Алтын дауысты Сауық апай

 «Қазақ радиосының сандуғашы» атты

тағылымды кештен мөлтек сыр

Қарағанды қаласында Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында қазақ радиосының мақтанышы, дауыс өнерінің шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Сауық Жақанованың 80 жылдық мерейтойына арналған рухани кеш өтті.

Аталмыш шара онлайн және офлайн түріндегі қос форматта болды. Біздің кейіпкеріміз Сауық Мәсіғұтқызы – қазақ дикторлық өнерінің биік шыңына шыққан дара тұлға!

Оның үні сан миллиондаған тыңдарманның жүректеріне жол тауып, ұлттық радио саласында өшпес із қалдырғаны баршаға аян. Осы орайда Сауық апамыз Алматы қаласынан ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып, 15 ақпан күні Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың ұйымдастырылуымен өткен «Сахара сандуғашы» атты кітабының таныстырылымы болғаны жайлы айтып, шараға қатысып отырған үлкендерге алғысын білдіріп, жастарға батасын берді.

Кездесу барысында академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультеті қазақ журналистикасы бөлімінің студенттері Мағжан Құдайберген Сауық Жақанова туралы презентация дайындап, Аманжол Нұрасыл «Сауық апайға» дейтін арнау өлеңін оқыды.

Сауық апайдың бауырлары Қосман Мәсіғұтұлы, Жұман Әбдікамал, Сағынтай Аққожин, Жұмағали Мағзи, жеңгесі Гүлшара, сыныптасы Аман Шілікбаев және Бөкетов университетінің аға оқытушысы Әлімжан Жақан секілді кеш қонақтары әдемі естеліктер айтып, жылы тілек-лебіздерін ортаға салды.

Содан кейін әйгілі диктордың ғұмырбаяны мен шығармашылық жолы жайында «Өмір-дастан» деген бейнебаян тамашаланды. Әрі қарай Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері Мәншүк Ержанова М.Мақатаевтың «Үш бақытым», Сымбат Серікхан М.Шахановтың «Тілек»,  Батырхан Советов Ф.Оңғарсынованың «Жақсы көру» өлеңдерін жатқа жырласа, Бөкетов университеті тарих факультетінің 3 курс студенті Қазбек Рашидов С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» және бір әнді тамылжыта орындап, бұл шараның сәнін келтірді.

Қазақ радиосы және диктор Сауық Жақанова! Осы бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым көп уақыт бойы толқын-толқын ұрпақ көшінде тәлімді тәрбие мен сұлулық әлемінің символына айналды десек, артық айтқандық емес. Біз үшін ұлттық радио торабы өзінің ғасырдан астам тарихында руханияттың қайнар көзі, тәрбиенің талбесігі болса, Сауық апамыз сол бір жазиралы жайлаудың, жеміске толы орман-тоғайдың сандуғашы, бұлбұлы һәм қарлығашы болғандығы сөзсіз. Бүгінгі көңілді кездесудің, сырлы сұқбаттың, мерейлі мерекенің, мәдениетті әрі әдеби-сазды, таным мен тағылымға толы рухани кештің де тақырып аясы, мақсат-мазмұны осыны айғақтайды.

Осынау ғажап кешті ұйымдастырып, жүргізген Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының басшысы Каленова Нұргүл Қасымханқызына, кітапханадағы «Жасөспірімдердің қатынастары және көпшілікпен жұмыс» бөлімінің басшысы Қартабаева Жанар Жұмашқызына, тағы да атсалысқан қарындастарымызға мың алғыс, отбасыларына бақыт, еңбектеріне табыс тілейміз!

Ал, Сахара сандуғашы атанған Сауық апайға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр болсын!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

E.Бөкетов атындағы Қарағанды

зерттеу университетінің аға оқытушысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *