Менің бүгінгі кезекті әңгімем ата–бабаларымның тарихи отаны туралы болмақ. Атамекеніміз болған «Бестамақ» деген жер Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылдық округіне қарайды. Дәлірек айтқанда, ол жер тура Шет ауданының Ортау және Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылдық округтерінің шекарасында орналасқан. Ақадыр кентінен оңтүстік-батысқа қарай 80 шақырым жерде, Талдыманақа, Манака өзендерінің бойынан орын алған.
Атақонысымызда менің үлкен әкем Бекқожа Мәлкенұлынан бастап, оның жақын ағайын-туғандары, арғы аталары дамылдап жатыр. Алтай-Сайдалы Олжа бабамыздан 10 ұл туған екен. Сол он баланың ішінде Есілбай мен Нұра екеуін халық қатар атаған, екі ағайынның ұрпақтары бірге қоныстанып, бірге бір жерде тұрақтаған. Қазақшалап айтқанда екі туғанның еншісі бөлінбеген.
Міне, сол Есілбай-Нұраның өздері де, ұрпақтары да Манақа, Талдыманақа өзендерінің ортасындағы Аралөбе атты жерде жерленген. 2000 жылдардың басында 40-қа таман отбасы бала-шағамызбен барып, құрбандыққа мал шалып, құран бағыштап, екі күн бойы бабаларымыздың жеріне зиярат етіп қайтқанбыз. Үлкен қорда кімнің қай жерде жатқанын білмегендіктен бәріне ортақ ескерткіш тасын да қойғанбыз.
Атамекенімізде Жаңаарқа өңіріндегі алғашқы мектеп те болған. Кеңес Үкіметінің сол кездегі «сауатсыздықты жою» бағдарламасына сәйкес ашылған болуы керек. Сондықтан ол жердің екінші аты – Мектеп деп аталады.
Ол маңайда бүгінде Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген Ақтау бекінісі де болған. Осы тұрғыда «Ақтау дуаны» деген тағы бір атауы бар. Алайда, сырттағы туристер тұрмақ, жергілікті тұрғындардың өзінің көбісі бұл бекініс туралы біле бермейді. Сол себептен тарихи жерді зерттеген талай тарихшылар мен жазушы-журналистермен қатар мен де кішкене болса да үлесімді қосайын деп осы мақаланы сіздерге ұсынып отырмын. Екінші жағынан бабаларымның тарихы отанына деген тағзымым, құрметім деп түсінерсіздер.
Бала кезімде әкейлерден, туған-туыстардан, елдің үлкендерінен бекініс туралы көп әңгіме еститінмін. Ондай әңгімелерді естігенде тура бір ертегі, аңыздарды тыңдағандай әсерде болатынмын. Олардың айтқанының біразы есімде қалмаған. Дегенмен Ақтау дуаны туралы мол түсінігім жадымда қалғаны сөзсіз.
Ақтау бекінісі – ХІХ ғасырдың 30 жылдарының басында Ресей патшалығы тұрғызған қамал. Бұл күндері қамалдың орнында жермен-жексен болып кеткен үйлердің жұрнағы мен айнала терең қазылған ор және құмнан үйілген жал ғана жатыр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын туған жерім Жаңаарқа кентінде болғанда С.Сейфуллин атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне кіріп шығып едім. Музейдің сол кездегі директоры өзімнің сыныптасым, бала кезімнен досым Аманов Зәмзәм Мияшұлы болды. Мұражайды аралап жүріп Ақтау бекінісі туралы тарихи мұралар мен деректерді көзім шалып қалды. Әсіресе, бекіністің қолдан жасалған макеті маған бір ерекше әсер қалдырды. Макетте қамалдың өзі де, оны шабуылдап жатқан қазақтың әскері де шынайы көрсетілген. Тек қылыш пен найзалары ғана бар сарбаздар бекіністің зеңбірекпен, қару-жарақпен жабдықталғанына қарамастан қарсы шабуыл жасағанына қайран қаласың.
Ақтау бекінісі туралы жазылған деректерге сүйенсек, 1826 жылы Саржан және Есенгелді төрелер бастаған көтеріліс бүкіл Ақмола округіне жайыла бастаған кез болса керек. Сондықтан да патша үкіметі Қарқаралы мен Ұлытау аралығындағы аумағы 700 шаршы километрдей жерді қатаң бақылап отыру үшін бекініс салуға мүдделі болған екен.
Екіншіден, қамалдың салынуының басты мақсаты Троицк, Петропавлдан шығатын көш-керуендерді Ташкент, Бұхараға дейін алып жүрудің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді керек еткен. Керуендер бекіністерді байланыстырып тұрған бекеттерде тынығып, ал қамалдарда қорғаушы қосындарын алмастырып тұрыпты. Қамал салынар алдында Омбы облысының басқарушы полковнигі Талызин жергілікті халықтың мүддесін қорғайтынын, әдет-ғұрыпқа, қазақтардын тұрмыс-салтына тиіспейтінін айтып, үндеу жазған. Бекініс Талдыманақа өзенінің бойына, жан-жақты бақылап тұруға ынғайлы дөң үстіндегі тегістікке тұрғызылған. Құрылысқа қажетті көлік пен адам күші жергілікті халықтан алынады.
Қамал төртбұрышты үлгіде тұрғызылады және жал үстінде мұнара мен зеңбіректер орнатылған үшбұрышты тегістіктер болған. Ішінде солдаттар мен казактардың казармалары, штаб, офицерлердің үйлері, тастан қаланған ат-қоралар мен қоймалар, цейхгауздер, асүйлер, гауптвахта, госпиталь, ұстахана орналасқан.
Ресейдің патшасы өзінің Жарлығында: «Омбы облысына жататын сырт округтердің Ақтау деген бекінісінің бастығы – коменданты етіліп подполковник, не полковник шеніндегі адам тағайындалсын. Комендант мынадай міндеттер атқарсын: Ақмола, Қарқаралы, Аягөз округтерінің ішкі тыныштығын бақыласын. Шекараны үнемі бақылап тұрсын. Басқа жұртты шекарадан бері қарай өткізбесін. Осы үш округтың жерімен көшкен керуенді ұры-қарыдан, шапқыншылардан қорғасын. Міндеттерді орындау үшін үш округтің әскерлері Ақтау комендантына бағынатын болсын және комендантқа біздің бекіністерімізге, не қол астымыздағы қазақ ауылдарына шабуыл жасайтын қастар болса, оны Шу өзеніне дейін қуып, қару қолданып тиым салуға рұқсат берілсін» делінген.
Ақтау қамалының коменданты полковник Бухарин, шекаралық Сібір кырғыздарының бастығы генерал-майор Вишневскийге хат жолдап, бекіністе шіркеу салғызуға рұқсат сұраған.
1837 жылғы 10 қараша күнгі №10700 Сібір жеке корпусының командирі Қырғыз даласының сыртқы округтеріндегі құрылысты шіркеуге тағайындау туралы Жарлығында былай делінген: «К церкви, предпологаемой к сооружению во внешних округах киргизской степи, при укреплении Актау, определен священник, 2 причетника и 1 сторож, с жалованием в год: священнику 1 000 руб, причетникам по 60 руб, и сторожу 9 руб. 50 коп. Священнику при разъездах по пограничным приказом; Акмолинскому, Каркалинскому и Аягузскому отпускать прогоны по положению и сверх того выдавать посфоры, вино и проч. По 250 руб в год».
Бекініс патша үкіметінің отарлау саясатын толығымен жүзеге асырып отырады. Қарулы патша әскері жергілікті ру-тайпаларды шауып, тонап, қарсыласқандарын қанға тұншықтырып, тырп еткізбей ұстауға тырысты. Кенесарының Орынбор шекаралы комиссиясының төрағасы генерал-майор Генске жолдаған хатында 1836 жылы Ақтаудан 400 орыс әскері шығып, Алшын, Жағалбайлы, Тоқа және Найман елінің біршама адамын өлтіріп кеткендігі туралы айтылады. Бірақ оған Ақ патша өкілдері құлақ аспайды.
Бара-бара отаршылардың жасаған зұлымдықтарының барлығы қазақ халқының өшпенділігін тудырады. Кенесары бастаған сарбаздар қазақ жерінде қамалдардың салынуына түбегейлі қарсылық көрсете бастайды. 1837-1847 жылдардағы көтеріліс кезінде бекініс екі рет шапқыншылыққа ұшыраған. Содан бекініс ішіндегі казармалар, офицерлер үйі, асхана, атқоралар аяғына дейін бітпей қалған.
Қазақтардың бекіністі шабуылдаған деректері бойынша: «Кенесары әскері Құланөтпестен Түгіскенге жылжиды. Ойы Ақмоладан кейінгі үлкен бекініс Ақтау дуанын алу еді. Сонымен хан ордасын Түгіскенге тігеді. 1838 жылы Ақтау бекінісін қоршап алады. Осы дуанды алу кезіндегі Кенесарының қасында болған батырлары: Шұбырпалы руынан Ағыбай батыр, өзінің бауыры Наурызбай, Төртұлдан Жанайдар, Алтай Мойын Сармантай бұтағынан Шушақ Бәйтелі, Тама руынан Танаш, Тілеміс мен Мәнжілер Ақтау бекінісін алу үшін ерліктерін көрсеткен. Алысай руынан Иса батыр Кенесарының туын ұстаған. Ақтау дуанымен Түгіскеннің арасы атпен суыт жүргенде ара қонып әрең жететін жер. Кене ханның Құлан өтпестен Түгіскенге қарай ойысуында гәп бар еді. Түпкі ойы Ақтау дуанындағы патша әскерлерін сезіктендірмей алыстан барлап тұтқиылдан басып алу еді. Бекіністің қазылған оры әліде түйе бойы терең. Қорған ішінде тұрғын үйлердің сілемі айқын байқалады. Күйдірген кірпіш сынықтары әлі жатыр. Қорғанның төрт бұрышында зеңбірек қоятын, қарауыл қарайтын орындар жер табаннан биік топырақ үйіндісінен жасалған. Қамалға кіретін қақпа орны терістік жағында. Патша осы жерге көп әскер, жұмыскерлер әкеліп дуан салдыратын жердің орнын қаздырып, топырағын үйдірсе керек. Құрылыс жұмысына жергілікті шеберлерді де пайдаланған. Қырғыз Шөкей ұста осы дуанды салысқан».
Кенесары бірінші кезекте Ақмоламен екі араға күн сайын поштабай жіберіп тұрады. Кене ханның Ақтау мен Ақмола арасындағы байланысты үзбей дуанды ала алмайтынына көзі жетеді де батырларымен кеңес құрады. Түнде Кенесары сарбаздары Ақмолаға қатынайтын жүйрік көкала биені ұрлап, сойып тастайды. Ақтау мен Ақмола арасында байланыс үзіледі.
Қылшалы өзекпен дуанның арасы қалың ши. Кене хан сарбаздары осы шиді паналап келіп одан әрі қарай әр қайсысы бір-бір арқа тас қылып буылған тобылғыны домалатып ілгері жылжи берген. Орыстардың атқан оғы буылған тобылғыдан өте алмапты. Бекініске қарай жебенің басына от қойып атқылайды. Бекініс ішінен өрт шығып қамал қақпасы да өртенеді. Осы сәтте Кенесары сарбаздары бекініске лап беріп басып алады. Қамалға ең бірінші болып Кененің бауыры Наурызбай кірген екен.
Ақтау гарнизонының сәтсіз әрекеттері орыс патшалығын қатты қобалжытады. Патша үкіметі бекіністердің қарулануын шұғыл түрде күшейтуге мәжбүр болады. Ақтау және Ақмола қамалдарының атты артиллериялық бригадалары қосымша зеңбірек оқтары, картечь, гранаталармен жарақтандырылады. Бекініске жасалған шабуылды зерттеген Дербес Сібір корпусы командирінің адъютанты штабс-капитан Спиридонов Омбы облыстық басқарушысы Талызинге өзінің қарамағындағы казактардың жанын сауғалап, дәрменсіздік көрсеткенін ашына баяндайды. Намыс буған орыс патшалығы әскери старшиналар Карбышев пен Симоновтың отрядтарын қосымша әскер күшімен толықтырып, жарақтандырып, Кенесарының ізіне түсе отырып, оны жойып жіберуді міндеттейді. Зеңбіректермен қаруланған бұл әскердің Карбышев бастаған тобы Ақтау, Жарқайың, Ұлытау, Қарағаш аралығын сүзіп өтсе, Симонов тобы Сарысу мен Ұлытау бағытын бетке ұстап, жорыққа шығады. Бірақ, 1837-1838 жылдардағы патша әскерінің әрекеттері сәтсіздікке ұшырап, әрбір жеңілісі Кене ханның даңқын асқақтата түседі. Көтеріліс басталысымен, патша үкіметінің губернаторлары Ресей империясына «антты» бұзғаны үшін округтық приказдардан ажырап, түкпірлі аудандарға ойысқан қазақ ауылдарына «контрибуция» сала бастайды. Үкімет айшықтап берген өңірден көшіп кеткендер Ресейдің жауы деп жарияланып, сотқа тартыла бастаған.
Кенесары көтерілісі басылғаннан кейін, 50-ші жылдардың ортасына карай патша үкіметі тарапынан бекіністі тастап кету ұйғарылады.
Ақтау бекінісі жайлы біраз еңбектер жазылғаны анық. Мысалы, зерттеушілер Т.Аршабеков пен І.Ісләмов Ақтау бекінісіне байланысты еңбектерінде [Ақтау бекінісі. – Қарағанды, 2007. – 29 б.] көптеген дерек келтіреді. Олардың жазуынша «Ақмола қаласының тұрғыны Әбілдә Жақыпұлы, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тұрғындары Қосан Ібірахымұлы, Бұралқы Сейтқазыұлы сияқты көнекөз қариялардан жазып алынған аңыз-естеліктер» жеткілікті болған.
Зерттеушілердің негізінде Ақмоланы Кенесарының басып алуы тарихи жазбаларда толық көрініс тапқан. Ал енді, оған қарағанда Ақтау бекінісіне жасалған шабуылы туралы деректерді көп деп айта алмаймыз. Бірақ жекедара мәліметтерден Ақтауға шабуылдың орын алғаны байқалады. Мысалы, Е.Бекмаханов еңбегінде Ақтау бекінісінің коменданты Кастюриннің «Өткен маусым айының 22 күні сағат жетілерде бүлікші сұлтан Кенесары Қасымұлы бастаған 2 мыңға жуық қазақ бекініске шабуыл жасады және олар шашырай шабуылдап, сағат ширегіндей уақыт өткенде бекіністі қоршады» деген мәліметін келтірген (Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында. – Алматы, 1994. – 303 б.). Сонымен қатар Б.Нәсеновтің Омбы архивінен жинақтаған деректерінің ішінде Ақтау бекінісіне қатысты маңызды құжат бар. Онда 1847 жылы «Кенесарымен байланыста болған сұлтандар мен билер жөніндегі мәліметтер» турасындағы істе Қарқаралы және Баянауыл өңірінің бірқатар танымал адамының тізімдері берілген. Ішінде Мұса Шорманов та бар. Ең соңында бұл адамдар жөнінде «В 1838 г. находились с султаном Кенесарою при нападении на Актауское укрепление» (лист 20) деп жазылған [Нәсенов Б. Кенесары – дала маршалы. 10 т. 15-ші кітап. – Алматы-Новосибирск, 2005. – 411 б.]. Кенесары туралы тарихи жырларда Ақтау басып алынған бекініс болып айтылады.
Ел ішінде Кенесарынын Ақтау дуанын талқандауы туралы аңыз-әңгімелер баршылық. Алайда, ол туралы арнайы әдебиетте тарихи құжаттар мен мәліметтер кездесе қоймайды. Әйтсе де, кейбір тарихи дерекке және халық жадындағы аңыз-дастандарға сүйене келіп, Кенесарының Актау қамалын алуы 1838 жылдын жазында болған деп жобаланады.
Ақтау бекінісінің тарихын зерттеген ғалымдардың айтуынша, бекініс жайлы құнды құжаттар мен сол маңнан табылған жәдігерлер Жаңаарқа музейінде сақтаулы. Оны кейінгі жылдары осы маңда тұрған малшылар әкеліп тапсырыпты. Ақтау бекінісіне осы күнге дейін арнайы экспедиция ұйымдастырылмаған. Егер қазба жұмыстарын жүргізсе әлі де талай құнды жәдігерлердің табылатыны анық.
Осы мақаламды жазар алдында Қарағанды қаласында тұратын Тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, ғалым, тарихшы, этнограф, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы Аршабеков Темірғали Тілеубекұлына телефон арқылы хабарласқан едім. Сөйлесу барысында Ақтау бекінісі жайында жазуды ойлап жүргенімді, ол туралы жинаған деректерім бар екенін, онымен қоса ғаламтор желісінен біраз мағлұмат алғанымды да жеткіздім. Сөз соңында ғалым жерлесім өзінде бар деректерді жіберемін деп келістік. Міне, сол қолымда бар деректерімді қолданып сіздердің назарларыңызға өзімнің сан пікірлерден топтастырғанымды, түсінген ойымды ұсынып отырмын.
Бағасын бере жатарсыздар.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Қазақстан Республикасы Журналистер
одағының мүшесі