«Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, – деп Хәкім Абай жырлап өткендей, қазақ халқының ертеден ән-күйге жақын болғанын білеміз. Оған дәлел Ақан сері, Кенен, Естай, Әсет, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Майра, Мәриям Жагорқызы, Біржан сал сияқты халық арасынан шыққан тума дарынды әнші-композиторлар. Күміс көмей әншілер Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Димаш Құдайберген, Мәдина Сәдуақасова, Алтынай Жорабаева, Жанар Дұғалова… Айта берсек, бұл тізімді әрі қарай тоқтамай жалғастыра беруге болады.
Қазақтың ән өнері – сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың асыл қазынасы, фольклордың музыкалық саласының бір тармағын құрайды. Фольклор деген сөз ағылшын тілінен алынған. Ол «халық даналығы, халық білімі, халықтың ауызша шығарған туындылары» деген мағынаны білдіреді. Фольклор шығармалары халықтың әр дәуірдегі тұрмыс-салтымен, наным-сенімімен, күнделікті тіршілігімен тығыз байланыста туады. Оларда өмірде болып өткеннің ғана емес, халықтың «осылай болса екен» деген арман, үміттері де бейнеленіп, табиғат, өмір құбылыстарына баға беріледі.
Ән – халықтың сүйіп айтатын, тыңдайтын, сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының ең бір бай арнасы болып табылады. Көне заманнан келе жатқан ән-күй туралы халықтың аузында қалыптасқан көптеген мақал — мәтелдер, аңыздар, жырлар осының айғағы. Халықтың: «Сөз күміс – ән алтын», «Ел көркі – қыз, той көркі – ән», немесе «Ән өмір ұзартады» деген асыл сөздері осы өнерге арналған.
«Ел іші – өнер кеніші» дейді дана халқымыз. Халық арасынан әншілер де, күйшілер де, бишілер де шығып жатады. Бүгінгі біздің әңгімеміз өнер жолын дәстүрлі әннен бастап, қазіргі уақытта эстрада жанрының танымал әншісі атанған, Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының қызметкері Рыспекова Айзада Қонысбайқызы туралы болмақ. Айзада Қонысбайқызы Ақадыр кентінің тумасы. Үлкен әкесі Өрікбай Жиенбайұлы өз ортасында танымал күйші болса, әжесі Күлғайша Дүйсекейқызы нақышына келтіріп халық әндерін орындап жүрген екен.
Әкесі Қонысбай Өрікбайұлы саналы өмірінің басым бөлігін Ақадыр станциясындағы Әскериленген күзет бөліміндегі қызметке арнаған. Қазіргі уақытта зейнеткер. Ол да өнерден құралақан емес, қолы қалт еткенде домбыра шертіп, әуелетіп ән шырқайды. Анасы Сарықыз Мүттасарқызы типография саласында жұмыс істеген. Дегенмен, анасы да өнерді жаны сүйеді. Өйткені, қашан көрсең де қызының сахнаға шыққанын тамашалап, әрдайым көрермендер залынан табылып жүреді.
Айзаданың айтуы бойынша, оған әншілік өнер ата-әжесі мен әкесінен дарыған. Сондықтан болар, жас кезінен қазіргі уақытта киелі сахна төрінде жүрген Розалар, Мақпалдай апалары тәрізді әнші болсам деп армандайды.
Өнердегі ең алғашқы қадамы «Таңғы жұлдыз» байқауы. Осы сында ол небәрі алты жаста ғана болған екен. Лұқпан Жолдасовтың «Алтынай» әнін орындаған балғын әнші Ақадыр ауданының кент, ауылдарынан келген жас бүлдіршіндердің арасынан суырылып шығып, бас жүлдені жеңіп алады.
Сол жылы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейіне барған Айзада оқу орнының көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. Ең алғашқы ұстазы мектептің музыка пәнінен беретін мұғалімі Тілеуханова Бибігүл Егінбайқызы. Ұстазы ол кезде аудан, облысымызға танымал эстрада әншісі болған. Білікті маманнан әндерді орындау мәнерін меңгере бастайды. Сопрано дауысымен халық әндерін, эстрадалық әуендерді үйренумен айналысады. Аудандық Мәдениет үйіндегі, мектептегі мереке күндері ұйымдастырылатын коцерттерге, мәдени шараларға белсене қатысып жүреді.
