Ақадырда – мега жоба

Кент әкімдігінің қолдауымен Шабал Бейсекқызы атындағы мәденисауық орталығының және кенттік жастар орталығының ұйымдастыруымен биылғы жылдың 7 желтоқсанынан бастап елдімекенімізде «Live Duet Aqadyr» мега жобасы іске асырылуда.

Бұл жобаның басты мақсаты – кенттегі мекемелердің арасында ән айтуда өнері бар жастарды анықтауға, тікелей эфир арқылы жастардың музыкалық қабілетін, сахна мәдениетін дамытуға, дуэт түрінде әндерді орындау арқылы шығармашылық ынтымақтастық пен командалық рухты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар мәдениет саласының қызметкерлері мен кент жастары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту және өнерлі азаматтардың жаңа дуэттерін қалыптастыру. Байқау жанды дауыста өтуде.

Мега жобаның шарттары бойынша мәдени конкурсқа кенттегі мекемелерден 18 жастан жоғары өнерлі адамдар қатысып отыр. Олардың арасында теміржолшылар да, полиция қызметкері де, әлеуметтік саланың маманы да, мектеп ұстаздары да, балабақша тәрбиешісі де, мәдениет қызметкерлері де бар.

Бағын сынап жатқан қыз-жігіттер 8 жұпқа топтасты. Қатысушы жұптар әлеуметтік желіде бейнехабарларын жариялап, солар арқылы өздерін таныстырып, жобаның маңызын қысқаша жеткізді.

Турлар өткен сайын әлеуметтік желіде онлайн Instagram арқылы «mso_аgadyr» ресми парақшасында әрбір тыңдарман өзіне ұнаған дуэтке дауыс беріп отыр. Турлар өткен сайын көрермендердің дауыс беруі арқылы ең төмен дауыс алған жұптар байқаудан шығып қалуда.

Бүгінгі күнге мега жобаның екі туры өткізілді. Көрермендердің онлайн дауыс беруінің нәтижесінде бірінші турда 3 жұп, екінші турда тағы 2 жұп шығып қалды. Финалдық додаға 3 жұп ғана қатысады.

Жобаның жеңімпазы кентімізде жылдағы дәстүр бойынша өткізілетін «Жыл үздігі – 2025» кеші барысында соңғы ІІІ-турда анықталатын болады. Жүлде қоры 150 000 (жүз елу мың) теңгені құрап отыр.

Мега жобаға қатысушыларға сәттілік тілейік!

Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті