Археологтар ашқан сыр

Жаз шыға археологтар қолдарына керек жабдықтарын алып тарихи жерлерді аралап, өткен күннен сыр шертетін жәдігерлерді іздеуге шығады. Биыл да Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің археологтары Бұқар жырау ауданының аумағында орналасқан көне қоныс орнынан бірқатар құнды археологиялық олжа тапты. Сонымен қатар Нұра ауданында  экспедиция мүшелері шамамен мың жыл бұрын өмір сүрген баланың қабірін тапты.

Бұқар жырау ауданы Төрткөл ауылының маңынан анықталған бұл қоныс – қос қатар тастан қаланған қабырғалары бар жартылай жертөле үлгісіндегі құрылыс.

Қазба жұмыстары барысында геоме­т­риялық өрнектермен безендірілген қыш ыдыс сынықтары, жануарлардың сүйектері, тас бұйымдар, шақпақ тастан жасалған жебе ұшы мен металл пышақ табылды.

Керамикалық кешеннің сипаттамасы мен құрылыс ерекшеліктеріне сүйене отырып, археологтар бұл нысанды алакөл археологиялық мәдениетіне жатқызып отыр.

Алдын ала деректер бойынша, қоныс б.з.д. XVIII-XVII ғасырлар аралығына тиесілі.

– Алда қыш материалдарына техника-технологиялық талдау жасалып, нысанның нақты мерзімін анықтау үшін үлгілер ра­диокөміртекті зерттеуге жіберіледі. Қола дәуіріндегі қоныстарды жүйелі зерттеу – Орталық Қазақстан аумағындағы көне тұрғындардың шаруашылығы мен күнде­лікті тұрмысы туралы білімімізді кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Сарыарқа архео­логиялық институтының директоры Алексей Кукушкин.

Ал  Нұра ауданында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің экспе­диция мүшелері шамамен мың жыл бұрын өмір сүрген баланың қабірін тапты.

Табылған зират – бұ­рын белгілі болған Изен­ді-6 бейітінің бір бөлігі.

Археологтар құры­лыс­ты іріктеу кезінде бұрын байқалмаған қабірді тапты. Айта кетерлігі, жерленген аумақ ғасырлар бойы бұ­зылмай, сақталып қалған.

Онда ғалымдар мар­құмның сүйегін, жебе ұш­тарын, ат әбзелдері­нің бөлшектерін және был­ғары дорба тапты. Сүйектің жанынан сұрақ белгісі түріндегі сырға табылды. Мұндай сырға­лар XII-XIV ғасыр­ларда қыпшақтарға тән болатын.

Антрополог Айкүміс Раисова кешен­­­ді остеологиялық талдау жүргізіп, сүйек­тер 9-12 жастағы балаға тиесілі екенін анық­тады. Сондай-ақ баланың тірі кезін­де сол жақ иық сүйегін сындырғаны анық­талды, бірақ өлген сәтте сынық бітіп үлгерген.

– Мұндай жерлеулер сирек кездеседі. Орта ғасырдағы ескерткіштер Қарағанды облысының аумағында аз зерттелген, сондықтан осы кезең бойынша алынған жаңа нәтижелер өзекті және қызықты, – дейді Алексей Кукушкин.

Радиокөміртекті талдаудың деректері­не сәйкес, көму ХІІ-ХІІІ ғасырларда бол­ған. Ғалымдар қосымша талдау жүргізіп, жерлеуді зерттеуді жалғастырмақшы.

– Табылған бұйымдар көмудегі ме­талдардың құрамын анықтауға көмек­тесетін спектрлік талдау көмегімен қо­сымша зерттелетін болады. Одан әрі ар­те­фактілер облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылады, – деді Алек­сей Кукушкин.

Былтыр да экспедицияға шыққан археолог ғалымдар Шет ауданы Өспен ауылдық ок­ругінде қазба жұ­мыстарын жүргізген болатын. Сол уақытта олар тағы да тарихи жәдігерлерді тапты.

Қола дәуіріне тиесілі бес жерлеу орны­нан табылған жәдігер­лер­дің бәрі қола дәуіріне жататынын радиокөміртекті талдау растап отыр.

Табылған бес қорымның үшеуі ауыл арасындағы жолда болса, қалған екеуі ен далада орналасқан. Барлық жерлеу орны тоналған.

Бірақ ғалымдар әлі де қызықты ар­тефактілердің табылып қалу мүмкіндігін айтады. Олардың ішінде сол кезеңдегі өте сапалы керамика бөлшектері бар. Бір айта кетерлігі, оның құрамындағы саз қазіргі Өспен ауылдық округіне тән, бірақ кера­микалық бұйымдарды өндіру техноло­гиясының өзі Орталық Қазақстанның шеберлеріне тиесілі.

Бұдан әртүрлі аймақтан келген қол­өнершілер тәжірибе алмасып, бір-бірі­нен үйренді деген қорытынды шығаруға болады.

Сонымен қатар археологтар эмбрион позасында бассыз көмілген адамның қаң­қасын тапты. Бұл сол дәуірде өмір сүрген адамдардың күрделі рухани-мәдени идеялары мен дәстүрлерінен хабар береді.

– Барлық жәдігерді облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығына тапсырдық. Сол жерден артефактілер Өспен ауылының мұражай қорына бағытталды. Енді оларды сол жақтан көруге мүмкіндік бар, – дейді экспедиция жетекшісі, EcoProf KZ ЖШС ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекші археологі Александр Кнутов.

Қазір табылған жерлеу орындары қоршауға алынған. Бұл келешекте жәдігер­лерді сақтау үшін аса маңызды. Бұдан бөлек, ғалымдар ХХ ғасырдың басында британдық инженер-конструктор Джон Уилфорд Уорделл салған Сарысу байыту фабри­касының қирандыларын әуеден түрлі ра­курстан бейнеге, суретке түсіріп алды.

– Бұл зауыттың қирандылары облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, кейбір жергілікті тұрғындар­ға, ақпаратты мақсатты түрде зерттеген туристерге белгілі болды. Алайда нысан танымал болмағандықтан, назар аударыл­маған. Біз түсірген суреттер бойынша зауытты қайта құруға, оның архитектурасын іс жүзінде қалпына келтіруге болады, – дейді Александр Кнутов.

Ғалымдар одан бөлек, Сарысу өзені­нің бассейні аймағында археологиялық барлау жүргізіп, олар қола дәуіріне, ерте темір дәуіріне, орта ғасырларға және қазіргі заманға жататын жаңа нысандарды тапты.

Олардың арасында «мұртты» үлкен тас қорған – тасмола археологиялық мәде­ние­ті ерекше мәнге ие. Ол ерте темір дәуірі­не жа­тады және Орталық Қазақстанға тән еке­нін атап өткен жөн. Ғалымдар аталған ны­сандар­ды зерттеуді әрі қарай жалғас­тыру­ды жоспар­лап отыр. Өткеннен сыр шертетін та­рихи жәдігерлер еліміздің әр жерінен табылуда.

Дегенмен бұрын тоналса да әлі күнге дейін жер қойнауында жатқан мұра да жетерлік. Бұл бір жылдың ғана жұмысы емес. Жаңадан аршылған немесе бұрын қолға тиген жәдігерлер тарихымызға басқаша көзбен қарауға үндейді.

Айта кету керек, археологтар ашқан мыңдаған жыл бойы сыр болып жатқан жә­дігерлер өткен күндерде қазақ халқы қа­лай өмір сүргенін айқындайтын құнды дүние.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *