Ел сыйлаған, азамат Амангелді Ахметұлының қайтқанына он жыл толады. Өмірінің соңғы бес жылында ҚарМТУ-дың дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарған, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Амангелді Ахметов елпілдеген елгезек, ақ жарма пейілді, аздаған қожанасырлығына қарапайымдылығы үйлескен жан еді. Амангелді Ахметов Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданы Құдықағаш ауылының тумасы. Ресми түрде айтсақ, 1946 жылғы 8 наурызда Казгородок селосында дүниеге келген.
Кешегі ҰОС қатысқан майдангер, әйгілі «Жас қазақ» әнінің авторы, бүгінде Құдықағаш ауылының мектебі есімімен аталған Рамазан Елебаевтың жерлесі. Марқұмның ата-бабасы, әкесі сол елде құрметке бөленген сыйлы жандар болған. Арғы аталары Салық молла әулиенің ұрпағы. Әкесі Ахмет молла – ҰОС ардагері.
Амангелді Ахметұлы 1963 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне түсіп, оны 1969 жылы аяқтаған соң патологиялық физиология кафедрасында қызметке қалдырылды. Жарты ғасырдан астам Қарағанды қаласының тұрғыны болды. Аужекең қатардағы оқытушыдан проректор лауазымына дейінгі қызмет баспалдақтарынан өтті.
Атап айтқанда, 1975 жылы медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғады. Сол жылғы қыркүйектен бастап Қазақстан КП обкомының жолдамасымен Қарағанды педагогикалық дене тәрбиесі институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарып, содан кейін факультет деканы, оқу жұмысы жөніндегі проректоры деңгейіне дейін көтерілді. 1996 жылы ҚарМУ-мен біріккеннен кейін РОӘО проректоры, дене шынықтыру және спорт факультетінің деканы, 1999-2009 жылдар аралығында Қазақстан-Ресей университетінде сынама орталығының деканы, дене тәрбиесі және валеология кафедрасының профессоры болып жұмыс істеді. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында департамент директоры, кафедра профессоры, факультет деканы орынбасары қызметтерін атқарды.
КСРО жоғары мектебінің үздігі айырықшалық белгісінің иегері, ҚР БҒМ-ның, ҚР дене тәрбиесі және спортының құрметті қызметкері. Жоғары ұлттық санаттағы төреші, жоғары санатты бапкер.
Жұбайы Айман Балтабайқызы екеуі Алмас, Айдос сынды ұлықты ұлдар мен Айғаным сынды қылықты қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жандар. Үйде де, түзде де қам-қарекеттері, тіпті қызметтеріне дейін үйлесетін. Өйткені Айман Балтабайқызы 20 жылдан астам облыстық спорт басқармасында, спорт мектептерінде кадр қызметкері болып жұмыс істеді.
Жазмыш дегенді қойсайшы, марқұм өзі қайтпас бұрын Көкшетауда тұратын туған ағасы Қадір Ахметұлын жерлеп келген еді. Ағасының қырқынан кейін өзі жүріп кетті. Ахмет ұрпағынан Астанада тұратын жалғыз апасы Құсни қалды.
Арғы атасы Салық молла әулие болған кісі. Пенде баласы болған соң, бәлен деген батырдың ұрпағы, түген деген әулиенің ұрпағы десе, атынан ат үркетін, сұсынан кісі сескенетін адам шығар деп ойлаймыз ғой әр кез. Көбіне керісінше болып шығады. Тылсым дүниені ақыннан артық жеткізіп кім айта алады, ақын, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов «Салық молданың өсиеті» деген өлеңінде:
Аулақ болған періден, от-құйыннан,
Салыққа қасиетті хақ бұйырған,
Жарықтық шын әулие болған дейді
Бас тартқан тірлігінде көп бұйымнан,
Шыңғырып, шынжыр үзген не бір жынды
Аттаса босағасын сап тыйылған! — деп толғайды.
Сол жарықтық дүниеден өтерінде кейінгі ұрпақтарына:
«Аптығып, ас берем деп алты алашқа
Алысқа ат шаптырып далақтама,
Жаңғыртып, бейітімді у-шу қылып,
Жанымды тыныш жатқан азаптама,
Дұға оқып, есіңе алсаң, сауап болсын,
Атымды әсірелеп мадақтама!» — деп, өсиет қылыпты.
Әулие бабасының өсиетін қапысыз орындап, қақ-соқтада шаруасы жоқ, ешкіммен бәсеке, ерегесі жоқ, кішілік пен кісіліктен бірде бір ауытқымай өнегелі өмір, ғибратты ғұмыр кешкен біздің осы Амангелді ағамыз.
Әріптес ағамыздың жарқын бейнесі, кішілік пен кісіліктің өнегесіндей өмір жолы оның замандастарының, кейінгі толқын інілерінің жадынан ешқашан өшпейді, уақыт өткен сайын сағындырып, толғандыра береді.
Нұрлыбек ӘУБӘКІРОВ,
ҚарМТУ профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты