Header Banner

«АРҚА ӘУЕНДЕРІ» хор ұжымы

Жақында Қарағанды қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жанынан құрылған «Арқа әуендері» хор ұжымының «Мен сені сүйем өмір» атты есеп беру концертін тамашаладық. Бұл хор ұжымы – өнерді өмірлеріне серік еткен, шығармашылыққа ғашық жандардан құрылған ерекше ұжым. Осы хор құрылғаннан бастап, зейнеткерлер мәдени өмірдің белсенді қатысушысына айналып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Ұжымның көркемдік жетекшісі тәжірибелі музыкант, талантты ұстаз Қозкеев Айдар Мағаянұлы мен әнші, жүргізуші Ерден Марат. Олардың жетекшілігімен хор мүшелері ұлттық ән өнерін насихаттап, халықтық мұраны дәріптеп жүр. Концерттің ерекшелігі – қазақ халқының халық әндері мен қазақ композиторларының таңдаулы шығармалары орындалды.

Қазақ халқының ән қазынасы – ұлттың рухани байлығы. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткен халық әндері халқымыздың болмысын, қуанышы мен мұңын, салт-дәстүрлерін бойына сіңірген. Сахна төрінде хор ұжымы «Гүлдерайым», «Дедімай-ау», «Тобылғы сай», «Бипыл», «Ұлы арман» әндерін тамаша орындап, көрермендердің ризашылығына бөленді.

Ақан сері – қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы. Оның шығармалары ғасырлар өтсе де халық жүрегінен орын алған. «Сырымбет» әнін Розагүл Темірғалиқызы тамаша орындады.

Қазақтың әні мен бірге күй өнері де халқымыздың тарихын сөйлеткен рухани мұрасы. Халық күйлері «Келіншек», «Жастар биі» де ерекше орындалды.

Көмірлі қаламыз Қарағанды – еңбек пен достықтың, өнер мен мәдениеттің мекені. Ақын Серік Ақсұңқарұлы мен композитор Есжан Әміровтің «Қарағанды вальсі» әнін әуезді, тамаша орындаған Гүлнар Сембайқызының ән салу мәнері ерекшеленіп, тыңдаушылардың ыстық ықыласына бөленді.

Қазақ музыкасының алыбы Нұрғиса Тілендиев пен көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің шығармашылығынан туған «Туған ел», «Құстар әні» хор мүшелерінің орындауында ерекше сипатта шырқалды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әні туған жердің қайталанбас тамаша табиғатын, кең байтақ қазақ  даласының  әсем сұлулығын және адам жанының нәзік сезімдерін бейнелейтін әнін Зинат Камалиқызы орындады.

Адам баласына берілетін қайталанбас тіршілік өмірі – ең қымбат сый. Өмір, өзімді таппай іздеп, өзек талса да, Өмір, мен кешкен мөлдір таза, медет қаншама. Өмір, жаным да бақ пенен сор, кезек болса да, Мен сені сүйем өмір, мен сені сүйем өмір! Иә, өмірді сүю, әрбір арайлап атқан күнімізге шүкіршілік жасау, жақсылыққа сену, адамға ерекше күш, куат береді. Әні Роза Әлқожа мен сөзі Жадыра Байбұланованың «Мен сені сүйем өмір» әнін хор ұжымы ерекше бір жаңа серпіліспен орындап шықты.

Сахна төріне Орталық директоры Жарылғапов Саян Жанғазыұлы шығып, өнер кешіне қатысқан барлық өнерпазды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының  мүшесі.

«Қоғам қайраткері» төс

белгісінің иегері