Абай мерейтойы: қандай шаралар өтеді?

Қарағанды облысында ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды мәдени бағдарлама іске асуда. Жыл бойына жалғасатын мерейтойлық шаралар легі өңірдің барлық аумағын қамтып, әдеби-мәдени, спорттық және зияткерлік бағыттарды біріктіреді.

Абай мерекесіне орай кітапханалар мен жоғары оқу орындарында поэзия кештері, көрмелер, шығармашылық кездесулер мен театрландырылған қойылымдар өтеді. Сондай-ақ, спорт сүйер қауым үшін жарыстар ұйымдастырылып, соның ішінде «ABAI» велошеруі Әкелер күнімен орайластырылады. Барлығы 300-ге жуық шара жоспарланған.

Мерейтой аясындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – 4 тамыз күні Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрында өтетін «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» атты облыстық поэзия байқауы. Бұл шараға аймақтың танымал ақындары мен өнерпаздары қатысады.

Абай қаласы – мерейтойдың негізгі орталығына айналады. 1-10 тамыз аралығында мұнда «Абай әлемі» атты көрме өтеді. Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы мен қалалық кітапхана бірлесіп ұйымдастыратын көрмеде сирек кітаптар мен тарихи фотосуреттер жұрт назарына ұсынылады.

1 тамыз күні республикалық деңгейдегі айтыс өтеді. Жүргізушісі – Аманжол Әлтаев, ал қазылар алқасына Жүрсін Ерман төрағалық етеді. Айтысқа еліміздің әр өңірінен үздік ақындар шақырылған.

Аптаның әр күні мерекелік сипаттағы мазмұнды шаралармен ерекшеленеді:

2 тамыз – аудандық кітапханада «Абай – ұлы тұлға» поэтикалық кездесу;

3 тамыз – балалар арасында қазақ күресінен жарыс;

4 тамыз – «Айттым сәлем, Қаламқас» музыкалық-поэтикалық бағдарлама;

5 тамыз – «Ұлы даланың мұрагерлері» домбырашылар флешмобы;

6 тамыз – Абай әндерін орындауға арналған жаппай ән флешмобы;

7 тамыз – онлайн «Абай оқулары» жеңімпаздарын марапаттау;

8 тамыз – «Ақжол» халық театры жаңа қойылымының тұсаукесері;

9 тамыз – жастарға арналған «ABAYQUIZ» зияткерлік ойыны;

10 тамыз – Абай ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою.

Ұлы ойшылдың туған күніне арналған бұл бағдарламалар жас ұрпақты рухани байытуға, Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