Киберқылмыспен күрес – қоғамның ортақ парызы. Бұл мәселеге тек полицейлер ғана бас ауыртуға міндетті емес. Яғни қылмыспен халық болып күресуіміз қажет. Қазақстандықтар соның бір айқын мысалына жақында куә болды. Өңірдегі өндіріс алпауыты Qarmet шебері қырағылығының арқасында несиелік алаяқтықтың жолын кесті.
Қазір цифрлық технология қарқындап дамып келеді. Киберқылмыс күн санап түрленіп, күрделеніп келеді. Мұндайда азаматтардың жеке қырағылығы маңызды болып отыр. Бұл ортақ жұмысқа банктер қызметкерлері де елеулі үлес қосуда. Олар күмәнді шетелдік шоттарға ірі көлемде ақша аударатын клиенттерге ерекше назар аударып келеді. Өзге де салалар қызметкерлері бұл істен шет қалған емес. Олар жанында жүрген әріптестерінің әдеттен тыс әрекеттерін байқаса, бірден өздерінің күдіктері туралы полицияға хабарлайды. Мәселен жақында «Qarmet» компаниясының ауысым шебері елу жастағы жол жөндеушінің көңіл күйі болмай, бірдеңеге алаңдап жүргенін байқайды. Жұмысшы бір сағат бойы өзін банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырған белгісіз адамдармен телефонмен ұзақ сөйлескен. Содан кейін ол отбасылық жағдайларды сылтау етіп, үйіне сұранады. Оның әдеттен тыс әрекетінен күдіктенген шебер бірден полицияға хабарлайды. Қоңырауды бірден қабыл алған Теміртау қаласының киберпол бөлімінің қызметкерлері жедел жол жөндеушінің үйіне барып, оның алаяқтармен сөйлесіп жатқан үстінен түседі. Осы уақытқа дейін интернет-алаяқтар жұмысшының атына бірнеше банкте шот ашып үлгерген. Және сол сәтте несие рәсімдеуге тырысып жатқан екен.
Киберпол қызметкерлері дереу қоңырауды тоқтатып, жол жөндеушіні қарыз қамытынан құтқарып қалады. Осылайша компания шеберінің қырағылығы арқасында полицейлер алаяқтықтың алдын алды. Бұл оқиға киберқылмыспен, интернет алаяқтықпен бірлесе күресу арқылы тосқауыл қоюға болатынын көрсетті.
Қазір киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері облыс халқының арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Олар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, интернет-алаяқтықты анықтау тәсілдеріне үйретуде.
Дегенмен елде киберқылмыс көбейіп барады. Оның ішінде киберқылмыстың 99 пайызы – интернет-алаяқтық. Жалпы, киберқылмыс жаһандық сипат алып отыр. Әсіресе ақпараттық технология саласы дамыған елдер қылмыстың осы түрінен орасан зардап шегуде. Кейінгі сегіз жылда Қазақстандағы киберқылмыс 10 еседен аса көбейді. Қылмыстың бұл түрі алаяқтыққа байланысты қылмыстардың 50 пайызына жетті. Елде жыл басынан бері 11 мыңнан астам киберқылмыс тіркелді.
Былтыр қараша айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ішкі істер министрлігінде өңірлік бөліністері бар арнайы департамент құрылған еді. Қазіргі уақытта қауіптің ұлғаюына байланысты мемлекет осындай қадамға барып отыр. Ақпараттық кеңістіктегі қылмыстарға қарсы күрес құқық қорғау органдарының маңызды міндеттерінің біріне айналды.
Кейінгі уақытта заманауи телекоммуникациялық және байланыс құралдарын пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың жаңа түрлері қалыптасып отыр. Қазақстан да бұл қатер өршіп тұр. Арнайы құрылған департамент бөліністері тек киберқылмыстарды ашумен ғана емес, сонымен қатар жалпы заңнамалық, ұйымдастыру, алдын алу бойынша жұмыстар да жүргізеді. Байланыс операторларымен бірге тіркелмеген SIM-карталарды, интернет арқылы қоңырау шалуда және мессенджерлерде анонимді аккаунттар ашуда пайдаланылатын SIM-бокстарды анықтап жатыр. Тек биылдың өзінде елде осындай 74 құрылғы мен 88 мыңнан аса тіркелмеген SIM-карта тәркіленді. Бұл қылмыстарды жасады деген күдікпен 30 адам қамауға алынды. Олардың жартысы – шетел азаматтары.
Сондай-ақ интернет кеңістігіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отыр. Бұл жұмыстар нәтижесінде заңға қайшы мазмұны бар 59 мың интернет-ресурс анықталып, бұғатталды.
Әрине, киберқылмысты толық тыю қиын. Себебі технология күн санап қарыштап амып келеді. Және ол күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан қауіп-қатердің де түр-түрі пайда болып жатыр. Солардың бірі – киберқылмыс. Ол жаһандық деңгейде өршіп тұр. Ал алаяқтардың құрығына түспеуді ең оңай жолы сақтық. Яғни кез келген адам бейтаныс жандармен сөйлескенде, хат алмасқанда абай болып, күмәнді сайттар мен қосымшаларды деректерін көрсетпеген жөн.
Манас АҚСАРЫ