«Адамнан ауыл көшпейді…» (әзіл-шыны аралас)

Жомарт жолға шықты. Алысқа емес, қалаға тиіп тұрған туған ауылына. Жиырма жылдай бұрын арман қуып қалаға кеткен болатын. Содан қалып қойды. Есіне сол лекпен астана төрінен бір-ақ шыққан құрдасы, көрші ауылдан қатынап оқыған Әмірдің газетке жазған әзіл-шыны аралас әңгімесі түсті. «Біраз уақыт болды, апамды таңғы ұйқыдан әзер  оятамын. Имандай шыным сол. Өткенде бір рет «апа шайға тұрыңыз», дей қалып едім, ұйқылы ояу «әк, мәлік келгір, әк», деп қолындағы таяғымен басымнан салып жібергені. Есімнен танып қалыппын, көзімді ашсам, апам төніп тұр. «Үй қарасаң келгір, өстіп үйге келмей жүре берсең, ұрылардың жеміне айналасың, қазір барымташылардың уақыты дүрілдеп тұр. Біреуінің қанжығасында кетесің. Үй-й-й», деп қайта ұрайын деп жатыр еді, таяқты шап беріп ұстай алдым. Содан ұйқылы-ояу апамды әзер оятып алдым. Ол кісі бұлқан-талқан, «жап-жақсы ұйықтап жатыр едім, түсімде өрістен екі-үш күн үйге келмей кететін қара сиырды жақсылап тұрып, айызым қанғанша сабап жатыр едім. Әй-и, неге оятып жібердің», деп. Ауылдағы халық қалаға үдере көшіп кеткенде, жалғыз қалған балаларымның әжесін алдап-сулап қалаға алып келдік. «Бір-екі күн немерелеріңіздің жанында боласыз» деп. Содан бері бір-екі жылда өтіп кетті, күнде миымызды жейді «ауылға апарыңдар», деп. Шүлдірлеген немерелеріне суреттен сиыр, қой, түйе, жылқыны көрсетіп сонымен бірге қазақшаны үйретіп жүр, несін жасырайын?! Бұған дейін түсінде тауықтарына жем шашып, мал жайғап, көрші кемпір-шалдармен қауқылдасып, келіндерінің қолынан қою күрең шай ішіп, арқа-жарқа болып жүрген болатын. Енді мұндай әдемі түстен оятсам не боларын білмей отырмын, мүмкін сіз келіп оятып беріп кетерсіз? Көмегімді тигіземін десеңіз басыңызға каска кие саларсыз…».

Осы Әмірдің тілінде біз бар. Рақаттанып күліп алған Жомарт, артынан ойға шомды да «әйтеуір біздің ауыл орнында, әке-шешем де бар. Бәрібір ауылға қайта көшемін» деп шешті. Бірақ, шешімді бұл айтса да, үйдегі балалардың шешесі Мағира нүкте қояды ғой. Бұның сөзбен ауылға көшіп келе жатқанына да он шақты жыл болып қалыпты-ау…

Бірнеше күн бұрын Мағира екі-үш тісін жұлғызған. Енді сол: «Кәлпәләтифке балам, шшш, шоған дейін байлық тішимді шалдылуым келек» деп мазасын ала бастады. «Қайдағы той? Карантин емес пе?» дегеніне ығатын Мағира ма? «Тығылып жашаймыж. Балам деген шон балам, кледит белмеше, ауылындағы бій малды әкеп, шатып, ақшашын қолыма бел» деп тықақтап қоймай қойғаны тағы бар. Бүгін жолға шыққан себебі де сол. Ауылдағы үйден бір малды сойып, сатып, ақшасына әйеліне тіс салдыру.  Ауылына хабарласты «келе жатырмын» деп. Шешесі шіркін мәз. Қайтсін енді?! Балалардың үлкені Жомарттың ауылға аяқ баспағанына жыл жарым болды. «Жұмыс, жұмыс» деп жүз-ақ шақырым жердегі еліне жете алмай жүр. Ауылдағы жалғыз дүкенге қарай шыққан анасы Айжамал «Жаңа жылды бірге қарсы аламыз. Келінде келіп қалар. Немерелерімді де сағындым. Оларға да жақсы сыйлық алуым керек еді…» деп өзімен-өзі сөйлеп барады.

Бұл уақытта Жомарт ауылға қарай бұрылатын жолайырыққа да жетіп қалған еді. Көлігінің радиосында «Ауылдан адам көшседе, адамнан ауыл көшпейді…» деген ән шырқалып жатты…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *