Байтақ облысымыздың Қарқаралы ауданына қарасты (бұрынғы Егіндібұлақтың құрамындағы) бірқатар елдімекен орталықтары еліміз тәуелсіздігін алған ХХ ғасырдың 90-жылдары халықтың қалауымен, жергілікті биліктің шешімімен, кезінде кеңестік өкімет бекіткен атауларды өз топырағына кіндік қаны тамған тарихи тұлғалардың есімдерімен, ежелгі жер-су атауларымен алмастырды.
Мысалы, партия-кеңес органдары 30-40-шы жылдары берген «Меңдешев атындағы», «Жамбыл атындағы», «Маркс атындағы», бертіндегі «Қаратау» кеңшары, «Қазақстанның 40 жылдығы» дегендей атаулардың орнына бағзы заманнан бар «Қоянды», «Балқантау», «Айнабұлақ», «Шарықты», «Тәттімбет», «Нығмет Нұрмақов», «Мәди» ауылдық округтері, «Теректі кен-байыту комбинаты» сияқты жаңа атаулар өмірге келді. Ал Егіндібұлақтың ежелгі атауы «Қу» топонимін «Қу орман-тоғай кәсіпорны» мәңгілікке еншілеген!
Бұл көрегендік шешімдер ұлтжанды азамат Зейнешев Тілеубек Ережепұлы 1987-1992 жылдары Егіндібұлақты басқарғанда, халық тілегімен қабылданған-ды, «Ердің көзі кетсе де, есімі ел есінде», кейінгі ұрпаққа мұны білмек керек.
Ал ауданға 1993 жылы әкім болған Мұрат Нұрақышев оның сұңғұла ісін жалғастырып, ел қолдаған шешімімен қастерлі аймақты «Қаздауысты Қазыбек би ауданы» деп жариялады, халық жинаған қаржымен Би-атамызға бірегей ескерткіш тұрғызылуына (мүсінші Жаубасар Қалиев) мұрындық болды.
Сондай-ақ Қу болысын көп жыл басқарып, патша өкіметін ақыл-парасатымен, көшпенділер мәдениетімен таңқалдырған, төртжылдық орыс-қазақ мектебін ашқан, Қоянды жәрмеңкесін орнатысқан, Алаш көсемдерінің Қарқаралыдағы қызметіне меценат болған, жер аударылып кеткенше Қуда әлеуметтік құрылыстар салып-қалдырған Ақайдың Қасені атындағы көше бар, Қаскеңнің әзіз бейнесі мәрмәр тақтаға түсіріліп, кісібойы гранитқа бекітілді.
Мақала тақырыбы – ауыл мектебіндегі спорт туралы әңгімемізді Тәттімбет ауылдық округінің орталығы Арқалық кентіндегі жалпы білім беретін №32 Ақтасты орта мектебінің 8-сыныптан 9-ға көшкен оқуда озат оқушысы, Қаракесек Шаншар-абыздың Алсайынан тараған ұрпағы Ықсантегі Бибігүл Айтқалиқызының осы 2025 жылғы ақпан айында «Жеңіс-80» ұраны аясында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығындағы жас мергендердің Қарағандыда өткен облыстық сайысына ауылдық, аудандық сайыстардан үздік өтіп-қатысып, жүлделі 3-орынды жеңіп алғандығын мәлімдеумен бастайын.
Арқалық тауының етегінде көсілген бұл №32 ЖББ Ақтасты орта мектебінің тарихы үлкен. Мектеп Қарқаралы оязы Қу болысы Шаншар елінің тумасы, 1924-1930 ж.ж. Қазақстан Халық Комиссарларының Төрағасы (қазіргіше – Премьер-министрі) болған, ал 1930-1937 жылдары. Мәскеуде, Михаил Калинин төрағалық еткен Бүкілодақтың Орталық Атқару Комитеті Президиумының Ұлттар комитетін басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың тұсында 1937 жылы «жетіжылдық» болып ашылған еді.
Биыл туғанына 130 жыл толған Нұрмақов Нығмет бұл қызметінде РСФСР құрамындағы «ұлты орыс емес облыстар мен республикалар» әлеуметіне мәдени-тұрмыстық, оқу-білімдік, денсаушылық жағдай туғызумен шұғылданған. Осындай әлеуметтік қамқорлықпен ұлан-байтақ Қазақ КСР аудандарын қамту сәті көзделгенде, 1935 жыл соңында БОАК Төрағасы М. Калининнің, хатшысы В. Киселевтің қолдарымен қабылданған үкіметтік Қаулы Қарқаралы ауданы әлеуметінің жағдайын: тұрмысын, денсаулығын, білімін көтеруді міндеттеп, ондаған әлеуметтік құрылыстарға қаржы бөлдірген екен. Соның ішінде 1936 жылы аудан орталығы Қарқаралыдан бір орта мектеп және шалғай екі ауылдан жетіжылдық екі мектеп салу атап көрсетілген. Содан Қарқаралыда 1936 жылы қаланып, 1937 жылы оқушылар қабылдаған ерекше сәулетті, қосэтажды Ақ мектеп әлі әйбат сақталып тұр, ал «екі ауылдан жетіжылдық екі мектеп тұрғызу» ісі бір ауылда ғана – Түндік өзені бойындағы халқы көп Арқалықта салынып үлгеріп, 1937 жылы оқушылар қабылдаған. Әттең, сол 1937 жылы Н.Нұрмақов «халық жауы» деген нахақ жаламен ұсталып-атылып кеткен екен де, жүздеген осындай жазықсыз «халық жауларының» атын атауға қатаң тыйым салынып, Қарқаралы мен Арқалықтағы мектептер – оның ұлы арманының ұшқындары екенін елі-жұрты біле қоймайды.
Ақиқат тәуелсіздік жылдары ғана ашылды: қарқаралылық ғалым-журналист Рамазан Сағымбеков ізденісінің шындығын тарихшы-ғалым қарындасы Сәуле Қасымова Мәскеудегі сталиндік кезең архивтерін ақтара отырып, 2019 жылы дәлелдеп шықты. Нұрмақұлы Нығмет ағамыздың биылғы 130 жылдығын сәтімен пайдаланып, жұртшылыққа осы ақпаратты қоса ұсынып отырмын!
Мектепті ұйымдастырған алғашқы директор менің әкем Қожа Асқаров еді (Семей педтехникумын өткен педагог, 3 жыл Ашхабадта әскер өткен лейтенант, Алматы КомВУЗын өткен идеолог, ҰОС өткен мүгедек-ардагер 1908-1990 жылдары өмір сүрді). Түндік өзені тасығанда су шаймас үшін дөңеске салынған, биік есік-терезелі, спорт залы, кітапханасы бар бұл еңселі мектепте мен де оқыған едім.
Мықты ұстаздардан жасақталған мектепте бұрын Түсіпбаев, Қамаров, Нұрғалиев, Өмірбаев, Тахиров, Мағазов, Ілімбаев, Жабағин, Жаппаровтардың, медицина докторы Кұсни Әменовтың, экономика докторы Ербол Ақбаевтың, 1-ранг капитаны контр-адмирал Кенжебек Әбікеевтің, техникалық ғылымдар докторы Қалқаман Жұмашевтың, Еңбек Ері Сайлау Біләловтің ұрпақтары оқиды. Ауылда І977-жылы стандарт орта мектеп пайдалануға берілді-дағы, кейін бір кәсіпкердің меншігіне өтіп кеткен тарихи мектептің сақталмағаны ғана өкінішті…
Облыс аудандарындағы ең «жасы үлкен» осы мектеп түлектері білім, өнер, спортта Қарқаралының намысын қорғауда. Мектепті қызыл аттестатпен бітіргендер, университет, коллежге мемлекеттік грантпен түсушілер көрсеткіші жоғары. Біз әлгінде есімін атаған Ықсантегі Бибігүл, мәселен, бастауыш сыныптан бері үздік үлгеріммен, спорттық, көркемсөзшілік табысарымен даралануда. «Кең тынысты Бибігүлден желаяқ жеңілатлетші шығады, волейболшы қыздар арасында да қимылы әбжіл!.. Мұның бәрі жалықпай жаттығудан» дейді шәкірті туралы «дене шынықтырудың» мұғалімі. Соның бір көрінісі емес пе, өзге оқушылар демалыста жүргенде, Бибігүл Ықсантегі биылғы жазда «Жеңіс-80» ұранымен волейболдан Қарағайлыда өткен аудандық жарыстан «Үздік ойыншы» жүлдесімен оралған.
Ауылға жол түсіп, өзімен әңгімелескенімде, талшыбықтай балғын ару Бибігүл мені мынадай уәжімен сүйсіндірді:
– Тұрақты армиясы да, сарбаздары да болмаған Қазақ елінің ертеде сыртқы жауларға кең-байтақ жерін бастырмағандығының сыры – ежелг і елімізде ұл балалар сияқты, қыз балалар да бұғанасы бекіген жасынан бастап атты шебер басқару, бишік ұстау, садақ ату, қылыштасу тәсілдерін меңгергенінде деп ойлаймын. Қазақ қыздары өзін, ата-анасын, бауырларын қорғауды жаугершілік, шапқыншылық заманында үйренген секілді.
– Дұрыс айтасың!.. Әйел баласынсыз кез-келген ұлттың бағы ашылмаған ғой. Әйел заты – ұрпағын туған тіліне, имандылыққа, мықтылыққа баулушы құдірет иелері. Ал қазақстандық мектептердің спорттық жүйесіне қазір ат спорты, садақшылық, семсерлесу курстары енгізіліп жатқаны – ұлттық өнерімізді бағалаудың бір тәсілі!..
Иә, жергілікті білім бөлімдері спорттың жауынгерлік түрлеріне ұлдар мен қыздарды көптеп тәрбиелеуге көңіл бөлсе, әр қала мен ауылдан ерен садақшылар, ат құлағында ойнайтын сайыскерлер шығар еді. Көріп жүрміз, облысымыздың Ақтоғай, Шет, Жаңаарқа аудандарында қазақтың ат мініп, тазы ертіп, таза табиғатта саятшылықпен демалу салтын, сол секілді жауынгерлік дәстүрлерін дамытуға деген ынта-ықылас айқын байқалады. Ал осы әйбат салт-дәстүрді спортшы мамандары бар мектептен бастаса, дирекциялар бүгінгі жасөспірімдердің біздің кезімізден бөлектеу, өскелең- шетіндеу қызығушылығын ұлтымыздың отаншыл-жауынгерлік салтына ыңғайлайтын спорт ойындарымен тояттандыруды қолдаса, жөн болатын сияқты!
Осы Тәттімбет ауылдық округіндегі №32 Ақтасты орта мектебінің тәжірибелі директоры Саменова Әсел ханым педұжымға өз ісіне сергек, балажан педагогтарды жинаған. Мамандығы бойынша «программист-информатик педагог» Әсел Ғазизқызымен бірге ауылға интернет те ерте келді. Мектеп басшысы дене тәрбиесі, алғашқы әскери-технологиялық даярлық сабақтарына жіті көңіл бөледі, нәтижесінде оқушылар шахмат, тоғызқұмалақпен, волейбол, баскетбол, аяқдоппен айналысады. Жұбайы, денешынықтыру және спортқа жаттықтырушы ұстаз Өмірбек Ағыбаев ұл балаларды жаппай «Қазақ күресіне» баулып шығарды, нәтижесінде анна жылы Қарқаралыда өткен облыстық «Сарыарқа Барысы» жүлдесіне «Қазақша күрес» турниріне әр ауданнан келген жас балуандар ішінен №32 Ақтасты мектебінің 11 сынып оқушысы Ғалымжанов Оралбек 3-жүлдені жеңіп алды! Осыдан соң Өмірбек-ұстаз №32 Ақтасты мектебі мен №31 Абай орта мектебі оқушылары арасында «Қазақ күресінен» 5 салмақ дәрежесінде турнир өткізіп, үлгі танытып еді-ау…
Мектептің қарт ұстазы Нұрғалиев Қайыркен: «Қазақ балаларын мектеп жасынан аяқдопқа – футболға тәрбиелеу керек. Қазақстанның аяқдопшылар ұлттық құрамасында ұлт өкілдері басым болуы керек!..» дей келе, шахматшы немересі Нұралыны аяқдоп тебуге бейімдеп, Бөкетов университетінің денешынықтыру-спорт факультетіне түсірген ғой. Қазір сол Атасының баласы, 19 жасар студент Нұрәлі Нұрғалиев талай сыннан өтіп, Қарағандының «Шахтер» футбол клубында «резерв-қақпашы» болып тіркелуін қақпашы Игорь Шацкий өзі мақұлдаған: «Шахтердің» болашақ құрамасына ұлттық аяқдопшыларды вуз қабырғасынан тәрбиелеуге атсалысудамыз», — дейді патриот-спортсмен!
Мектепке «Алғашқы әскери-даярлық технологиясының» ұстазы Қуанышбек Сабыржанов келісімен, дирекцияның мақұлдауын, ата-аналардың қолдауын алысымен, ұлттық өнеріміздің нысана көздеуге баулитын «Садақшылар» үйірмесін ашып-жүргізіп келеді. Әсіресе жоғары сыныптың оқушы қыздары қызыға-тартылған осы үйірмеде қатысқан Бибігүлдің жеңісін сөзбасында тілге тиек еттік.
Бибігүлдің: «Құралайды көзге атқан мерген болсам, кез-келген жағдайдағы қорғану тәсілдерін қапысыз үйренсем!..» дегенін Абай абызша: «Өзіңе сен! Өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап!» деп бек қолдай келе, қазіргі қыздарымыздың шығыстық (жапондық, таиландтық…) күрес тәсілдерін меңгеріп, чемпиондық тұғырдан көрініп жатқаны – біздің ұлтымыздың қанында бар жауынгерліктен хабар береді-ау деп ой қорытамыз. Әрбір қазақ әйелінің ерте замандарда қыстаудан жайлауға дейінгі ондаған шақырымды ат үстінде еркін игеретіндігі, ерлер қатарлы жаумен шайқасқа түсетіндігі неліктен?!..
Президентіміз айтқандай, «Тәуелсіздікті сақтау – бәрінен маңызды іс» десек, жастарды кішкентайынан аңғарымпаз-шымыр етіп шыңдай білейік, ардақты ұстаздар. Шыңдалған шымырлары көп елді ешқандай жау алмайды!
Жаңа оқу жылы құтты болсын, педагогтық қауым, ел келешегі – оқушы жастар!
Назипа АСҚАР,
ардагер журналист