САМБО САҢЛАҒЫ

Самбо (орысша самозащита без оружия – қарусыз қорғану деген сөзінің қысқартылған түрі). Самбоның тарихы  Кеңестер Одағы тұсында 1938 жылы 16 қарашадан басталады делінеді. Сол жылы денешынықтыру саласының бүкіл одақтық комитеті самбоны бірауыздан спорттың бір түрі деп тіркеді. Бұл бір емес, ондаған елдің ұлттық спорт түрлерінің жиынтығы деген пікір бар. Кезінде Қазақстан Республикасы Кеңестер Одағының құрамында болғандықтан күрестің бұл түрі елімізде кеңінен танылып, осы күнге дейін дамуын тоқтатпауда. Бүгінгі таңда да әрбір балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінде, спорттық қоғамдар мен спорт клубтарында үйірмелер тұрақты түрде жұмыстарын атқаруда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деп атап көрсеткені белгілі.

Кентімізде спортты бала жасынан серік еткен жастарымыз аз емес. Олардың көрсетіп жүрген жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Ал оған себеп болып жүрген спорт мектебіміздегі күрес үйірмелері. Осы мектептен самбо, дзюдо, қазақ күресінен талай әлемнің, Азия мен еліміздің жеңімпаздары шықты. Олар елдің мақтанышы, беткеұстар азаматтары. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз солардың бірі – самбо күресінің саңлағы, әлем және Азия құрылығының чемпионы Жаңаниет Рахат Берікұлы туралы болмақ.

Рахат 1995 жылы Ақадыр кентінде дүпиеге келген. Әкесі Берік Жаңаниетұлы техниканың құлағында ойнаған, үлкен жүк көліктерін айдап жүрген бесаспап жүргізуші. Ақадыр автокәсіпорнында еңбек етіп жүрген жылдары  КАМАЗ  автокөлігімен Ақжал кенішінен кен өнімін Ақадыр кентіне тасымалдаған. Қазіргі таңда теміржол саласында – Жол дистанциясында (ПЧ-26) жүргізуші болып еңбек етеді. Барынша қарапайым, еңбек дегенде ішкен асын жерге қоятын, көп сөйлемейтін, біртоға ауыл азаматтарымыздың бірі. Бос уақыттарында мал шаруашылығымен айналысуды ермек қылады. Саны көп болмаса да, төрт түліктің бәрі бар.

Анасы Динара Жылкенқызы Қайрақты кентінің тумасы. Мектеп бітірген соң Қарағанды қаласының медицина колледжін тәмамдаған. Содан отыз жылдан астам уақыттан бері кенттік ауруханада медбике болып қызмет етеді. Жұмысында абыройлы, ем алушы сырқаттарға көмегін аянбайды. Көпбалалы ана.

Рахат Берікұлы отбасындағы төрт ұлдың екіншісі. Бала кезінен ойынқұмар болып, қатарластары тәрізді асық ойнап, доп қуып өскен. Үй шаруашылығында таптырмайтын көмекші болған.

Мектеп жасына келгенде Ә.Ермеков атындағы қазақ орта мектебіне барады. Төртінші сыныпқа көшкенде Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейіне ауысады.  Алтыншы сыныптан бастап күрес үйірмесіне қатыса бастайды.

Сол кездегі балалық шағы туралы былайша еске алады:

– Бала кезімнен балуан болам деп ойламап едім. Мектепте оқып  жүргенімде бір күні көрші тұратын достарым Әлібек пен Еркін «Спорт мектебіне бірге барып қайтасың ба?» –деп қолқа салды. Олар сондағы күрес секциясына қатысып жүретін. Олардың көңілін қалдырмай бірге еріп бардым. Шынын айту керек, қатарластарымның жаттығуларын көріп, қатты әсерде болдым. Күрес маған ұнап, менің де барғым келіп кетті. Сонымен не керек, үйірмеге қатысуға мен де жазылдым.

Алғашқы күннен бастап жатықтырушым балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы Омаров Ерсайын болды. Ұстазым қатал, бәріміздің қатаң тәртіпті сақтауымызды талап ететін. Жаттығудан қалып қойсақ ескерту алатынбыз. Аптасына бес күн дайындаламыз. Әр сенбі күні Ақадыр–Астаховка электропоезына отырып, Тағылы стансасынан түсіп қаламыз. Содан ауылға қарай 12 шақырым жаяу жүгіріп келеміз. Ұстазымыз ауыл шетінен қарсы алады. Әрине, ондай кросстар физикалық тұрғыда бізге көп пайдасын тигізетін, – деп күреске қалай келгенін айтып берді.

Жаттығулардың пайдасы тиіп, күрес техникасын, айла-тәсілдерін игере бастайды. Спорт мектебінің ішінаралық жарыстарына қатысып жүреді. Аудан аймағындағы Босаға, Бұрма, Ақсу-Аюлы ауылдарындағы, Қарағанды қаласындағы жарыстарға қатысып тәжірибе жинайды.

Жетінші сынып оқып жүргенде самбо күресінен кент біріншілігіне қатысып, алғашқы жетістігіне жетеді. 34 келі салмақта үшінші орын алып үйлеріне ең бірінші грамотасын алып келгенде әке-анасы, ағасы, інілері қатты қуанады.

Бірақ, осы жеңісінен кейін Рахат бір жыл бойы жарыстарда көзге түсе алмай жүреді. Қатысқан сайын жеңіліс табады. Үйдің ішіндегілері де:

– Рахат, осы күресіңді қойсаң қалай болады? Көріп жүрсің ғой, жақсы нәтижеге жете алмай жүрсің, – деген сөзді еститін жағдайға келеді.

Мұндай сөздер оның жанына қатты батады. Намысы оянып, жігерлене  бастайды. Бойында жаңа талпыныстар пайда болады. Алда жеңісті күндер көп болады деп өзін-өзі сендіреді. Сол мақсатына жету үшін көп еңбектену керек ететінін түсінеді. Жатығуларын үдетіп, күрестің қыр-сырына күн өткен сайын қанық бола бастайды. Жекпе-жек барысында бір қолмен белдіктен немесе күрте жағасынан, жеңінен ұстап шалу, үйіріп, сүріндіре жұлқу, тізеден қағу, іліп немесе кеудеден асырып немесе жамбасқа салып лақтыру, аяқ-қолды ауыртатын әдістер (болевые приемы), тағы басқа көптеген тәсілдерді үйренеді. Әсіресе, жиі қолдануға арналған қос-қолды диірмен (мельница) әдісін ерекше шыңдайды.

Еңбектенсең үлкен табыстарға жететінің анық. Сол еңбектің арқасында көп ұзамай Рахат күрес әдістерін, оларды пайдалануда тактикалық шеберлігі шыңдала бастайды. Физикалық тұрғыда жаттығуларды да ұмытпайды.

Ақадыр кентінде бір кездері самбо күресінен Шет ауданының Құрметті азаматы, ширек ғасыр бойы «Ақадыр» кеңшарын (совхозын) басқарған Зәкір Көкжалов атындағы  Халықаралық турнирде үшінші жүлделі орынға қол жеткізеді. Бұл жарысқа Қазақстан Республикасының бүкіл облыстары мен Астана, Алматы қалаларының, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан елдерінің балуандары қатысты.

Әрі қарай самбо күресінен Өзбекстан елінің астанасы Ташкент қаласында өткен «Кубок Балтики» турнирінде 34 келі салмақта қарсыластарының бәрінен басым түсіп чемпион атанады.

Астана қаласында самбо күресінен өткізілетін Р.Валиев атындағы турнирді үш жыл қатарынан жеңіп алады. Бұл шараға байтақ еліміздің Астана, Алматы қалаларының, барлық облыстардың палуандары қатысады.

2012 жылы мектеп-лицейді бітірген бетте Қарағанды қаласына барып, политехникалық колледждің әнергетика факультетіне оқуға түседі.

Сол кездегі Ақадыр кентінің балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жанасылов Сейсенбай Қапасұлы қаладағы әріптесі Адамбаев Дәурен Құсайынұлына хабарласады. Дарынды спортшы шәкіртінің қалаға барғанын, болашағынан көп үміт күттіретінін айтады. Бір сөзбен айтқанда, оны жаңа жаттықтырушыға жақсылап тапсырады.

Дәурен Құсайынұлы Рахатты жылы қабылдайды. Жаттықтырушысы өзі де кезінде күрескен, әлем чемпионы болған. «Еңбек» спорт клубының кешенінде оны жаттықтыра бастайды. Жаңа жер, жаңа талап. Ендігі жарыстары ересектер арасында. Жаттығуын тоқтатпаған жас палуан жаңа асуларды алуға дайын еді.

2014 жылы Ташкент қаласында өткізілген самбо күресінен Азия біріншілігінде 57 келі салмақта чемпион тәжін киеді. Алғашқы кездесуінде Индия палуанынан 9:0 есебімен басым түссе, тағы бір белдесуінде Қырғызстаннан келген қарсыласын 3:1 есебімен жеңеді. Финалда өзбек палуанын 8:2 есебімен ойсырата ұтады.

Келесіде Талдықорған қаласында өткен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында алдына жан салмайды.

Семей қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын Қабанбай батыр атындағы бір үлкен турнир бар. Міне, сол шараға қатысып, Рахат үш жыл қатарынан жеңімпаз атанады. Алайда, соңғы рет қатысуында тізесінен ауыр жарақат алып, ота жасатуға мәжбүр болады. Дәрігерлер екі жыл бойы аяққа салмақ салмауын, осы уақыт ішінде күреспен айналыспауын ескертеді.

2015 жылы колледжді бітірген жас маман «Қарағанды-Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне электромонтер болып жұмысқа тұрады. Бір жыл бойы электр желілерін жөндеумен, сымдарды тартумен, әр жерде орын алған ақауларды қалпына келтіру шараларымен айналысады. Осы жерде мамандығы бойынша біршама тәжірибе жинайды.

Екінші жылы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы Электрмен жабдықтау дистанциясына (ЭЧ-11) мекемесіне жұмысқа тұрады. Осы мекемеде ол 7 жыл бойы еңбек етеді.

Тізесінің жарақаты әбден жазылды-ау, дегенде, жаттықтырушысы Дәурен Құсайынұлымен кездейсоқ кездесіп қалады:

– Жарақатың оңалған болар. Қайтадан жаттығуға кел, саған зор үміт  артамын. Сенің талабың зор, бұдан да биіктерге жетесің? – деп үгіттейді.

Күреспен айналысуды қоямын ба деп жүрген Рахат Берікұлы жаттықтырушысының мынандай сөздерінен кейін ойлана бастайды. Ұстазын тыңдап боз кілемге қайта оралуды көздейді.

Қайтадан жаттығулар, жүгірулер, айла-тәсілдерді жетілдіру. Көп ұзамай қатарға қосылады.  Самбо күресінен Корея елінің Чхуанджу қаласында өткен әлем біріншілігіне қатысып, ІІІ-ші орынды иеленеді. Үшінші орын әрине, аздық етеді. Оған қанағаттанбайды. Оның басты мақсаты әлем чемпионы болу еді. Қайтадан тер төгіп, жаттығуларын тоқтатпайды.

Келесі жылы республика чемпионатына қатысады. Ол жерде ұтылады. Ал, ұтылған адам әлем біріншілігіне бара алмайды. Ең өкініштісі, ол қарсыласына белдесулерді ұтылмайды, төрешілердің бұрмалауымен жеңіліс табады. Қатарынан үш жыл бойы солай болады. Сондағысы өзімен бәсекелес болып жүрген атыраулық Жұмабай Парасат деген палуан. Ол жігіт ұтып кету үшін төрешілер тарабынан біздің жігітке қысым жасалып отырған.

Осындай бір ұтылыстан соң Рахат трибунада мұңайып, елге таба болмай күресті тастаймын деп ойға батып отырғанында қасына Дәурен Құсайынұлы келіп:

– Рахат, сен налыма, сынба. Мұндай жағдайлар бола береді. Басыңды көтер, сен түбінде арманыңа жетесің, міндетті түрде Әлем чемпионы боласың! – деп шәкіртіне жұбату сөздерін тауып айтады.

Жаттықтырушысының мынандай сөздерінен кейін Рахаттың екі жағына қанат біткендей болады. Бойында арманына жетем деген сенім оты ұялайды.

2021 жылы Талдықорған қаласында өткен ел чемпионатында жаңағы «ренжітіп» жүрген қарсыласын оп-оңай ұтып алады. Республикамыздың жеңімпазы болып Өзбекстан елінде өтетін Азия біріншілігі мен Әлем чемпионатына жолдамаларды алады.

Азия біріншілігінде барлық қарсыласын ұтып алса да, финалда Түрікменстаннан келген Коссеков Мұхамметке жол береді.

Ал енді, 2021 жылы қараша айының 9-11 күндері Ташкент қаласында өткен Әлем чемпионатында грек Каракизиди Саввадан, белорус Гладких Павелден, Азияда ұтып кеткен түркімен Коссеков Мұхаметтен басым түседі. Финалдық кездесуде әлем чемпионы, тәжік Хусравов Хушкадаммен белдесіп, 9:0 есебімен айқын басымдылықпен ұтып алады.  Сол күні Рахат Берікұлы басты арманына жетіп, Әлем чемпионы атанады!

Кейін 2023 жылы Армения елінің Ереван қаласында өткен Халықаралық турнирді де жеңіп шығады.

Сұхбат барысында Рахат Берікұлынан жарыстарға қатысып жүрген шақтардан естелік айтсаң деп өтінгенімде:

– Бала кезімізде де, ересек кезімізде де жарыстарға көп баратынбыз.  Спорт мектебінде ескі «Газель» көлігі болды (қазіргі уақытта көлік жаңарған). Ескі болғанымен бір тоқтамайтын. Жүргізушіміз Егінбай Зәрубайұлы көлікке өте ұқыпты адам. Сол көлігіміз Қазақстанның бүкіл қалаларына жеткізетін. Қарағанды болсын, Астана болсын, басқа жер болсын. Тіпті Қырғызстанға дейін барғанбыз. Арамызда мектеп директоры Сейсенбай Қаппасұлы отырады. Ол кісінің әзілі таусылмайтын. Қандай тақырып болса да, сөз тауып балаларды күлкіге батыратын. Алыс жол болған соң тоқтаймыз, тамақтанамыз, әңгіме айтамыз. Сапарларымыз көңілді, әсерлі, қызыққа толы болатын.

Негізі ол кісі спорт мектебінің әрбір баласына көп еңбегін сіңірді, спортшы болып қалыптасуына, жоғары жетістіктерге жетулеріне үлкен үлесін қосқан азамат деп есептеймін. Менің өзіме берген көмектеріне, айтқан ақыл-кеңестеріне әлі күнге дейін ризалығымды айтып жүремін.

Бір жылы біз командамызбен Қырғызстан еліне жарысқа бардық. Шекарада бізді тоқтатып, құжаттарымызды тексерді. Сөйтсек бір адамның төлқұжаты бомай шықты. Бала ғой, дайындап қойған төлқұжатын үйінде ұмытып кеткен. Мұндайда Сейсенбай ағамыздың қай жаққа барса да достары көп. Бүкіл таныстарын салып 3-4 сағаттың ішінде мәселені оң шешті. Бішкектен достары келіп шекараға кіргізіп алды. Қанша уақыт өтіп кетсе де сол ағамызды сағынып, әрдайым еске алып жүреміз, – деп естелігін тәмамдады.

Рахат Берікұлы 2024 жылы қаладан туған ауылы – Ақадыр кентіне отбасымен көшіп келді. ЭЧ-12 мекемесінің түйіспелі желі ауданының бастығы болып абыроймен қызмет етуде.

Қызметі үлкен жауапкершілікті, ұйымдастырушылық қабілетті талап етеді.

Теміржол саласында қызмет атқарып, спорттық жарыстарға қатысып жүрсе де уақыт тауып, еңбектен қол үзбей екі жоғары білім алуға қол жеткізді.

Алғашқысы Қазақ қатынас жолдары университетінің Жезқазған қаласындағы филиалын «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша болса, екіншісі Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітірген.

Теміржол саласындағы да, спорт саласындағы да еңбектері жоғары бағаланып келеді.

Жаңаниет Рахат Берікұлы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның «100 жас есімдер» номинациясы бойынша «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен бірге оның есімі «BILIM ORKENIETI» Ұлттық-инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының шешімімен «Қазақстан Республикасының еңбек озаттарының Алтын кітабына енгізілген.

Спорттағы жетістіктері үшін оған Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы, «Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Самбо саңлағы» төсбелгісі берілді. Онымен қоса Қарағанды теміржол бөлімшесінің, жол дистанциясының, Шет ауданы және Ақадыр кенті әкімдерінің, облыстық, аудандық спорт комитеттерінің тарапынан берілген марапаттары қаншама.

Рахат Берікұлының зайыбы Ботагөз Талғатқызы ауданымыздағы Қайрақты кентінің тумасы. Қарағанды қаласының политехникалық колледжін бітірген. Қазіргі кезде Ақадыр байланыс және белгі беру дистанциясында электромеханик болып қызмет атқарады.

Ерлі-зайыптылар үш ұл тәрбиелеп өсіріп отыр. Үлкендері Қадыр мен Мүбәрак мектеп оқушылары болса, кіші ұлдары Сардар балабақшаға барады.

Әңгімемізге арқау болған Жаңаниет Рахат Берікұлы еңбегімен де, жоғары спорттық жетістіктерімен де елдің көзіне түсіп жүрген азаматтардың бірі. Жастайынан танымал болып, спорттағы үлкен жеңістері арқасында аудан, облыс тұрмақ еліміздің намысын қорғап, Әнұранымызды шырқатып жүр. Жоғарыда еліміздің Президенті айтқандай осындай азаматтарды, жастарды қадірлеп, құрметтеуіміз қажет. Олар жастардың көшбасшысы, олардан бәрі үлгі алады, ал жастар еліміздің болашағы.

Қалижан БЕКҚОЖА,

 Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *