Ақтас кентіндегі 85510 әскери бөлімі базасында шахматтан әскери бөлімдер арасында зияткерлік сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталған жарысқа Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланға қарасты 9 әскери бөлімнің сарбаздары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Шараның басты мақсаты – әскери қызметшілердің логикалық ойлау қабілетін дамыту, зияткерлік әлеуетін арттыру және әскери ұжымдар арасындағы достық байланысты нығайту болды. Жарыс барысында қатысушылар шапшаң ойлау, төзімділік пен тактикалық шеберліктерін көрсетті.
Тартысты өткен дода нәтижесінде 5451 әскери бөлімінің сарбаздары жоғары нәтиже көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. Әсіресе қатардағы Азнабай Батырхан Риздыхұлы қарсыластарынан оқ бойы озып, барлық кезеңдерде шебер ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі I орынды иеленіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Жарыс қорытындысы бойынша:
5451 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы жауынгер Азнабай Батырхан Риздыхұлы, бас жүлдені қанжығасына байлады.
Аталған зияткерлік ойынды жоғары деңгейде ұйымдастыруға ерекше үлес қосқан Сарбаз аналар комитетінің өкілдері Аубакирова Загира Кусаиновна мен Каражанова Дана Рахматиллаевнаға қатысушылар мен ұйымдастырушылар тарапынан алғыс білдірілді.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі
