Бақытын еңбектен тапқан

2025 жыл – ел тарихында «Жұмысшы мамандықтары жылы» ретінде ерекше аталып өтуде. Бұл бастама маңдай терімен, адал еңбегімен ел дамуына үлес қосқан адамдардың өмір жолына терең үңілуге, өскелең ұрпаққа үлгі етіп ұсынуға тамаша мүмкіндік. Ендеше бүгінгі әңгімеміз ауыл шаруашылық саласындағы еңбек майталманы туралы болмақ. Ауылдағы ең қарапайым да мәртебелі мамандықтың бірі-механизатор. Дала төсінде қызу еңбекпен жүретін тракторшылардың еңбегі қай мезгілде болсын ерекше саналады. Солардың бірі-жастайынан техниканы тізгіндеп, өмірінің саналы жылдарын еңбекпен шынығып өткізген Дүйсенбаев Әкімжан Қабылдаұлы.

Әкімжан Қабылдаұлы 1956 жылы наурыз айында Шет ауданы, Босаға ауылында дүниеге келген. Әкесі Қабылда Жұмақасұлы 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысын Белорус майданында қарсы алады. Сол елдің қалаларын, елді мекендерін, Еуропа елдерін фашистерден азат етуге қатысады. 1945 жылы милитаристтік Жапония елі арасындағы соғысқа қатыспаса да, ҚСРО елінің Бас қолбасшысы И.В.Сталиннің бұйрығымен Қиыр Шығыста, оның ішінде Владивосток қаласының маңында резервте түрған әскердің қатарында болады. Басты мақсат шекараны мықтап ұстау, жапондар шиеленестіретін жағдайларға төтеп беру. Бүкіл жақ тынышталған соң 1947 жылы ғана елге оралады.

Бейбіт жылдары бүкіл саналы өмірін теміржол саласына арнаған. Шойын жолдың бойында жолшы да, жолсерік те, күзетші де болған. Қабылда әкесі жұмысында, отбасында, жалпы бар өмірінде адал, шыншыл, ешбір адамға қиянат жасауды ойламайтын, жүрген ортасын қадірлейтін жан болған. Балаларын да сондай қасиеттеріне тәрбиелеген. «Туған жеріңді жақсы көр, еңбекті құрметте, ешкімнің ала жібін аттама» деген қарапайым ұстанымды ұрпағына баулыған.

Осы жерде әкесінің адалдығы мен шынайылығы туралы бір мысал келтіре кетсек: бірде кеш қарайғанда әкесі мен баласы перронда келе жатады. Жан-жағында тірі жан болмайды. Бір кезде кішкентай бала Әкімжан әмиян тауып алады. Ішін ашып қараса 15 сом бар екен. Ол кезде ондай ақша керемет байлық болып саналатын. «Оо, әке мына ақшаны мен алайын?» дегенінде әкесі: «Жоқ, балам! Бұл біреудің маңдай терімен, адал еңбегімен тапқан ақшасы. Иесіне қайтарамыз» деп баласының меселін қайтарады. Көп ұзамай, қарсы алдарынан ауылдың бір әйелі шығады. Жоғалтқан әмиянын іздеп жүрсе керек. Содан әкелі-балалы тапқан затын иесіне қайтарады. Басынан өткерген осы оқиға баласына да, оны естіген басқа бауырларына да өмірлік сабақ болғаны анық.

Отбасы анасы Қазіре Сәдуақасқызы Ақмола облысының Макинка ауылының тумасы. Ол кісіге де әйелдерге сай жақсы қасиеттер дарыған жан болған. Ертеде әйел қауымының көбі тігіншілікпен айналысқаны белгілі. Өйткені, қазіргі замандағыдай фабрикалар, ательелер жоқтың қасы болғаны белгілі. Сондықтан олар небір маталарды тауып, киімді өздері пішіп, өздері тігіп жүрген. Апамыз да сондай ісмерлердің қатарында болған. Ол кісінің қолынан талай шапан, камзол, жас қыз-келіншектерге арналған көйлектер, қыз жасаулары, ою-өрнекті көрпе-жастықтар, басқа да жабдықтар шыққан.

Анамыздың тағы бір ерекше қасиеті болған. Ол оның діндарлығы. Кеңес заманы ақырып тұрған кездердің өзінде бес уақыт намазын тастамаған. Қажылыққа бармады демесе, басқа парыздарының бәрін орындап жүрген. Ауылдастары күні бүгінге дейін діндар адамдар туралы сөз еткенде ең алдымен Қазіре анамыздың есімін атайды екен.

Әкімжан Қабылдаұлы кішкентайынан ауылдағы балаларға тән қатарластарымен, көрші балалармен бірге асық ойнап, доп қуады. Ауылдан 3-4 шақырым жердегі Атқан тас, Ақбұлақ тұстарындағы өзендерге жаяу барып суға шомылып жүрген.

Босаға орта мектебіне барып, білім алады. Ол кезде ұстаздардың көбі еркектер қауымынан. Физика, геометрия, тарих, орыс тілі, дене шынықтыру пәндері қызықтырып жүрген. Аталған сабақтарды ұлағатты ұстаздар Омарбеков Сәулебек, Баядилов Кәкіш, Сәкеев Төлеген, Сәрсенғалиев Болат, Мамашев Серік, Құлжанбеков Бақыт, тағы басқалары берген.

Отбасымен тұрып жатқан ауылда «Босаға» кеңшары (совхозы) орналасқан. Жылқы, қой малын өсіріп жатқан шаруашылықта біршама механизатор қауымы болды. Олар түрлі маркадағы К-700, ДТ-75, МТЗ, ЮМЗ, Т-40, тағы басқа тракторларының иелері. Тракторлар көзіне оттай басылып, техникаға қызығушылық танытып жүреді. Өскенде механизатор болсам деген бала арманы пайда болады.

Сегізінші-тоғызыншы сыныптарды аяқтап, жазғы каникулға шыққанда ер балаларды шөп дайындау науқанына қатыстыратын. Пысақайлары болса, тіпті трактордың руліне де отырғызады. Өйткені, кеңшарда техникаға отырғызатын адамдар үнемі жетіспей жататын. Бала кезінен техникаға ебі бар Әкімжан кәмелеттік жасқа толмаса да трактор жүргізушісі қатарында болған. Осындай қадамдардан кейін бала арманы одан сайын айқындала түседі. Оның үстіне мектеп қабырғасында «Техниканы игеру» (машиноведение) пәні оқытылып, оқуын бітіргенде орта білім алған аттестатымен бірге механизаторлық куәлігі берілетін.

Әкімжан Қабылдаұлы Босаға орта мектебін 1973 жылы бітіреді. Соңғы қоңырау шарасы қашан өтеді деп күтіп жүргендей, тракторшылар бригадирі сол күні түстен кейін оны далаға, шөп шабу жүмысына алып кетеді. Бірден трактордің руліне отырғызады. Жаз бойы ЮМЗ-6, МТЗ-5, Т-40 тракторларында малдың жем-азығы – шөп дайындау, оларды қыстақтарға тасымалдау, шаруашылықтың басқа да жұмыстарына араласады. Ендігі кезекте каникулда жүрген оқушыдай емес, кәдімгідей ересектер қатарлы тәжірибе жинап еңбек ете бастайды.

Келесі жылдың көктемінде Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына шақырылады. Бір қызығы, ертеде әкесі болған Қиыр Шығысқа, Владивосток шаһарының маңындағы Сибирцево қаласына түседі. Артиллерия полкында МТЛБ тартқышында (тягачында) механик-жүргізуші болады. Кейін шені аға сержантқа жетіп, взвод командирінің орынбасары міндеттерін атқарады.

1976 жылы әскерден қайтып, «Босаға» кеңшарына механизаторлар қатарына қайта қабылданады. Осы жылдан бастап оның шарықтау, елге танымал бола бастайтын дәуірі басталады. МТЗ-50, МТЗ-80 тракторларына отырып, шабылған шөпті пресстеумен (бума шөпке ораумен) айналысады. Бұл жұмыс екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Механизмі күрделі, сондықтан көрінген адам алып кете алмайды. Аз уақыттың ішінде жұмысын меңгеріп, ПСБ-1,6 аппаратымен (прессоподборщик) күнделікті 40-60 тонна бума шөпті (тюктерді) дайындаған. Бұл дегеніңіз сол уақыттың өлшемімен рекордтық көрсеткіш болғанын айта кетуіміз керек. Осы жұмыста жаз айларындағы науқан кезінде 1 000 сомға дейін еңбекақы тауып отырған.  Ауыл жігіттері механизатор Әкімжанның көмекшісі болуға талас жүргізген. Себебі, ондай адамның орнында болғандарға тракторшының айлық табысының 70 пайыз шамасында еңбекақысы есептеліп жүрген.

Еңбек озаты қатарына қосылған Әкімжан Қабылдаұлын кеңшар басшылығы байқайды.  Жылдың қорытындысымен ҚСРО елінің астанасы Москва қаласындағы ВДНХ-ның (халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі) шешімімен «Еңбектегі ерлігі үшін» Күміс медальмен марапатталады.  Медальмен қоса сол кезде ел жылдар бойы кезекке тұрып әзер жететін – кілем беріледі. Ал енді, кеңшар директорының атынан Құрмет грамоталардың, Алғысхаттардың,  ақшалай және бағалы сыйлықтарының саны қаншама!

Комсомол мүшесі болған жас жігітті Ақадыр аудандық комсомол ұйымының конференциясына делегат етіп сайлайды. Коференциядан кейін  аудандық және Жезқазған облыстық комсомол ұйымының мүшесі қатарына сайланады. Тоқсан сайын ауданның және облыстың Пленумдарына қатысып жастар проблемасын көтеруде, олардың шешімін табуда  белсенділік танытып жүреді. Бір жылы ол туралы жастардың республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі кезде «Жас алаш») газетіне көлемді мақала жарияланып, жымиып тұрған жас жігіттің фотосуреті алдыңғы бетте жарқырап шыққаны бүгінге дейін есімізде.

Механизатор болған соң – үйде отырмайсың. Қыста қой-ешкі бағатын қыстақтарға техникасымен барып көмек беріп тұратын да солар. Жаз айларында дала шабындығына шығып мал азығын дайындайды.

Ауданның көп шаруашылықтары шөл және шөлейт аймақтарда орналасқандықтан қуаңшылық жылдары шөп шықпай қалатыны болатыны анық. Ондай жылдары ауылдың мехенизаторлары қазіргі кезде Ұлытау облысына қарайтын Ақдалаға, кейбір жылдары Ұлытау ауданының Терісаққан, Шет ауданының Просторное (қазіргі Ақой), Осакаров ауданының Красный Кут (қазіргі Ошағанды)  ауылдарына, Солтүстік Қазақстан облысының елді мекендеріне шығып кеткен кездер болған. Бөтен жерлерге барсаң әрине, өз үйіңдей болмай қолайсыз жағдайлар көп туады. Бірақ, соның бәріне шыдап, кеңшар басшылары қойған талаптарды орындап келуге тура келген.

Әкімжан Қабылдаұлы механизатор ретінде еңбек еткен жылдарын еске алып:

– «Босаға» кеңшарында жұмыс істеген жылдары менімен қатар еңбек еткен механизаторлар Жанбеков Сәрсен, Жайлаубеков Тұмабай, Данабеков Шілікбай, көп жылдар бойы бригадир болып Малшыбаев Қойшыбай, автокөлік жүргізушілері Бейсенов Ықылас, Төлемісов Бәкен, Сағындықов Жақсыбай деген азаматтар болды. Жаздың аптап ыстығында, қыстың қытымыр аязында бір кісідей еңбек еттік. Әріптестерім ауыл ішінде де, сырт жақтарда да еңбектің үлгісін көрсете алды. Олардың біреулері қазіргі кезде өмірден кеткен, біреулері зейнеткерлікке шығып балаларының, немерелерінің қызығын көруде.

Еңбек етіп жүргенде бір оқиға есімде қалыпты. Ақдалада шөп шабу науқанын аяқтап ауылға қайтып келе жатқан болатынбыз. Бір кезде менің МТЗ тракторымның моторы істен шығып қалды. Ашып қарасақ, қозғалтқыш қаптамасы (вкладыш) айналып кеткен екен. Айдала, ауылға дейін 100 шақырым бар. Айырбастап жіберетін қосалқы бөлшегіміз жоқ. Жігіттермен ақылдасып тұрғанбыз. Осы жерде бригадиріміз Малшыбаев Қойшекең ақылын қосып: «Жігіттер, босада сайманымыз жоқ. Егер қайыс белбеулерің болса, кесіп алып қаптаманың орнына салайық. Мен білсем, 40-50 шақырым жүріп береді.  Шыдағанша жүріп, тағы айырбастап жібереміз. Тығырықтан шығатын басқа жолды көріп тұрған жоқпын» деп ұсынысын берді.

Шынында да сол кісінің берген ақылы іске жарады. 50 шақырым өткен соң тағы қайысты пайдаланып ауылға аман-есен жеткеніміз бар. Сол Қойшекең бригадиріміз қатарының үлкені, сыйлы ақсақалымыз болып ауылымызда тұрып жатыр. Кеңшарымыз мемлекет иелігінен кеткенде ірі шаруа қожалығын құрды, дін жолына түсіп кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп жүр – деп естелігін аяқтады.

1987 жылы кеңшар директоры Әкімжан Қабылдаұлын шақырып алып:

– Әкімжан, сен ауылдың белді механизаторларының бірісің.  Техниканың түр-түрін әбден игердің. Автокөліктерді де жақсы білесің. Мамандарыммен ақылдасып сені жабдықтау инженері (инженер-снабженец) етіп қоямыз деп шештік. Ауылда отырып істейтін жұмыс емес, әрдайым жолда жүретін боласың. Шаруашылықтың техникасы тоқтамау керек. Осы жұмысты алып кетесің деп сенемін, – деген ұсынысын айтады.

Сенім артқан соң басшыны тыңдау керек. Келіспеуге амал жоқ.

Жабдықтау жұмыстарымен айналысатын инженер бір орында отырмайды. Бірде Ақадыр кентіндегі «Казсельхозтехника» мекемесіне барып сайман әкелсе, келесіде Жезқазған облыстық «Казсельхозтехникасына» барып қайтады. Жиі барып тұратын жері – сол кездегі Целиноград қаласындағы «Целинсельмаш» зауыты. Жезқазғанға барсаң да, Целиноградқа барсаң да 1 мың шақырымнан артық жүріп келесің. Оның үстіне астыңда шапшаң жүре алмайтын ГАЗ-53 жүк көлігі болса!

Инженерлік қызметте жүргенде Әкімжан Қабылдаұлы Көкшетау қаласындағы «Авторемзавод», Ақтоғай ауданындағы Сәуле ауылының тракторлар жөндейтін зауыттарына да жиі барып жүрген. Екіншісіне кеңшардағы істен шыққан тракторларды күрделі жөндеуден өткізу үшін апарады екен.

Ал бірде тіпті жердің түбі Талдықорған қаласына барып трактор, автокөліктердің аккумуляторларын алып келеді. Әкелінген заттар жалғыз «Босаға» шаруашылығына емес, бүкіл облыстың мекемелеріне тиесілі болады. Олар ауылға келіп өздеріне бөлінген аккумуляторларын алып кетіп отырған.

1990-1991 жылдары тыным таппай жұмыс істеп жүрген Әкімжан Қабылдаұлы директордың бұйрығымен жылқы фермасының меңгерушілігіне ауыстырылады. Кішкене болса да бұл саланың жұмысын да игере бастайды.

Заманның ағымымен еліміз бойынша бүкіл кеңшарлар мен ауыл шаруашылығындағы мекемелер жаппай мемлекет иелігінен кетіп, жекешеленуге жатқанда «Босаға» кеңшары да соның керін кигені баршамызға мәлім. Бұрын шаруашылық бойынша бір директор ғана басқарса, енді оның орнын 50-ге тарта шаруа қожалықтарының басшылары басады.  Алдарына бір-бір отар қой-ешкі, азынаулақ жылқы, мал баздары мен техникаға ие болған бұрынғы кеңшар қызметкерлері мен жұмыскерлері жаңа шаруаларын жүргізе бастады.

Әкімжан ағамыз көп ойланбады. Басқалардай елдің үлесін жинап бір отар қой алуға ұмтылыс жасамады. Өзінің отбасы мүшелерінің саналған үлестеріне келгенінше жылқы, қой-ешкі малын, тиесілі техникасы мен жерін алып «Ақтас» шаруа қожалығын құрды. Осы шаруашылық күні бүгінге дейін өзінің жұмысын тоқтатпай келеді.

Шаруашылықты ойдағыдай жүргізе отырып, 1997 жылы әкесі жұмыс атқарған  Әскериленген күзет бөліміне (ВЖДО) күзетші болып қызметке тұрады. Бір тәулік жұмысында ауысымда болса, үш тәулік демалыста болады. Шаруа қожалығындағы да, күзет бөлімшесіндегі де міндеттерін оңай атқарып отырады. 22 жыл бойы күзетшілік жұмыста болып, 2019 жылы осы жерден зейнеткерлікке шығады.

Қазіргі таңда Әкімжан Қабылдаұлы ауылдың сыйлы азаматтарының бірі. Адал еңбегімен ауылдастарына, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп, бала-шағасының, немерелерінің ортасында бақытты өмір кешуде.

Зайыбы Роза Төлеутайқызы да Босаға ауылының тумасы. Кезінде балабақша тәрбиешісі болып еңбек еткен. Ерлі-зайыптылар  3 ұлдарын тәрбиелер өсірген. Үлкендері Қайыркелді Алматы қаласының М.Тынышпаев атындағы Көлік инженерлері университетін бітірген. Қарағанды-Сұрыптау станциясының жүк тасымалдау саласында өзінің мамандығы бойынша қызмет атқарады. Өмірлік жары Алма Қанатқызы Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Мамандығы дизайнер. Теміржол саласында қызмет етеді. Айлин, Айлана есімді балаларын тәрбиелеп отыр.

Ортаншы ұлдары Жанкелді Жезқазған қаласының Бизнес және көлік колледжін энергетик мамандығы бойынша бітірген. Қарағанды-Сұрыптау станциясында энергодиспетчер қызметінде. Сүйікті жары Лаура Аманжолқызы Абай ауданы, Топар кентінде туған. Орта мектепті «Алтын медальмен», Қарағанды Бөкетов университетін және оның магистратурасын «қызыл дипломдармен» тәмамдаған. Мамандығы тарихшы. Бүгінгі таңда өзі білім алған университетінде оқытушы болып еңбек етеді. Әли, Әмір, Әділ есімді ұлдарын тәрбиелеп өсіруде.

Кіші ұлдары Нұрбек те ағасы тәрізді Жезқазған қаласындағы оқу орнын бітірген. Теміржол саласында – Босаға станциясында кезекші қызметінде. Зайыбы Гүлнұр Жәкібайқызы Босаға ауылында туып-өскен. Қарағанды Бөкетов университетін «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Ауыл мектебінде ұстаздық жолында. Адина, Раяна, Дәмелі есімді балалары бар.

«Адам өз бақытын еңбектен табады». Ерінбей еңбек еткен адам өмірдегі аңсаған армандарына, мақсаттарына қайтсе де жетеді. Бүгінгі біздің әңгімеміздің арқауы болған Дүйсенбаев Әкімжан Қабылдаұлы осындай жанның бірі. Кеше ғана өзі бала болып, бүгінгі таңда үлкен отбасының иесі атанған кейіпкерімізге, оның әулетіне бақуатты, бақытты өмір тілейік.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *