АДАЛ АЗАМАТ

Тегінде, адалдық, әділдік – адам бойындағы  бағалы қасиет, басты құндылық, өмірдегі шырағдан іспеттес. Ал, адал азамат – сол шырағданмен жүретін, ар-ұжданына қайшы келетін әрекетке бармайтын, өз ұлтының мүддесін көздеген, соған лайықты қызмет қылатын адам болса керек. Оның салмағы зор,  жауапкершілігі де соншалықты жоғары. Бізге ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін осы жауапкершілікпен қатар, санамен түсініп, ұлт болашағына  жанашырлықпен қызмет қыларлық жолда болуымыз керек. Себебі, Мемлекеттің діңгегі – адал азаматтар, ұлт мүддесін жоғары қойған қоғам. Бүгінгідей ақпарттық заманда, технологияның сәт санап дамыған уақытында өркениет көшіне ілесеміз десек, жаһандануға жұтылмай адами құндылықты кенжелетпегеніміз абзал.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыз үшін қасиетті мекен болған Түркістандағы Құрылтайда сөйлеген сөзінде мемлекеттік қызметшілер  халыққа және елге қызмет етуге толық бел буып қызмет етуі тиіс екенін атап өтті. Алаш арысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген өнегелі сөзі бүгінгі күні аса маңызды болып тұр. Осы қағида әрбір азаматқа бұлжымас қағида болғанда біз армандаған ұйысқан ұлт, өркениет көшіндегі  құндылықтары берік, тәуелсіздігі баянды мемлекет боларымыз хақ. Бұл жалаң сөз, жалынды ұран емес, іс-әрекетке айналғанда өзімізден кейінгі жас ұрпақ әділ, адал, еңбекқор, білімпаз, отаншыл, жаңашыл әрі  жанашыр болады. Президент айтқан «Адал азамат һәм ұлттың жаңа сапасы» деген ұғым осы болмақ.

Өзім «Аманат» партиясы жанындағы Жастарды қолдау бойынша Қарағанды облыстық кеңесінің төрағасы ретінде, әрі облыстық мәслихаттың депутаты ретінде ел келешегі  жастармен жүргізілетін жұмысты маңызды деп санаймын. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың әрбір тың идеясы, ұсынысы мен пікірі үлкен рөл атқарады. Аталған Кеңестің негізгі міндеттері – партияның сайлауалды бағдарламасының іске асырылуын және мониторингін қамтамасыз ету, мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруге жәрдемдесу, жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Сонымен қатар, Кеңес мүшелері жастар саясаты саласына қатысты мәселелерді талқылайды, жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асырудың тиімділігіне талдау жүргізеді. Біздің кеңес мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істейтінін  атап өткім келеді. Бұған қоса, жастардың ұлт алдындағы борышын, қоғам алдындағы жауапкершілігін үнемі дәріптейміз. Адал еңбек түбінде жемісін береді. Бұл жерде мемлекет тарапынан жастарға жасалатын қолдау мен мүмкіндікті мейлінше насихаттау, ақпараттандыру маңызды. Әсіресе, өңірдің аудан, қалаларында, шалғай жерлерде насихаттау. Еңбектенемін, нан табамын, кәсіп қыламын деген әр азаматқа лайықты қолдау да бар, жағдай да жасалған. Кеңесте ортаға салынған әр пікір мен өтініш ұсыныс ретінде жолданып, нәтижесін де беріп келеді. Қоғам дертіне айналған жастар арасындағы вейп, электронды шылым, ойынқұмарлық пен бәстігерлік, зиян әдеттер бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Студенттік жатақханалардың жағдайы, сапасы да басты назарда. Партия филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдауларға келген әр азаматтың өтініші де аяқсыз қалмайды. Қажет кеңес беріліп, құзырлы ұйымдарға жолданады. Әлеуметтік мәселелерді шешіп, спорт мен шығармашылықта қолдау көрсетіп, бағдар береміз. Аймақтарды аралап, көшпелі кездесулер өткізу – күн тәртібінен түспейді. Білім сапасы, жастардың кәсіптік бағдар алуы, жастарды өндіріске тарту да осындай алаңдарда шешіледі.

Негізігі жұмысым өндіріспен байланысты болғандықтан, жастар арасында елімізге осы саланың мамандары қажет екенін, ел экономикасы үшін бұл маңызды екенін айтып жүремін. Өндірісте шыңдалған азамат үлкен еңбек мектебінен өтеді. Шыныққан құрыштай болсаң адал еңбектің наны тәтті болмақ.

Депутат – бұқара халық пен билік арасындағы дәнекер, алтын көпір дейтін болсақ, олардың өтінішіне дер кезінде құлақ асу басты алғышарт. Еститін Мемлекетті, Әділ Мемлекетті қалыптастыру осыдан басталса керек. Халықтың сеніміне селкеу түсірмеу, олардың өтінішімен санасу – Қоғамдық қабылдау арқылы жүзеге асады және бұл – партияның сайлауалды бағдарламасындағы бағыттар мен міндеттердің орындалып жатқанының дәлелі. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын табады әрі олардың нәтижелі болуы жолында қызмет қылу – бізге парыз.

Асқар ОРАЗБЕКОВ,

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *