Қарағандыда ел руханиятына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым, академик, Qazaq club республикалық ұйымының алғашқы Құрметті төрағасы Темірғали Көкетайдың есімі берілген рухани мұраны сақтау және насихаттау орталығы ашылды. Жаңа орталық Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының жанынан құрылды.
Ашылу салтанаты Темірғали Көкетайдың өмір жолы мен ғылыми мұрасын арқау еткен бейнесюжетпен басталып, орталықтың негізгі бағыттары мен болашақ жоспарлары таныстырылды.
Орталықтың ашылуына мұрындық болған – республикалық Qazaq club ұйымы. Жаңадан құрылған алаң «Ұлттық күнтізбе», «Тәуелсіздік таспасы» секілді маңызды жобаларды кеңінен таныстырып, Qazaq club қолға алған бастамаларды халыққа жеткізуді мақсат етеді. Сонымен қатар ұлттық рухани құндылықтарды сақтау мен дәріптеуге бағытталған түрлі шара тұрақты түрде өткізіліп отырады.
Клуб жетекшісі Нұржан Сұршаұлы орталық аясында жүзеге асатын жаңа жобалар мен алда өтетін тұсаукесерлер туралы кеңінен баяндап берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда «Ұлттық күнтізбе» жобасы Қарағанды облысындағы 417 мектеп, 54 колледж және 200-ден астам балабақшада енгізілген.
Тарихшы Темірғали Аршабек облыстық архивте академиктің ғылыми еңбектері цифрландырылып, бірыңғай мәліметтер базасына енгізілгенін айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта Темірғали Көкетай атындағы арнайы ғылыми қор ашу жоспарланып отыр.
– Бұл бастама жас ұрпақтың академиктің мұрасымен тереңірек танысып, оның ғылымға қосқан зор үлесін тануына мүмкіндік береді. Көкетайдың басты ғылыми бағыты – қатты денелердің эксперименттік физикасы болатын, – дейді тарихшы.
Айта кетейік, болашақта мұндай рухани мұраны сақтау және насихаттау орталықтары Астана мен Алматы қалаларындағы ұлттық кітапханалар жанынан да ашылады. Жоспар бойынша, оларға Абылай хан мен Мөде қағанның есімдері берілмек.
Әділ БЕК