Бесінші сынып оқып жүргенде тағы бір байқауға қатысып, бағын сынап көреді. Аудандық «Әнші балапан» байқауының Гран-Приін жеңіп алады.
Көп ұзамай Әбікен Хасенов атындағы өнер мектебінің күй класына түсіп, білікті домбырашы-күйші Мұқатаев Сымбат Имантайұлынан дәріс алады. Ол мектепті ойдағыдай бітіреді де.
Айзада оныншы сыныпта оқып жүргенде өзінің кішкене болса да өнер жолын қорытындылайтын шығармашылық кешін өткізеді. Концертке қонақ ретінде аудан әкімдігінің, аудандық мәдениет бөлімінің өкілдері, өнерді сүйетін кент тұрғындары, құрбы-достары, туған-туыстары қатысады. Осы кештен жас әнші үлкен әсер алады. Өміріндегі дұрыс жолды таңдағанын түсініп, ерекше бір мотивация алып, алға қарай жігерленеді.
Мектепті тәмамдаған соң Қарағанды қаласына барып Тәттімбет атындағы өнер колледжінің эстрада бөліміне оқуға түседі. Енді бұл жерде нағыз өнер жолы бастауын алады. Ұстазы Гүлзайыр Елгесейұлынан тікелей сабақ ала бастайды. Ұстазы өзімен қатар оқыған Ербол Алшынбаевқа, Саида Әлкеноваға, Эльмира Балабаеваға да сабақ берген. Бүгінгі таңда Саида ән орындаумен қатар Астана қаласындағы Қарақат Әбілдинаның мектеп – студиясында ұстаздық етсе, Ербол Қарағанды қаласындағы Кеншілер сарайында облысымызға белгілі әнші.
Айзада әнші өнер колледжінің қабырғасында жүргенде әрқилы мереке күндері «Шалқыма» концерт залында, қалалық саябақтардағы мәдени шараларда ән салып жүреді. Тіпті, бір-екі рет әріптестерімен, колледж басшыларымен бірге қаланың маңайындағы түзеу – еңбек колониясына барып концерттер қойған. Қарағанды қаласында өткен «Жас қанат» облыстық іріктеу конкурсына қатысып, лауреат атағына ие болады.
Әншінің репертуарында көптеген әндер бар. Атап айтсақ, домбырамен жеке орындауында «Аққу», «Жан ана», ұлттық аспаптардың сүйемелдеуінде «Ел көшкенде», «Ана туралы әндерден попурри», эстрадамен шырқауында «Жүрегімде жүрсің сен», «Әппағым», «Екеуміз», «Жауап», «Іңкәрім-ай», тағы басқа әндер топтастырылған. Онымен қоса орыс, қырғыз, корей елдерінің әндері де жеткілікті.
Айзада Қонысбайқызы 2008 жылы өнер колледжіндегі оқуын ойдағыдай аяқтап, «Ансамбль және эстрада әншісі» мамандығын алып шығады. Дипломын қолға ұстап, туған ауылы Ақадыр кентіне келеді.
Сол жылы Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығына көркемдік жетекші болып жұмысқа орналасады. Колледжде үш жыл бойы алған білімін енді іске асыру мақсаты тұрғаны белгілі.
Мәдени-сауық орталығының көркемдік жетекшісінің функционалдық міндеттеріне кенттегі мекеме, кәсіпорындағы көркем ұжымдар мен жекелеген орындаушыларды анықтау, оларды мәдени ошағындағы түрлі үйірмелерге қатыстыру, мемлекеттік және кәсіби мереке күндерінде ұйымдастырылатын концерттерге қатысуын қамтамасыз ету, әдебиет және өнер туындыларын көпшілік алдында орындауда көркемдік ұжымның репертуарын ұйымдaстыру, оны танымал етуге жағдайлар жасау, халыққа музыкалық — эстетикалық тәрбие беру жатады. Осы тұрғыда жас маман біраз терін төгеді.
Кенттегі мәдени-сауық орталығының жұмысы алуан түрлі. Бұл жерде айтулы мемлекеттік және кәсіби мерекелеріндегі салтанатты жиналыс, шығармашылық кештерден басқа көптеген байқаулар, әнші-күйші, ақын-сазгерлердің, ғалымдардың кеші ұйымдастырылып отырады. Қазақтың Наурыз мерекесі, «Қымызмұрындық» мерекесі өтіп тұрады. Кенттегі кәсіпорын, мекемелер арасында шығармашылық кештер де ұмыт қалмайды. Әрбір мекемеде хор ұйымдары, театрландырылған көріністер қоятын кішігірім ұжымдары да бар. Тұрғындарға ұлттық дәстүр-салттарды дәріптейтін, отансүйгіштік, әстетикалық тәрбие беретін шаралар да жоқ емес. Жылдағы дәстүр бойынша «Келіндер сыны», «Жігіттің сұлтаны», «Қыз сыны», «Әнші балапан», «Күй керуені», «Ақадыр әуендері» фестивалі, тағы басқа шаралар өз деңгейінде өтіп жатады. Бұл шараларға Ақадыр кентінің адамдарымен бірге өңірдің кент, ауылдарының өнерпаздары да қатысады. Соңғы кезде кенттің өнерпаздарының елді мекенімізден тыс С.Сейфуллин кентіне, Босаға, Киікті ауылдарына барып, ән, күй, билерімен мәдени шараларына қатысу үрдіс алып отыр. Әрине, ұйымдастырылып отырған осы шараларда еңбек ұжымының әрбір мүшелерімен қатар Айзада Қонысбайқызының да үлесі бары сөзсіз.
Мәдени-сауық орталығындағы көркемдік жетекші қызметін атқара жүріп, арасында байқауларға сынға түсіп жүреді. Өңірдің брендіне айналған Жезқазған қаласындағы «Ұлытау үні» фестиваліне қатысып, эстрада әншілері арасында бас жүлдені иемденеді.
Айзада 2010 жылы тұрмысқа шығып, Ақтоғай ауданының Сары-Шаған станциясына қоныс аударады. Ол жақта «Айгөлек» балабақшасына музыка маманы болып орналасады. Осы қызметті бес жыл бойы атқарады. Өнер иесі бұл жақта да әншілігінен жаңылмайды. Кенттің көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, мереке күндері, басқа мәдени кештерде ән салуын тоқтатпайды. Елді мекендегі «Келіндер сыны» байқауына түсіп, алдына жан салмайды. Аудан орталығы Ақтоғайдағы «Жас қанат» конкурсына қатысып, бұл жерде де мерейі үстем болады.
Алайда, жұбайымен отбасылық қатынастары сыр беріп Айзада балаларымен елге қайтуға мәжбүр болады. Келген соң қайтадан өзі қызмет атқарған ұжымына қызметке орналасады.
Өзінің қызметі жайлы Айзада Қонысбекқызы сөз жалғап:– Өмір жолымда әншілікті таңдап, мәдениет саласының қызметкері болғаныма еш уақытта өкінген емеспін. Мамандығымды дұрыс таңдап, қызмет жағынан өз орнымды тапқан жанмын деп есептеймін. Ал енді, өнер жолымда қиындықтан гөрі қуанышты сәттерім көп болды. Ән айтуымды тастап көрген емеспін. Сары-Шағанда тұрмыста жүргенімде, сахнаға шығып ән салғаныма күйеуім қызғаныш білдіретін. Үйге келгенде кикілжің жағдайлар орын алып жататын. Бірде, ауданның Мәдениет бөлімінің шақыруымен «Жас қанат» конкурсына қатысуым керек болды. Жұбайым жібермейтіні анық. Бірақ мен сол байқауға баруға бел будым. Шынымды айтайын, үйдің ішіне ештеңе айтпай кәдімгідей қашып шықтым. Оның есесіне аудан орталығына байқауға қатысып, Гран-Приді алып қайттым, – деп жымия айтып берді.
Мен сұхбат алып отырған кейіпкеріме қарап: Айзада, өнердің жолында бірнеше байқауларға қатысып жеңімпаз атандың. Солардың ішінде ең есте қалғаны қай конкурс болды? – деген сұрақ қойдым.
Жезқазған қаласында өткен «Ұлытау үні» фестивалі дер едім. Сол байқауда Мақпал Исабекова орындап жүрген «Мен жайлы» әнін орындадым. Алқа мүшелерінің бағалауымен Бас жүлде – Гран-При маған бұйырды. Жүлде ретінде ол кезде өте қымбат тұратын және қол жеткізбейтін америкалық «SHURE» корпорациясының бірдыбыстық жабдығын сыйлыққа алдым. Қуанышым қойныма симады. Жүлдені алған бетте журналистер қауымы жан-жағымнан қаумалап қоршап алды. Бірінен соң бірі кезекпен сұхбаттар ала бастады. Көрермендер де жүгіріп келіп қолтаңбамды сұраумен әлек. Мен өзімді тура бала кезімде солардай болсам деп армандаған Роза Рымбаева, Роза Әлқожа, Мақпал Жүнісованың орындарында жүргендей сезіндім. Теледидарға түсірген сюжеттер бірнеше күндер бойы өңірлік телеарнада көрсетіліп жатты, – деп жауабын берді.
Айзада Қонысбайқызының еңбегі әрдайым еленуде. 2021 жылы Шет ауданы әкімінің Алғыс хатымен, аудан бойынша «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» номинациясымен және ақшалай сертификатымен, ауданның Мәдениет, тілдерді дамыту бөлімі басшысының Алғыс хатымен, бағалай және ақшалай сыйлықтарымен марапатталып, Ақадыр кенті әкімінің «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясын жеңіп алған.
Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының директоры Бесимов Нұржан Тұрсынұлы қызметкері жайында былай деді:
– Айзада Қонысбайқызы ұжымымыздың белді әншілердің бірі. Оның есімі облыс пен аудан көлеміне танымал. Жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарады. Эстрада әншісімен қоса домбыра мамандығы да бар. Сол себептен қазіргі кезде «Ақадыр әуендері» ұлттық аспаптар ансамблінің жетекшісі болып қызмет етеді. Жүргізіп отырған үйірмесінде балаларға домбыра тартуды, басқа аспаптарда ойнауды үйретеді. Ансамбльмен бірге халық әндерін де орындайды, – деп сөзін аяқтады.
Айзаданың төрт баласы бар. Үлкен ұлы Әмірлан 14 жаста, Ю.Гагарин мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы. Домбыра тартуға әуестеніп жүр. Бір қызығы, ешбір үйірмеге бармай күй тартуды жеке үйреніп жүрген. Құймақұлақ болса керек. Кент бойынша өткен күйшілер байқауына өзі барып қатысып, жүлделі үшінші орыннан көрінген. Сол жағдайдан кейін қазір анасының үйірмесінде дайындалады екен.
Екінші перзенті – Әдемі деген қыз бала. 8 сынып оқушысы. Анасы сияқты ән салады. Жақын арада кентте өткен «Караоке BATTLE» байқауында бірінші орынды иеленіпті.
Осы екі баладан кейін Мирас, Сезім есімді егіз ұл мен қыз бар. Екеуі 12 жаста, 6 сыныпта оқиды.
Бүгінгі кезекті әңгімемізде Ақадыр кентіндегі Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының қызметкері Рыспекова Айзада Қонысбайқызының әншілік өнер жолын айтып шықтым. Өзінің әріптестерімен бірге еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген мәдениет қызметкерлеріне зор алғысымызды айтуымыз керек. Алдағы уақытта да оларға сарқылмайтын шабыт пен өнер жолында жаңа табыстар тілейік!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті