5 қыркүйек – қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы һәм реформаторы, аудармашы, публицист, педагог, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
«Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен, әдебиет тілін өркендету керек…» деп елі үшін бар өмірін арнаған асыл данагөй Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күніне орайластырып, Қарағанды облыстық соты «Сот істерін мемлекеттік тілде қарау: мәселелері және шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Тақырыбы менмұндалап тұрған кеңеске сот, сот әкімшілігі департаменті, прокуратура, ҰҚК, адвокатура, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы, экономикалық тергеу департаменті т.б. құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Сонымен қоса журналистер, облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшелері шақырылды.
Жиынды Қарағанды облыстық сотының төрағасы Е.Р.Әріпов ашып, сот саласындағы тіл мәселесінің қолданылуы жөнінде нақты ақпарат берді. Одан кейін Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Қ.Шалабаева мемлекеттік мекемелердегі тілдің рөлі мен маңызы жайында баяндап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудегі жасалып жатқан шаралар мен міндеттерді саралап айтып берді.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті Қазақ тіл білімі кафедрасы филология ғылымдарының докторы Ш.Ш.Жалмаханов А.Байтұрсынұлының лингвистикалық мұрасы және ойлары жайлы баяндама жасап, қазақ халқына сіңірген еңбегін орынды бағалады, ел біле бермейтін ақпараттармен бөлісті.
Қарағанды облысы бойынша Сот әкімшілігі департаментінің басшысы М.А.Қызылов облыс соттарындағы мемлекеттік тіл ахуалы: статистикалық мәліметтер және тіл заңнамасының бұзылуы бойынша соттардың жекеше қаулы, ұйғарым шығаруы жайлы нақты фактілерге сүйене отырып, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытында сөз өрбітті. Адалдық пен әділдікті негізгі ұстаным ретінде басшылыққа алатын М.Ахмедияұлының баяндамасы статистикалық мәліметтерге толы болды. Қазақ тілі толық мәнде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғандықтан, полицияға не сотқа жүгінерде тілді таңдау әр азаматтың конституциялық құқығы екенін қадап айтты. Шағым, талап, арыз, өтініш, жолданымдарды міндетті түрде тек мемлекеттік тіл – қазақ тілінде беру керектігін ұмытпауды ескертті. «Мемлекеттік тіліміз қазақ тіліне деген құрмет тек мәдениетпен, салт-дәстүрмен шектелмейді. Бүгінгі күні ол нақты заң нормаларымен бекітілген, құқықтық міндеттемелермен қорғалған жүйелі саясаттың өзегі. Заң мен сот алдында азаматтардың бәрі тең, ұлты мен тіліне байланысты ешкімді де кемсітуге болмайды» деп атап көрсетті.
Облыстық сот төрағасы Е.Р.Әріпов әр баяндамаға жеке-жеке баға беріп, тіл заңнамасының күнделікті жұмыста заң аясында сақталып отырғанын айтты. Баяндамалар бойынша жарыссөздер басталды. Жарыссөзге алғаш шыққан Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының мүшесі А.Н.Исин сот барысындағы аударма мәселесінің қиындық келтіріп тұрғанын қынжыла айтты. Бұл мәселе сотқа жүгінуші тарапқа да, адвокаттарға да салмақ түсіріп, кей жағдайларда түсініспеушіліктің туындайтынын жасырмады. Жиынға қатысушы С.Б.Байбосынов, С.Х.Мұстафин сот жүйесіндегі тіл мәселесі жайлы құнды пікірлерімен бөлісті. Облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшелері С.С.Келдібаев, Ә.Б.Жұманов, Ж.Н.Нар көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Жиналыс төрағасы Е.Р.Әріпов әр сұраққа байыпты жауап беріп, барлық жұмыс тек заң шеңберінде істеліп жатқанын айтты. Келелі кездесу өз мәресіне жетті. 2 сағатқа созылған кеңестің берері көп болды деп ойлаймын.
Аңғар СМАҒҰЛ