Алаяқтан қорғану жолы – сақтық

Алаяқтар оңай олжаға кенелу үшін түрлі айла-амалдарға барып жатыр. Ол тұрғындарды алдап, олардың ақшасын жымқырудың тәсілдерін күн санап жаңадан ойлап тауып жатыр. Мәселен, өзін банк қызметкерімін таныстырған әйел 200 миллион теңгеге жуық қаржыны ұрлаған. Оны полиция анықтап, қамауға алды.

31 жастағы әйел аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілінді. Қарағанды облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізген тергеуге сәйкес, күдікті бір жарым жыл бойы өзін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырып келген. Және өзінің қызметтік мансабын пайдалану арқылы ол азаматтарға несиелерін мерзімінен бұрын жабуға көмектесемін деп уәде берген.

Күдікті азаматтардың сеніміне кіріп, олардың атынан екінші деңгейлі банктерден бірнеше несие рәсімдеген. Нәтижесінде 98 эпизод бойынша алаяқтық дерегі тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 200 млн теңгеден асып кетті.

Полиция қызметкерлері алаяқ әйелге қатысты бұлтартпас айғақтар жинады. Күдікті бірнеше жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сондай-ақ жарнама қосымшаларда қызмет көрсетемін деп, тапсырыс берушілердің сыпырып алатындар да бар. Қарағандының  41 жастағы тұрғыны балкон орнатуға онлайн-қосымша арқылы тапсырыс берген. Бірақ ол алаяқтың арбауына түсемін деп ойламады. Ол жарнама берушімен жұмыстың мерзімін келісіп, қызмет ақысы 2,6 млн теңгені толық төлеген.

Алайда балкон орнатушы сөзінде тұрмады. Алғашқыда мердігер ауа райы қолайсыз деп, шаруаны кейінге шегере берген. Ал уақыт өте келе мүлде байланысқа шығудан қалып, телефон көтеруді қойған. Осылайша алданғанын түсінген тұрғын полицияға арыз жазады.

Өз кезегінде Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері бірден іске кірісіп, алаяқтың кім екенін анықтады. Олар Қарағанды қаласының 39 жастағы тұрғынын қамауға алды. Дереу тергеу жүргізіліп, алаяқтың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Сондай-ақ алаяқтар жастар мен қарт кісілерді көбірек алдауға тырысады. Тіпті туысыңыз жол-көлік апатына түсті, оны құтқару үшін пәлен мың теңге төлеңіз дейтін алаяқтар да бар. Алаяқтардың бұл әрекетіне көбіне зейнеткерлер алданып жатады.

Қарағанды облыстық Полиция департаментінде мұндай аляқтарды ұстау үшін арнайы топ құрылған болатын. Сондай қылмыстардың бірін ашу барысында 30 жастағы азамат қолға түсті. Оның 37 млн теңге шығын келтіргені анықталды. Оның 9 эпизодқа қатысы бары дәлелденді.

Сондай-ақ 25 жастағы Жетісу облысының тұрғыны да ұсталды. Ол 11 зейнеткерді алдап,  36 млн теңгесін ұрлаған. Егер бірінші күдікті Қарағанды облысының тұрғындарын ғана алдаса, екіншісі  Алматы қаласының тұрғындарын да арбап үлгерген. 25 жастағы күдікті Алматының 6 зейнеткерін сан соқтырып кеткен. Яғни бұл жерде 4 дерек бойынша жәбірленушілерден арыз түссе, қалған екі жәбірленушіні полиция қызметкерлері өздері тауып алды.

Күдікті жәбірленушілердің жақындарын қылмыстық жауапкершіліктен босатамын деп ақша алған. Қарағанды полиция басқармасы Октябрь полиция бөлімінің тергеу бөлімшесі 14 эпизодтық қылмыстық істі анықтады.

Айтып кеткендей, алаяқтар зейнеткерлерді оңай арбауына түсіреді. Оларға сенген қарағандылық қария 11,8 млн теңгесінен айырылды. Алданған қарт полицияға арыз түсірді. Алаяқ зейнеткерге телефон арқылы қоңырау шалып, қысым жасаған. Ол жақындары жол апатына түсті деп айтып, курьер арқылы ақша жіберіді талап еткен. Туыстары үшін қорыққан зейнеткер бар жиған-тергенін алып жіберген. Оның берген ақшасы 12 млн теңгег жуықтайды.

Полиция күдіктіні қолға түсірді. Ұсталған 23 жастағы Қарағанды тұрғыны кінәсін мойындады.

Полиция қызметкерлері азаматтарға әрдайым телефон шалған бейтаныс жандарға сенбеуге шақырады. Жақындарыңыз қиын жағдайға тап болды деген адамға сенбес бұрын сол айтқан адамдарына хабарласып, жағдайды біліп алуды ескертеді. Сондай-ақ қаржы қызметтері бойынша ұсыныстар түскен жағдайда, ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексерген жөн дейді. Бұдан бөлек өзін банк немесе өзге қаржы ұйымының өкілі ретінде таныстыратын тұлғаларға сақтықпен қарап, алдын ала төлем талап ететін қызметтерге сенбеуді ескертеді. Ал күмәнді жағдай туса, бірден полицияға жүгіну қажет.

Полицейлер алаяқтардың арбауына түспеу үшін күмәнді қаржылық схемаларға қатыспау керектігін айтады. Яғни ол кісі жақын танысың немесе туысың болса да күдікті қаржылық істерге араласпау керек. Бұл оңай олжаны ойлаған әрбір азаматтың өзі опық жемеуі үшін маңызды. Облыстың тәртіп сақшылары бұл бағыттағы алдын алу-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *