Төрехан МАЙБАС: «Әдебиет төңірегіндегі сорақылығымыз андағайлап тұр»

Төрехан Майбас –  өлең де, проза да жазған қаламгер. Уағында Хикметтің, Уитменнің өлеңдерін тәржімалаған. О баста техникалық мамандық таңдағанымен,  бірінші курстан соң жазушы боламын деп филологияға түсіп, өмір бойы баспасөз саласында қызмет еткен, соңғы жылдары Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде танымдық бағытта лекция оқиды және таза этнографиялық бағытта еңбектеніп жүр. Бүгінде бұл кісіні көпшілік ұлттық этнографияға қатысты көбірек білетін, мағлұматы мол, ұлттық салт-дәстүрге қатыстының бәрін шыр-пыры шығып қорғап жүрген азамат ретінде таниды. Көшпенді халықтың мәдениетіне қатысты ұғымдар мен көне сөздердің мәнін  ашуға қосқан еңбегі көп. 

Жақында Фейсбук парақшасына «Дала пәлсапасы» деген туындысын жариялады. Осындағы «Топырақ» деген бөлімі ойлануға жетелейді. Қара сөзбен жазылған толғауда  бір ғана топырақ ұғымын жан-жағынан ашады. Адам – топырақтың уақытша тірі формасы, өлгенде қайтадан соған айналады, бұл – болмыстың тұйық шеңбері, осы циклді сезіну арқылы ғана адам өзінің рухани түп-төркінін ұғады деген ойды айта келіп, қазақ үшін топырақ – ұлттың коды деп түйеді. Осылай автор қазақ тарихының әр кезеңін топырақпен байланыстырады, шынымен де жер үшін соғысу, оны аруақ деп қабылдау, топырақты бойтұмар қылу – жайдан жай емес. Әсіресе «Қазақтың шекарасы – моласы» дегенінде символдық мән бар, бұл жерде шекара – жай шегенделген жер емес, мәңгілік мекен, бабалар сүйегі жатқан топырақ. Адам өлсе де, оның киесі, рухы сол топырақпен бірге қалады. Және бұнда Аманат деген ұғым бар. Ата-бабадан мирас боп қалған топыраққа адал болу, соның әр уысын сақтау – ұлттың моральдық борышы. «Мұны орындамаған елдің болашағы жоқ» дейді автор. Сонымен бірге автор қазақтың ғасырлар бойы көрген ашаршылық, қуғын-сүргін, отарлық езгісінің бәрін топырақтан ажырау трагедиясы ретінде беріп,  қазақ қоғамының парадоксін де топырақ арқылы жеткізеді. Осылайша, автор топырақтан ажырау мен ұлттық рухтың құлдырауын біртұтас мәселе ретінде қарастырады. Толғау соңындағы қазақ ұлтының тірі қалуы – топырақты аман алып қалуымен ғана мүмкін деген ойын түсіндік. Біз этнограф, өлкетанушы, жазушы Төрехан Майбас ағамызбен сұхбаттасуды мамырдан бері жоспарлап жүрген  едік.

 

Ұлттық этнографиясыз ертеңіміз күңгірт 

– Төрехан аға, сіз не жазсаңыз да қазақ туралы, қазақты тану және қазақы болмысты сақтау мақсатында жазасыз. Қазіргі қазақ қоғамында осы құндылықтарға қауіп төніп тұр деп ойлайтыныңыз анық. Ұлттық болмысты сақтаудың тиімді жолы қандай деп есептейсіз? 

–  Бізде қазақтық ештеңе де қалмай барады-ау. Бүгінде көше тілімен сөйлейтін болдық. Ауыр комада жатырмыз… Қазақ баласының діні, ділі кетіп барады. Қазақ шалдарының бүгінгі арманы Меккеге барып көз жұму. Ал ол жақтағы ақыреттік жұмыстардан бейхабар. Онда жаназаңды да шығармайды, мейрамсуыңды да ішкізбейді… тізеден жоғары топырақ табылса көме салады. Олардың ұғымында адам баласы топырақ. Мұндай жайттарды мыңдап айтуға болады. Ендігі қалғаны – тіліміз! Сол тіліміз бізді өлтірмейді деп білем.  Менің балам полиглот, оның ішінде қытай тілінің маманы. Сол баламның айтуынша бүкіл түркі әлемі жоғын қазақ тілінен тауып жатыр екен. Қытайда да осы бағытта кең көлемді жұмыстар жүріп жатыр-мыс.  Оның сорабын Олжас Омарұлы салып берді деп есептейміз. «Жазу тілі», «Ежелгі түркілер» және басқа да лингвистикалық туындылары  әлем лингвистерінің назарын қазақ тіліне біржолата байлап берді. Қазақ тілінде қазақ баласының сөйлемеуі мүмкін. Алайда біздің тілімізде қазақ еместер сөйлеп жатыр. Ерте ме, кеш пе, біздер де сөйлейтін боламыз! Ана тілімізде!.. Жөйіттер сынды…

–  Сіздіңше этнография мен көркем әдебиет арасында қандай байланыс бар? Бұл екі сала біріге отырып, қазақ руханиятына қалай қызмет ете алады?

–  Тіл мен этнографияны бір бірінен әсте бөлек қарауға болмайды. Көркем әдебиет пен этнография жөнінде де осыны айтуымыз керек. Этнография әр тілдің ұлттық реңкін әйгілеп беретін тетік. Ұлттық этнографиясыз ертеңіміз күңгірт деп білемін. Бәйтерек тамырынсыз өмір сүре алмайды. Тамыры семген күні құлайды. Бұл да сондай жайт!

– Көшпенділер мәдениетіндегі ұғымдар мен көне сөздердің мәнін ашудағы ең үлкен олжаңыз немесе жаңалығыңыз қандай болды? 

– Менің танымдық жазбаларымды оқыған жандардың көбісі бірнеше қайталап оқығандарын айтады. Айтуларынша түсінбестіктен емес, түсінгендіктен! Бұл мені қуантады, әрине. Кейде диспетчерлерге ұқсап кетем. Соғым кезінде, күздік сойғанда, ит жүгірткен күндерде телефонымда маза болмайды. Менің басты еңбегім қазақ баласының менталитетін өзгерте алғаным. Бүгінде қазақ баласы соғымға сиыр соймайды. Соғымын тек қыстоқсанда (13 желтоқсаннан бастап үш күн) сояды. Қазір күздікке серке союшылар қарасы айтарлықтай көбейді. Бабаларымыз әулие болған ғой. Әйтпесе «қойды ешкі асырайды» деп ешқашан айтпас еді. Содан да бүгін айттарда қой орнына ешкі шалушылар көбейді. Ең бастысы, ешкі малы – қазақ баласының виаграсы… Қой құйрығының холестеринсіз таза өнім екендігін оп-оңай-ақ дәлелдеп шықтым. Қой құйрығының қазақ вакцинасы екендігіне қазақ баласын сендіре алдым. Жалпы, қой – қазақ баласының аптекасы! Бабаларымыз қой етін дәрі ретінде жеген! Қасқыр, ит, ешкі, қой жөнінде алпыс беттік таза танымдық жазбалар қалдырдым. Мұндай жайт маған дейін болған емес, болады деп және айта алмаймын. Мен жай ғана этнограф емес, қазақ баласына ешқандай дәрі-дәрмексіз өмір сүруді орнықтыруға ұмтылған жазушылардың бірімін, бәлкім, соңғысы да болармын. Ет тәрбиесі жөнінде талай жазба қалдырдым. Осы төңіректе мынаны айтсам да жетер.

Біз бабаларымыздың көшірмесі ғанамыз. Қалай айтсақ та олар түпнұқса да біздер көшірмеміз. Олай болса бабаларымыз етке ештеңе (жайма, қамыр, етнан) қоспаған. Сорпаны еттің соңынан емес алдынан ішкен. Сорпаға ешкі құртын қосқан. Қазақ баласы қашанда дәміне бұлақ суын (тірі су) пайдаланған. Шайға ешқандай да сүт қоспаған, ешкі майымен ішкен, қойдың сықпасымен сораптаған. Түнмен таласа жатқан, таңмен таласа тұрған (ер адамдардың бақиға өтуі әманда таң алагеуімінде өткен). Қазіргідей түскі ұйқы (тихий час) болмаған, ал жантаю болған.

– Сіз қасқырды үш жыл, итті үш жыл, ешкіні үш жыл зерттеген екенсіз. Бұл тақырыптарға дәл осындай қызығушылық неден басталды? 

– Мен әр нәрсені жылдар бойы зерттеймін. Дәлелім жеткенше зерттеймін. Және оларым миымда жүреді. Әбден піскенде қиналмай қағазға түсіремін. Негізі, итті үш жыл емес, ондаған жылдар бойы зерттеп келемін. Оның басты себебі – Ақселеу ағам болды. Ол кісінің тегі Тарақты еді ғой. Ал Тарақтыңыз Орта жүздің ноқта ағасы аталады. Қажетінде қаймана қазағыңыз сол Тарақтыңызды тұқыртып-ақ жібереді. «Ит жаманы – барақты, ел жаманы – Тарақты» деп. Мұны есту кімге қалай – менің жүрегіме кәдімгідей салмақ салады. Содан да бұл тақырыптан қашақ жүруші едім… Ал хандар есімінің кіл Барақ келетіні қалай? Барақ есімімен аты шыққан жаман-жәутіктердің болмауы қалай? Зерттеп берсем барақты қойғанда басқасын да біле бермейді екенбіз. Тіпті, иттің еркегін, ұрғашысын, күшігін де ажырата алмайды екенбіз. Сонан Әуезовтен бастап Әлімқұловқа дейінгі классиктеріміздің түгін қалдырмай ақтарып шықтым. Біреуін де атамайды, соған қарамастан классикалық туындылар берген. Бұл мені ерекше таңқалдырды. Содан әлеуметтік желіге жаздым. Иттің ұрғашысының, еркегінің, күшігінің атауын білетін жан бар ма деп. Бір пақыр да жауап бермеді-ау… Не жазушысы, не итбегісі, не қойшысы… Сонан ликбезге отырдым. Отырғанымды қайтейін, тілге жаны ашиды деген «Ана тіліміздің» өзі баспай қойды ғой… Тендерде отырмыз деп… Сонан Дәурен Қуат бауырыма шығайын. Обалы нешік, бөліп-бөліп басса да жарыққа шығарды….

–  Қазақ дүниетанымында қасқыр бейнесінің ерекше маңызы бар. Сіздің зерттеулеріңіз бойынша, қасқыр образы нені білдіреді? Қазіргі заманда ол образ өз мәнін жоғалтты ма? 

– Қасқыр жөнінде де жоғарыдағы жауабымды қайталар едім. Байқаймын, менің білетіндерімді өзім ерекше құрметтейтін Өмір, Ақселеу ағаларым да біле бермейді екен. Соның бір парасы тағыларға байланысты еді. Қазақ баласы қасқырдың жалынан, әуегінен, бұралқысынан, арланынан…хабарсыз болып шықты. Соған қарамастан жазады-ау, жазады… Тіпті, роман жазғандары қаншама?! «Үйірі жоқ көкжал»  романы жарық көргенде не істерімді білмей қалайын. Оны жазған өзімнің досым Ғабиден Құлахмет еді. Ғабең қайтыс болғанда сонау Аягөзге Қарағандыдан Мағау Сембай екеуіміз, Өскеменнен Серік Байқон досымыздың мейрамсуын ішкізіп, топырақ салып қайтқан едік. Сол досым қасқыр үйірінің әуек атауын білмейді екен. Білгенде кеш еді. Қатты өкінді. Оның үстіне жастарымыз бұл тақырыпқа үйір болар ма?! Абаданның не екенігін білмейді, бірақ жазады. Бөрісырғақ жөнінде де осыны айтар едім. Әрі ойлап, бері ойлап жастарымызға көмек болсын деп алпыс алты беттік «Абадан» деген жазбамды жаздым. Бұл таза этнографиялық жазба еді. Қасқыр тәуелсіздіктің, еркіндіктің,қайсарлықтың нышаны. Соған орай барша түрік әлемінің төтемі! Барша түрік әлемінің коды! Қазақ баласының коды! Өкініштісі, осы нышанымыз елдік рәмізіміздің бірде-біреуінен өз орынын таппады!? Жұрттың бәрі қырғызды қазақпен туыстырады. Қан жағынан, әрине. Алайда… Қырғыздардың төтемі бұғы ғой! Ендеше… Ойланатын нәрселер бар болып шығады!

 

Бұл кісілердің әрқайсысы бір-бір әлем болатын

–  Соғымға қатысты атаулар мен салт-дәстүрлерді сіздей толық білетін адам аз. Қазіргі қазақ қоғамы бұл дәстүрлерді қаншалықты дұрыс түсініп, жалғастырып келеді деп ойлайсыз?

–  Менің басты еңбегім, төккен терімнің қайтарымы – қазақ баласына төрт түлігін қайтарып бердім. Әр түлігі туралы елу беттік танымдық жазбалар қалдырдым. Төрт түлік сапынан сиырды шығарып тастадым. Әрине, қарсылық көп болды. Алайда, менің жазбаларымда бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанған өмір сүру ұстанымы еш бояусыз өз көрінісін тапқан еді. Бүгінгі қазақ баласы соғымның не екендігінен хабарсыз десем не айтар едіңіздер?! Бабаларымыз күздікке серке сойған десем не айтар едіңіздер?! Осыған басқа тұрсын, өз айналам кекесінмен қарады ғой. Содан қоңыр күзде Ақадырда тұратын  Өмір ағама шығайын.

– Биыл күздік соямыз ба?

– Төрт жасар серкеміз жараулы…

Оны білетінім мен Ақадырда жиырма жыл тұрдым ғой. Сонда жыл сайын күздікке серке жарататын. Содан ағамызға жағдайды айтайын. Астана, Қарағандыдан бір он шақты адам сізге барсақ, әлгі күздігіңіздің дәмін алсақ демеймін бе?! Содан бардық. Үш машина адам.

Кәмел Жүністегі, Серік Ақсұңқарұлы, Нұрхан Мыңбай, Қайрат Әбілда, Қойлыбай Асан, Аңғар Смағұл, Балтабай Иген… Ылғи ығай мен сығайлар…

Содан бәріміз жабылып жүріп бір табақ үйме етті тауыса алмадық қой. Жұрт екі елі серке қазысын сол жолы көрді.

Дастарқанда тек ешкі дәмдері ғана болды – еті, сорпасы, қазысы,құрты, сүті…ірімшігі… Іле ешкі туралы сериялы материалдар жаздым. Сонан телефон шалушылар күрт көбейді. Кейінде тізіммен ғана босатылатын ешкі еті қазір ешқандай шіретсіз сатылады. Былтыр Қарағандының көкбазарында ешкі қазысы сатылды дегенді естідім. Ешкі майының келісі 11 мың теңгеге жетті дегенді һәм естідім. Жылдар бойы кеткен көзмайымның өтеуі осы болар…

–  Қарағандыға барған сапарымызда кітапханадағы кездесуде Өмір Кәріп ақсақалға деген ерекше құрметіңізді байқадық, ұстазы ма екен, ағасы ма екен деп отырдық. Сіздің шығармашылық жолыңызға әсер еткен тағы қандай тұлғаларды атар едіңіз? Сіз Оралхан Бөкей мен Ақселеу Сейдімбек секілді ірі тұлғалардың жанында болып, олардың әңгімелерін тыңдағаныңызды айтасыз. Ол кісілерден не үйрендіңіз? Сол дәуірдегі әдеби ортаның рухын сипаттап бере аласыз ба?

–  Менің араласқан ортам жиексіз қазақы орта еді. Кәмел Жүністегі, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Өмір Кәріп, Рымқұл Сүлеймен, Дидахмет Әшімхан, Базар Мамыр, Серік Байқон…– міне, мені өсірген орта. Бұл кісілердің әрқайсысы бір-бір әлем болатын. Қырық жасымнан бастап мен этнограф атана бастадым. Өйткені мен барынша қазақы жазуға ұмтылдым. Бес ауыз сөз жазсам да қазақы жазудан таймадым. Осы жылдары Ақселеу мен Өмір ағаларымның ықпалында болдым. Міне, қызық – прозаик ретінде жоғарыдағы ағаларыммен марафон жолында болдым. Ешқайсынан асып кеттім де айта алмаймын. Есесіне мені өздерінің қатарына қосты. Ал Ақселеу мен Өмір ағаларымның жөні атымен бөлек. Олар Сәбит Мұқанов салған қазақ жазба этнографиясының заңды жалғасы еді. Олар барынша қазақы жазды. Және ол жазғандары түсінікті қажет етпейтін.

Менің де сорабым, таңдауым осы жол болды. Ақындықтан қалған менде де бір жұқалық бар. Ақындар өлең арнап жатса, мен әңгімелер, тіпті тұтас кітаптар арнап жазамын. Оралхан, Ақселеу, Өмір ағаларыма осындай арнаулар жаздым. Ал Ахаң туралы «Құрмалдық» деген кітабымды жаздым. Ішкі «сволышым» айтады, бұл кітап туралы әлі талай сөз болады деп.

Дидахмет ағам қоярда-қоймастан менің бір әңгімемді жас жазушылардың үшінші томына енгізді. Ақселеу ағамызбен арамыздағы әңгімені «Құрмалдық» кітабымда жаздым. Қызығы мен бұл кітабымды бір айда жазып тастадым. Өмір ағамыз туралы жазбам пісіп-ақ тұр. Тек уақыт болмай жатыр. Серік ағам Байқон кешегі күндер үдерісімен социалистік жарысқа шақырған еді. Ол ағамыз екеуіміз бір жылда кемі бір-екі кітап беруші едік. Ол да бір бүйрегімде тұр. Қалихан ағам да мазалайды… Кәмел ағам өзі туралы жазған «Байқоңыр» деген портреттік жазбамды көріп кетті. Тіпті, батылым жетіп ағамызды «Халық ҚаҺарманы» атағына да ұсындым. Осы ұсынысым өтпесе де ағамыздың ғұмырын бірер күнге, болмаса бірер айға ұзарттым-ау деп ойлаймын. Оралхан ағам өзі туралы жазған «Айбөкен» әңгімемді көрді. Қазір Өмір ағамның қасында жүрмін…Оралхан аға мені бір рет емес, екі рет іздеп келді. Қазір ойлаймын мені сол этнографтығым үшін іздеп келді деп. Тіпті, ауылда жатқан әкемді алдырып, әңгіме-дүкен құрды. Осы кездесуден кейін әкемнің маған деген көзқарасы атымен өзгерді десем болады. Бар білгенін, көргенін, естігенін құлағыма құюмен болды. Орағам әкеме айтса керек:

–        Балаңыз алысқа барады…. – деп.

–       Сенің жаныңда жүрсе бізге болады, – депті әкей.

–       Шалатын тазы түлкіге айналмайды…

Орағамның сөзіне әкей жығыла қоймаса керек. Өйтетін себебі ит қасқыр алмайды ғой. Соны білгендей Орағам:

–        Әлі бүкіл қазақ баласы бізді емес, осы балаңызды іздейді… – депті.

 

Қастерлеп жүрген мемсыйлығымызда қасиет қалмады 

– Сол Қарағандыда өткен алғашқы Проза фестивалінде қазіргі жас прозаиктердің жазғанына көңіліңіз толмайтынын айтып, олардың тілі калька дедіңіз. Енді тарқатып айтсаңыз, бүгінгі проза жазып жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?  Кейінгілердің прозасында ең жиі кездесетін кемшілік қандай? 

– Бүгінде ұлттық прозамыз жөнінде орынды-орынсыз жадағай әңгіме көп. Соның бір парасы қазақ ұлттық прозамыз әбден пісіп-жетілді, тіпті Нобель сыйлығына ұсынсақ та болады деген жармақ әңгімеміз. Бажайлап қарасақ кейінгі жылдары прозалық шығармаларымыз мемлекеттік сыйлығымыздан қағас қалып келеді. Ал бір кездері очерк табиғатындағы шығармаларымыз қалай ұсынылды – солай жұлып түсуші еді ғой. Демек ойланатын жай баршылық.

Бүгінде әдебиет теориясымен әбден қаруланған жас прозашылардың жаңа легі келді. Сол лектің сыздауықтайын жарылмай жатып алған жайы бар. Ал оны сылып алып тастайтындай оташыларымыз дүниеге келмеген сынды. Сыншыларымыз жөнінде айтып отырмын… Соның салдарынан бізде ауажайылушылық белең алған. Барлық деңгейде. Қазір не көп. Сыйлық көп. Солар әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеру керек еді. Алайда ондай үдеріс көрінбек тұрсын, сезілмейді де. Есесіне әдебиет төңірегіндегі сорақылығымыз андағайлап тұр. Қастерлеп жүрген мемсыйлығымызда қасиет қалмады. Бір бергенде арбалап болмаса да, дорбалап беретін болдық. Міне, ғажап, солардың біреуі де бас тартпады-ау?! Қазір не жоқ? Прозаның ішіндегі прозамыз жоқ. Әңгіме ішіндегі әңгімеміз жоқ… Жүз бет бірдеңе жазып роман деп айдарлаймыз. Жеткен жеріміз осы. Ал бұрынғы романдарымыз роман болатын. Роман болғанда роман ішіндегі романдар еді… Екі ауыз сөз жазамыз да, мини-әңгіме деп айдарлаймыз. Екі бет сүйкейміз де, мини-роман деп жар саламыз… Осыдан кейін Нобель сыйлығы туралы әңгіме айту артық болса керек…

–  Сіз шығармашылықтың әртүрлі саласында еңбек еттіңіз – о баста өлең жаздыңыз, одан прозаға ауыстыңыз. Біз, мысалы, «Керат» шығармасының жазылу тарихы, қабылдану барысы мен он жылдан кейін бас бәйгеге ие болуы туралы естігеніміз бар. Кейін этнографияға ойыстыңыз. Бұл бағыттардың ішінде жаныңызға ең жақыны қайсысы?

–  Мен шығармашылық тәй-тәйімді өлеңмен бастағандар көктеуіненмін. Үшінші сыныпта өкпеме суық тигізіп алып, алты ай аурухана төсегіне қаңтарылдым. Сол жатқаннан жарты жыл жатып қалдым. 1961 жылы ақша ауысты. Сомдарымыз тиын болып қалды. Абай һәкімнің таңдамалысы 10 тиын ғана болды. «Батырлар жыры» 5 тиыннан аспады. Кітап оқитын қазақ баласы осылайша су тегін кітапқа жарыды да қалды. «Төрт дәруішті», «Батырлар жырының» екі томдығын сонда жатып тауыстым. Тауысқаным сондай қиссаларды жатқа оқитын болдым. Мұнымды сондағы үлкендеріміз қолдап, жел беріп отырды. Ауыз әдебиетіне деген сүйіспеншілігім сонда оянды деп білем. Содан да барып туған жерімді жұмаққа айналдырамын деген сынды шатпақтарым пайда болды. «Батырлар жырында» мен түсіне қоймайтын сөздер көп еді. Үлкендерден соның баламасын сұраймын, солайынша «сұрамшақ бала» атандым. Қазақ этногрфиясына мен осылайша келдім. Тың сөз естісем болды, жабысып қалатынмын. Соның мәнісін, мағынасын сұрап елдің мазасын алушы едім. Ағаларымыздың хатын тасып, пошталон болдық. Қызығы, онда не жазылғанын өзіміз де біліп тұрушы едік, өйткені ішіндегі өлең өзіміздікі болатын. Елдің маған назар аударғаны 1974 жыл болды. Сол жылы «Құралай салқыны» деген өлең жаздым. Менің түсінігімде өлеңнің де ұлты болады. Оны Олжас ағамыз дәлелдеп шықты-ау деймін. Мына өлең де сондай қазақы өлең еді… Қарағандыда қазақ тілінде жалғыз ғана газет шығады. Облыстық басылым. Апарып едім – баспады.  Ол жақтан «шалдың баласы» деген атақ алып қайттым. Есесіне университеттің өз газеті басты.  Қалай жаздым – солай басты… Түземей… Күземей… Қысқартпай… Ертесіне декан шақыртты. Задан Тасқалиұлы деген оралдық ағамыз еді. Алматылықтар үшін Қожакеев қандай болса, қарағандылықтар үшін Задан ағамыз да сондай еді. Жалап-жұқтап жүретін кезіміз ғой, не бүлдіріп қойдым екен деп берекем қашсын. Барсам жалғыз отыр. Бірден:  «Мынаны сен жаздың ба», десін? Шошып кеттім. «Кездесейік», «шығарып салуға бола ма?» сынды қыздарға шатпақтар жазып қоятынымыз бар еді. Соның біреуі қолына түскен екен ғой деп ойладым…Жоқ, қарасам кешегі бір жапырақ газетіміз алдында жатыр. Қызыл қаламның жиірек ізі тынышымды одан әрі кетірсін. Өйткені қызыл қалам қателер шығаруға арналған ғой.

–  Сөйтіп, кім жазды?

–  Өзім…

–  Біреу-міреу көмектесті ме?

–  Жоға-а…

– Әкеңнің шимайы емес пе?

–  Шахтер болып істейді…

– Атаң ше?

–  Әкем әкесінен бес жасында қалған… (Атам БалқашЛАГ-та отырған. Онысын айтуға батпадым).

– Сөйтіп, өзім жаздым де…

– Өзім…

– Оқып көрші, – деп газетті алдыма тастады.

Мен орнымнан тұрып өлеңімді жатқа оқыдым.

 

Құралай салқыны

Арқада – зауза!..

Көк аспан төсі иініп,

Жақындар күндер жауын мен қары аралас.

Тіршілік біткен болған жоқ әлі киініп,

Көлімдей жатыр жалаңаш.

 

Арайлы таңда бозамық сағым дірілдеп,

Қияқтар шықпен сәресін ішіп ертесін.

Осы кез жатты Арқаның төсі дүбірлеп,

Келген соң түздің еркесі.

 

Шырқап бір сазды қараторғайлар тау-талдан,

Әнімен тербеп даланың мына өзін де.

Дүбірлеп келіп киіктер шықты жалтаңнан,

Сұлуық – тана көзінде!

 

Жалтаңда лақтапкүн салмай олар араға,

бұлаққа құлап жеріне жетер алқынған.

Бетбақты бетке ап шерумен кетіп барады,

Лағы да ширап салқыннан.

 

Арқада – зауза!..

Көк аспан төсі иініп,

Жетті ғой күндер – жауын мен қары аралас.

Құралай айы…

Дүниенің мынау күйін ұқ,

Әлі де жатқан жалаңаш…

–  Тағы осындайларың бар ма? Мен «Шөгел туралы элегиямды» оқып бердім.

 

Шөгел туралы элегия

Кезқұйрық ілді-ау шібиді,

Аңдып кеп тауып аңысын.

Күйіңе мынау шын күйдің,

Кетті ме тайып бағың шын…

 

Көрмеген жүрек тайсалып,

Дәурен-ай өткен жалынды.

Өзіңнен іздеп қайсарлық,

Сары уайым жейді жаныңды.

 

Тірнек те тірнек кезіңді,

Жүретін түзді шаңдатып.

Аңсап бір сонша езілдің,

Топшыңды жүрген қан қатып.

 

Дене ауыр қайран,тастан да,

Кәрілік деген – ауыр сын!

Қарғып-ақ шығар аспанға,

Не деген дене ауырсың?

 

Көріп қап дала көкжалын,

Кез қайда түсер төніп бір.

От жалын жанар, от жалын,

Үрейді соңғы жеңіп көр!

 

Қайрат жоқ түсер арланға,

Жемтік табу ойда тек.

Күйің бар сенің арланған,

Көкжалға түспей қойма тек…

 

Отырды шөгел жер болып,

Дәурені басқа айтады ән…

Қоразға кетті жем болып,

Кезқұйрық аққан қайтадан.

–  Шөгел дегеніміз не?

–Бүркіттің кәрісі…

–  Бәсе, өзім де солай ойлап едім…

–  Қызық екен өлеңдерің, бір қарасаң түсініп оқу үшін түсіндірме сөздік керек, бір қарасаң түктің де керегі жоқ – бәрі түсінікті…

Біраз жұрт осы өлеңімді жақтырды.  Ибрагим Иса ағамызға да ұнапты. Көп ұзамай «Жалын» альманағына шықты. Бір қызығы осы өлеңіммен поэзияға келдім… Сол жылы «Керат» деген шығармамды жаздым. Әңгіме шахтер ат жөнінде еді. Ат айдаушы өзімнің әкем еді. Әкем оқып, кәдімгідей босасын. Содан бастап мен өзімнің жазушылығыма сендім. Бір қызығы, бұл әңгімем де студенттер арасында тез тарады. Ел кәдімгідей бір-бірінен көшіріп оқысын. Тағы да Задан ағам шақырсын. Бардым.

–  Мынаны да сен жаздың ба?

Алдыма конспект дәптерін тастай салды. Мен жай дәптерге жазушы едім. Өйткені алып жүруге ыңғайлы. Бірден бас тарттым.

–  Менікі емес… – деп.

–  Аш… Аша түс…

Қолтаңбасын танитын сияқтымын. Бірақ дөп баса алмадым. – Менікі емес, – дедім тағы да. –  Аша түс…– деді тағы да.

Парақтай бастағам. Дәптер бірден екіге бөлінсін. Өйткені ол бетке жапсырма желімденіпті. Жылқының суреті. Шірене вагон тартып барады. Мен енді бұл конспектінің кімдікі екендігін түсіндім. Менен екі курс жоғары оқитын Нәсіпбек Ажарбекұлының конспектісі еді. Оның да әкесі шахтер болған. Болғанда ол кісі де ат айдаушы болған екен… Әңгіменің не жайында екені түсінікті болды. Алдыма тағы бір дәптерді тастай салды. Мен оны жазбай таныдым. Ол курстасым Қанат Сәдуақастың конспектісі еді… Ол да көшіріпті. Әдемілеп қағазға түсіріпті.

– Жазуыңды үзбе, – деді. Сол жылдың күзінде Алматыда өткен жас жазушылардың екінші кеңесіне жіберді. Онда шошаңдап прозасына да, позиясына да қатыстым. Фаризам апам менің әлгі өлеңдерімді жақтырмады. Атавизм деп. Сенің амплуаң емес деп. Прозада Софы Сыматай ағамның секциясына түстім. Ол тұста ағамыз «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болып істеді. Жариялатам деп бір-екі әңгімемді алып қалған. Алайда жарық көрмеді. Есесіне кеңесті қорытындылаған Сайын Мұратбек ағамыздың баяндамасында менің есімім де аталды. Ұшпаққа шығарады деген «Кератым» да түкке жарамады. Бәрі жамырап «атың адамша ойлайды екен» деді. «Жылқы ойламайды» деп бағамды шығарып берді. Кейін «Жұлдызда» істейтін Оралхан ағама барайын. Үш күннен кейін Ғафу ағама алып барды.

–  Ініңізді алып келдім, – деп. Бір аптадан кейін қайтып бардым.

–  Қазақ әдебиетіне екінші Оралханның керегі жоқ! – деп ағамыз шалт кетсін.

– Осыдан кейін ештеңе жазбасаң да болады. Сен қазақ әдебиеті тарихында қалдың, – деді Оралхан ағам.

–  Не дейт?! – деп аңтарылсын Ғафу ағам.

Мен бақытты едім. Оралхан ағаның аузынан мұндай сөз есту екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ болар. Бірақ әңгімемді еш жерде жариялата алмадым. 2004 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті қысқа әңгімелерге байқау жариялады. Сонда жарияланды. Бас бәйгені алып келді. Отыз жылдан кейін.

Міне, қызық. Ол әңгімем кейін тағы жарық көрді. Сол «Қазақ әдебиетінде». Кейінде «Жұлдыз» журналы бассын. Жақында осы басылымның тізгінін ұстаған Дәурен Қуат бауырымыз хабарлассын. «Кератымды» сұрап. Мен бұрын басылғанын айттым. «Күнде бассақ та артық етпейді»… – десін.  Этнографиялық сарында жазылған екі кітап бердім. Былтыр «Қазақ халқының көмескіленген этнографиясы» деген есептік жазбам оқырманына жол тартты. Қазір дала пәлсапасымен айналысып жүрмін. Бұл да бір күрделі тақырып. Онымен бірге қазақ күнтізбесімен де айналысып жатқан жайым бар…

– Сіз Хикмет пен Уитменнің өлеңдерін аудардыңыз. Бұл ақындарды не себепті таңдадыңыз? Қазақ оқырманына олардан не жеткізгіңіз келді? Шет тіліндегі поэзияны қазақ тіліне жеткізуде сіз ұстанатын басты қағида қандай болды? Қазір бұл шаруамен айналысасыз ба? 

– Аудармашы болам деп еш уақытта ойланбағам. Базар Мамыр досым Хикметпен ауырды. Сол досыммен жарысам деп Хикметті қазақша сөйлеттім. Уитменді де, Фросты да аудардым.  Бірақ ол аудармаларымның қазақ баласына ештеңе бермейтінін түсіндім. Өкініштісі, менің аудармаларым қазақы болып шығатын…

– Баяғыда партия заманының зәбірін көргеніңізді білеміз. Ол оқиғалар сіздің өмірлік және шығармашылық принциптеріңізге қалай әсер етті?

–  Қырған ештеңеміз жоқ. Тіпті, «Жас қазағымыздың»  Жарғысын да қабылдап үлгермедік. Тумай жатып тұншығып қалдық. Бірақ соның өзі жеткілікті болды. Оқудан шығып қалуыма, бірер күн жертөледе жатуыма. Бірақ шырақ алып соңымызға түспеді. Қарағандыдан диссиденттер табылды деп айту ешкімге абырой бермеуші еді…

– Өмір жолыңыз техникалық мамандықтан басталыпты, бірақ, политехті бітірмепсіз, филологияны таңдапсыз. Кейін баспасөз саласында ғана емес, әр салада қызмет еттіңіз.  Ғалым болғыңыз келмеді ме?

–  Менің мамандығым қазақ тілінің оқытушысы деп аталады. Әдебиетші емес, тілшімін. Осы мамандығым мені бәрінен де алып шықты. Қазақ тілімен жылдар бойы айналыстым. Бүгін де арнайы уақыт бөлемін. Қазақ лексикасы менің басты ауруларымның бірі. Осы бағытта «Мың бір сөз» деген түсіндірме сөздігін де жазып шықтым. Оны жазып тастағаныма да бір он-он бес жыл болған шығар. Уақыты келгенде ел қолына тиеді деп ойлаймын.

– Төрехан аға, бізбен сұхбатқа келіскеніңіз үшін, жақсы әңгімеңіз үшін рақмет. 

Сұхбаттасқан: Жадыра Шамұратова

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *