Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада Балалар кітабы апталығы аясында «Қаламгермен ашық әңгіме» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Шараға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның 5-сынып оқушылары және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.М.Айтмағанбет қатысты.
Кездесудің бүгінгі қонағы – Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, жазушы, өткен жылы балаларға арналған «Алтын тостақ» атты Алтай ертегілерін орыс тілінен аударып бастырған (2025) Сүйіндік Жұмабайұлы Жанысбай болды. Балалар жазушымен тікелей сөйлесіп, оның шығармашылығы, кітаптарындағы кейіпкерлер мен оқиғалар туралы сұрақтар қойды.
С.Ж.Жанысбай 1949 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, «Қызыларай» ауылында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін 1972 жылы бітірген. Ол шығармашылық жолын облыстық телерадиокомитетінде редактор болып бастаған, 1980-2013 жылдар аралығында облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет атқарды.
Жазушы өлең жазуды мектеп қабырғасынан бастап, кейін көркем аударма мен прозамен айналыса бастайды. Оның еңбектері арасында «Құрыш қолтаңба» (1983), «Өрлеу» (1978), «Көңілді көшенің жігіттері» (1981) және «Орман үстіндегі түн» (1990) атты жинақтарында жарияланған әңгімелері бар. Кейіннен «Кездесу», «Ақабайдың ала қабы», «Тұзақ», «Білгенге – маржан» атты кітаптары жарық көрді. Жазушының ең сүбелі еңбегі – ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан туралы «Әлемге әйгілі Әлихан» атты деректі романы.
Кездесу барысында оқушылар жазушымен пікір алмасып, шығармашылыққа деген қызығушылықтарын арттырды. Мұндай кездесулер балалардың кітапқа деген махаббатын оятып, әдебиет әлемін жақынырақ тануға мүмкіндік береді.
Махаббат СӘМЕНОВА,
кітапхана қызметкері
