Адам баласы ержетіп, ақыл тоқтатып, жақсы мен жаманның парқын білгенде ғана бұл өмірдің қадір-қасиетін түгел түсініп, ұғынады екен. Мұнда әсіресе, өткен жолыңда көргенің мен түйгеніңнің орыны бөлек. Жас күніңде өмір шіркіннің өте шығатынын көп ойламайсың. Жылт еткеннің бәрін-алтын, жақындағанның бәрін жанашыр көресің.
Кейде орынсыз аңғалдықтан опық жеп, өкініп те жатасың. Түңіліп, дүниені тәрк еткің келетін кездер де болады. Бірақ ондайда күтпеген жерден жолыққан жақсылардың шарапатын көріп, жігерленіп, аңсаған арманға жетуге тың күшпен талпына түсесің.
Солардың қатарында, мен Социал ағамызды ерекше бөліп атар едім. Ағамызды 1991 жылы Алматы жоғарғы саясаттану және басқару институтын бітіріп келіп Ақадыр аудандық атқару комитетінің орынбасары болып тағайындалғаннан бері білемін. Ол кезде партия қызметінде тәжірибелі, беделі зор, ауданымыздың бетке ұстар басшыларының бірі ретінде «Ақшатау» кеңшарының партком хатшысы болып абыройлы жұмыс атқарып жүр екен. Таныстығымыз бірден жарасып кетті, себебі кезінде Шет ауданы шаруашылықтарында біздің әкеймен қызметтес болған екен. Сол уақыттан бастап зейнеткелікке шыққанға дейін қоян қолтық араласып, ауылдың әлеуметтік экономикалық өсу сатысындағы мәселелерді шешу жолдарын ол кісі аға мен іні болып бірге атқардық. Әсіресе 90 жылдардың басындағы қиыншылықтарға қарамастан ауылдың өсіп өркендеуіне, елді жұмылдырып, тынымсыз, аянбай еңбек еткені әлі күнге дейін есімде. Қашан көрсеңіз де, таңертең ертемен өз жұмысынан бұрын совхоз кеңсесіндегі басшылар өткізетін жедел жиындарға жиі қатысып, өзін ұсыныстарын ашық айтып, күнделікті атқарылатын шаруаларды ақылдасып, кеңседен шығып ауылды жаяу аралап шығатын жұмыс режимін басшылыққа алып жүретін еді. Ол уақытта совхоздың таусылмайтын науқанды жұмыстарында, жазда шөп шабу, қыста малды аман-есен алып шығу, мал төлдету, мемлекетке ет, жүн өнімдерін өткізу, оған адам күшін жұмылдыру сияқты қызу жұмыстардың басы-қасында партком хатшысы Сәкеңнің болуы күнделікті әдетке айналғанын біз жақсы түсінетінбіз.
Оның сыртында ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажы мен ұсыныстарын шешу мәселесі де сыртта қалмайтын. Ал ауыл депутаттарымен біріге отырып әлеуметтік нысандардың ырғақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуі де күн тәртібінен түскен емес. Сәкеңнің мінезі салмақты, қарапайым болатын, сонысымен де халықты өзіне қарата білді. Ешқашан ашуға бой алдырмай, үлкенмен үлкенше, кішімен кішіше сөйлесе білетін. Сол кезеңде ауылда соғыс және еңбек ардагерлері де баршылық еді, ол кісілердің де тұрмыс тіршілігіне, әлеуметтік жағыдайларына ерекше көңіл бөліп, атқарған еңбектерін, қызметтерін жастарға үлгі өнеге қылып айтушы еді. Сәкең өмір жолында талай тамаша адамдармен, білікті басшылармен бірге қызмет істегенін мақтан ететін. Кезінде өзінің еңбек жолында үлкен ықпал еткен Ақадыр аупарткомының бірінші хатшысы Иван Андреевич Колбасинді, көп жылдары қамқоршы болған халық депутаттары атқару комитетінің төрағасы Қасымбек Медиұлы Медиевті ілтипатпен еске алатын. Олардың барлығы да аудан мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлестерін қосты деп айтып отырушы еді.
Міне, Социал ағамыздың саналы ғұмыры туған елі, өз халқы үшін тер төге, аянбай еңбек өтумен өтті. Бойына Тәңір дарытқан қуатын, адами қасиеттерінің арқасында өзіне жүктелген қай міндетті де тыңғылықты атқарып, зор беделге ие болды. Ол тек қана туған еліне емес, бүкіл аудан, облыс көлемінде танымал болды. Социал ағамыз, партия жұмысынан ауысып, кеңшар бас экономисі қызметін де абыроймен атқарған ардагер. Міне өз ісінің майталманы Сәкең осындай тұлға!
Рысқали ӘБДІКЕРОВ,
Қарағанды облыстық мәслихат депутаты