12 шілде күні Ақадыр кентінде «AQADYR TRAIL RUN» атты жартылай марафон жарысы ұйымдастырылып өткізілді. Аталған шара өңірімізде бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға, жеңіл атлетика, оның ішінде марафон жарысын дамытуға, жастардан бастап егде тартқан ересектерге дейін спорттың осы түріне баулуға арналғаны анық.
Бұл жерде ең алдымен осы шараның бастамашылары, кентіміздің тумалары, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдо күресінен әлем чемпионы Искаков Рахат пен алыс қашықтықтарға жүгіруден республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Игитаев Жақсыкелдіні атап өткеніміз жөн.
Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 15 команданың өкілі қатысты. Атап айтқанда, Астана қаласының, Алматы қаласының SN Runninq club, Ақмола облысының Burabai Runninq club, Қостанай облысының, Павлодар қаласының, Қарағанды қаласының, Балқаш қаласының, Buketov Runninq club, Alau Runninq club, Теміртау қаласының, Саран қаласының, Қазақстан теміржолының, Қазақтелекомның, Шахтинск қаласының, Ақадыр кентінің спортшылары жарыс алаңында өз өнерлерін көрсетті.
Марафон жарысының ашылу салтанатында Шет ауданының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Ж.Ахметов, аудан прокуроры Б.Абдулахат, Ақадыр кенті әкімінің орынбасары М.А.Айқынбаев, Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Б.С.Жанасылов, спорт ардагерлері Қ.Т.Ығытай, Қ.Т.Игитаев, М.Т.Қаракекілов сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
18-29 жас аралығындағы ерлер арасында 10 километрге жүгіруде мәреге бірінші болып қарағандылық Д.Суюмбаев жетті. Екінші орынды В.Куяниченко (Сұрыптау), үшінші орынды А.Жамбек (Қарағанды) жеңіп алды.
30-39 жас аралығындағы ерлер арасында Н.Ерназаров, Н.Есмағамбетов (екеуі де Қарағанды қаласынан), Р.Жаңаниет (ҚТЖ) жеңімпаз атанды.
40-49 жас аралығындағы ерлер арасында тағы да қарағандылық Қ.Шаменов, Р.Ахметов (Buketov Runninq club), Карипов Сәкеннің (Қарағанды облысы) мерейлері үстем болды.
50 жастан жоғарылар арасында Н.Куяниченко (Сұрыптау), Б.Калинбетов (Қарағанды облысы), Е.Шегиров (Балқаш) озып келді.
Әйелдер арасында 10 километрге жүгіруде 18 бен 29 жастағылар арасында Г.Совед (Алматы) бірінші орынға ие болса, 30-39 жас аралығында М.Есенгулова, Т.Мейрам бірінші-екінші орындарды бөлісті.
20 километр қашықтыққа жүгіруге ауыссақ, мұнда 18-29 жас аралығындағылар арасында алматылық Н.Сексембай, астаналық Б.Амен, павлодарлық Д.Шулькебаев озып шықты.
30-39 жас аралығындағылардан Н.Дарибек (Қарағанды), С.Егимбаев (Ақадыр), А.Малков (Саран), 40-49 жастағылардан А.Беспалов (Ақмола облысы, Зеренді), Н.Жамантаев (Ақадыр), 50 жастан жоғарылардан Қ.Мамашев (Қарағанды) жеңістерге жетті.
Абсолюттік жарыстарда ерлер арасында 10 км қашықтықта мәреге бірінші болып Суюмбаев Дархан, екінші болып Ерназаров Нұраслан, үшінші болып Куяниченко Владимир, 20 км қашықтықта Сексембай Нұрысбек, Амен Бағдат, Беспалов Александар жеңіс тұғырынан көрінді.
Ал әйелдер арасында 10 км қашықтықта Совед Гүлім, Есенгулова Меруерт, Мейрам Тоғжан алдарына жан салмаса, 20 км қашықтықта Асауова Диана, Боева Ирина, Сагиндыкова Айгерим жүлделерді бөлісті.
Жарыстың демеушілері болып «Көкбөрі Керней Баба» қоры, ИП «Бейбарыс» (Түсіпханов Ерлан), Rakhat team, жеке тұлғалар Жұматаев Айдос, Игитаева Торғын, Мухамедьяров Нұркелды, Иксанов Нұрлан, Сметов Құсайын, Оспанова Жұмабике табылды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастыру алқасы дайындаған арнайы дипломдармен, спорттық кубоктармен, ақшалай сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 20 километр қашықтықта жүгіруде абсолюттік жарыста бірінші келген Сексембай Нұрысбек (Алматы қаласы) «Көкбөрі Керней Баба» қоры дайындаған 200 000 (екі жүз мың) теңгенің сертификатына ие болды.
Жартылай марафон жарысының жоғары деңгейде өтуіне Ақадыр кентінің бірнеше мекемесі атсалысты. Олар: Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығы (Н.Т.Бесимов), кенттік полиция бөлімшесі (Ұ.М.Тұтқабеков), кенттік аурухана (А.Н Шакиров), Балалар және жасөспірімдер спорт мектебі (Б.С.Жанасылов), «Жастар РО «Жасыл ел» ұйымы (Б.А.Хасенов). Оларға ұйымдастырушы алқасының атынан алғыстар айтылды.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша марафон жарысы жылда осы мезгілде өткізіліп, дәстүрлі шараға айналатын болады.
Қалижан БЕКҚОЖА