Алғашқы қоңырау мерекесі

Алғашқы қоңырауәрбір мектеп табалдырығын аттағалы отырған жас өркеннің асыға күтетін мерекесі. Сондай-ақ, бүлдіршіндеріміз балғын дәурен қамсыз күнімен қоштасып, оқушы атанып, білім нәрімен сусындайтын күн. Бірі жаңадан оқушы атанса, енді бірі жаз бойы көрмей сағынысқан достарымен, екінші үйіндей болған қасиетті білім ордасымен қауышып, мәре-сәре болады. Оның үстіне жаз бойы мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға бейімделіп жатса!

Иә, мұндай қуанышты жағдай Ақадыр кентіндегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде орын алып отыр. Үш жылға арналған бағдарлама бойынша конкурсты ұтып алған Қарағанды қаласының «Ғимарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бас директоры Қайыркенов С.) былтырғы жылы мектептің бүкіл тоқ жүйесін ретке келтірсе, биылғы жылы ішкі жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, терезелер, есіктер айырбасталып, қабырғалар, төбелер сылау-сырлаудан өтті. Кабинеттерге линолеум төселіп, коридорлардағы еден, ішкі – сыртқы сатылар керамикалық плиткамен жабылды. Сонымен бірге интернет, бейнебақылау құралдары айырбасталып, қосымша жаңадан нүктелер  қойылды. Су, жылу құбырлары мен кәріз жүйелері де ауыстырылып, өртке қарсы дабыл жүйесі орнатылды. Көп ұзамай мектептің кіреберісіне АБК турникеті орнатылып, мектепке арнайы карточкамен кіргізу көзделіп отыр.

Келесі 2026 жылы мектеп-лицейдің маңайына абаттандыру шаралары жүргізілмекші. Оның ішіне жаңадан қоршау орнату, газон және тротуарлар салу, спорттық ойындарға арналған алаңды жаңарту, тал, гүл егу жұмыстары атқарылатын болады. Жалпы осы аталып өткен шараларды мердігер 1 миллиард 33 миллион 827 мың теңгеге жеңіп алған.

Тағы бір қуантарлық жағдай – ол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражаттан бөлек жаңадан оқу жабдықтарының алына бастауы. Оның құрамында тақта-панельдер, пән кабинеттерінің арнайы жабдықтары, оқушылар мен ұстаздарға арналған парталар, орындықтар, тағы басқа мектепке керек заттар келе бастайды деп күтілуде.

Биылғы 2025-2026 оқу жылында мектептің табалдырығын алғаш рет 124 бүлдіршін аттап отыр. Олар 7 сыныпқа бөлінсе, бесеуі қазақ тілінде, екеуі орыс тілінде білім алатын болады. Жалпы мектеп-лицейде оқушылар саны 1130-ға жетсе, оларға сабақты 130 мұғалім береді.

Білім күніне және жаңа оқу жылының басталуына орай мектеп-лицейде өткен «Мектебім мейірім мекені» атты салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөзді Шет ауданы білім бөлімінің басшысы Абенова Раушан Бекайдарқызы, мектеп-лицей директоры Түсіпова Гүлдәрия Әйкенқызы алды. Ата-аналар атынан Данабекова Дана Шілікбайқызы құттықтауын арнап, шашу ретінде «Өмірім-өнерім» әнін орындап берді. Мерекелік шарада лицейдің екі бірдей аттары жер жарған түлектерінің халық алдына шығып, құттықтау сөздерін арнауы әдемі көрініс берді. Олар Қазақстан Республикасына еңбектерін сіңірген спорт шеберлері, самбо күресінен әлем, Азия чемпионы Жаңаниет Рахат Берікұлы мен пауэрлифтингтен бірнеше дүркін әлем, Азия чемпионы Қараман Абдукәрім Дәрібайұлы.

Шара соңы сынып сағаттарын өткізумен аяқталды.

 Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *