Қайтуға екі-үш күн қалғанда ұлым звондап тұр: «Батя (мені солай атайтын), қашан қайтасыздар?» дейді. Мен: «Екі-үш күн қалды ғой, қайтармыз» дедім. «Жоқ, бір шаруа бар еді. Сіз маған өте керексіз» дегені. «Жарайды онда, көлік жіберсең ертең-ақ келеміз» деп жауап бердім.
Ертеңінде балам жіберген көлікпен Астанаға келдік. Келсек, пәтер алу ойы бар екен. Соған қаражаты жетпей қалған. Менен ақша сұрады. Мен оған: «Қазір қолма-қол ақшам жоқ. Жайлауда жылқы, сиыр малдарым бар. Телефонмен хабарласып сатқызып көрейін» дедім.
Мына қызықты көрмейсіз бе, екі-үш күннің ішінде құлынды бием, тағы бір бием, байталым, тайым, сиырым, үш құнажыным бір мезетте сатылып кетті. Ақшамыз қалаға жеткізіліп, ұлым ипотекаға үш бөлмелі пәтерді алды. Баламның отбасы қазір сол пәтерде тұрып жатыр. Ұлымның жолы жеңіл екенін сол жолы анық сезіндім, – деп ойын тұйықтады.
Марқұм Айдостың тағы бір жақсы қасиеті болған. Ол тал, гүл егуге, оны баптап күтуге, жүрген жерін жасыл желекке айналдыруға деген құштарлығы. Жас кезінен бағбандыққа үйір болып, көктем – күздерде тал, ағаштар әкеліп үйдің ауласына, маңайына отырғызып жүрген. Ақ қайың, терек, қарағаш, ранетка, тағы басқа ағаш түрлері үйдің жанындағы 350 шаршы метр құрайтын алаңда орын алған. Уақыт келе сол аймақ кішігірім жасыл скверге орана бастаған.
Ұлдарының мезгілсіз қазасы ата–анасы Тәжібай Игенұлы мен Мәрия Есімханқызының жанына қатты батады. Күндіз–түні баласын жоқтаған әке Айдостың бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге бел буады. Ұлына деген сағынышын басып, осы істен жұбаныш іздейді.
Жылдан – жылға отырғызылған талдың саны көбейе бастады. Қазіргі уақытта саябақта 200 – ден аса тал бар. Олардың ішінде терек, қарағаш, ақ қайың, үйеңкі (клен), итмұрын, ранетка, қарақат, шие өсіп тұр. Алматы қаласынан арнайы киіз үй сатып алынып, саябақтың тура ортасына құрылған.
Сонымен бірге, Тәжібай ақсақал өзінің қаражатына 40 профильді парақтарын, 400 метр құбырларын, 92 темір сөрелерін (стойки) сатып алып, саябақтың қоршауын орнатады. Әрине, жалғыз емес. «Асар», «сенбіліктер» ұйымдастыру арқылы достарының, көршілерінің, ауылдастарының қатысуымен. Игілікті шараларға кент әкімі Қойшыбаев Мерей, Шет аудандық мәслихатының депутаты Есжанова Несіпкүл, жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Сейітов Нұрлан қатысып, жақсы көмектерін берген.
Тәжібай ақсақал саябақ жөнінде: Осы саябақ туралы кент әкіміне иеліктеріңе кіргізіп, қамқорлыққа алыңдар деп өтініш жасағанмын. Шыны керек, ол кісі құптады. Бірақ, берген уәдесі ауданның адамдарының 4-5 рет келіп саябақтың жерін өлшеуден аспай тұр. Арманым, сол әкімдерге айтқан тілегім орындалса екен деймін – деп ойын жеткізді.
Айдос Тәжібайұлының отбасы Астана қаласында тұрып жатыр. Зайыбы Күмісжан Байназарқызы екі ұл, бір қызды тәрбиелеп өсіруде.
Үлкен ұлдары Әнуар әкесіне тартып Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ақпараттық технологиялар» факультетін қызыл дипломмен бітірген. Бүгінгі таңда жекеменшік құрылымында еңбек етеді.
Қыздары Аружан да сол университетті, сол факультетті ағасынан қалыспай үздік бағалармен аяқтаған. Әрі қарай магистратурада оқуын жалғастырамын деген ойы бар.
Кенжелері Әмір мектеп оқушысы. Сабағына ұқыпты болып, білім алуға құштарлық танытып жүр.
Әңгімеміздің соңында айтарым, Жүнісбеков Айдос Тәжібайұлы қысқа өмірінде өзгелерге салмақ салмай, айналасына қамқорлықтың нұрын шашып жүретін жанның бірі болды. Әрдайым жұлдызы жоғары болып, жастайынан білім алуға, мамандық иесі болуға талпынып, қай қызметте болмасын жанын салып артында өшпейтін із қалдырды деп ауыз толтырып айтуға болады.
Ендеше, ата-анасына, апа-інілеріне, артында қалған жан-жары мен ұл-қыздарына бақуатты, ғұмырлы өмір тілейік.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті.