Арқаның Асылмұраты

«Ақ қайың, қызыл қайың, сырлы қайың,

Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын.

Күніне мыңды алып, жүз берсем де,

Қалтамның түбі тесік байымаймын…»

Сахна төрінен ақтарылған алапат үн, мәдениет үйін кернеп барады. «Апыр-ау, мынандай да құдіретті дауыс болады екен-ау» деп аң-таңмын. Бұл менің арқаның қала берді Алаштың арқалы әншісі марқұм Асылмұрат Ахановтың сахнада ән шырқаған сәтінде, алғашқы санама сақ еткен ой, тіліме оралған сөз.

Жүйткіген уақыт алды артыңа қаратпай «ә» дегенше, ғұмырыңды әудем жерге апарып тастағанын аңдамай қаласың? Көңіл шіркін басы асау уақытқа көнгісі келмей, өзінше бұлқынған болады. Алайда, әзірге жолындағысын бұзып-жарып, алға ұмтылған өмір өзенінің, арқыраған арынын тежейтін күштің жоқ екенің, еріксіз мойындайсың. Дүние-дүрмек жәрменке іспетті. Базары тарқамай қыз-қыз қайнап тұр. Елдің бірі келіп, бірі кетіп сапырылысып жатыр. Сол дүние-дүрмектің қақ ортасында тұрысы бір қара, жүрісі бір қара, кере қарыс маңдайы жарқырап «Опай-опай, опа-папай, Әнім менің красивой» деп асқақ әнге салып арқалы әнші Асылмұрат Аханов та алшаң басып жүрген. Одан берідегі арада жүйткіп ағып жиырма жыл да өте шығыпты. Осыдан соң бұрынғылардың «дүние жалған» деген сөзіне сенбей көр.

Дауысы алты қырдан асатын Асылмұратың ән салған әрбір сәтінде, өзгені қайдам, өзімнің төбе құйқам шымыр ете қалатын. Әншейінде білінбейтін бұғағы ән салған сәтте көрік қаптай ісініп, зорайып, кететін. Ондай зор дауысты, Шашекеңнің «Ақ қайың» әнің, тап Асылмұраттай орындаған әншіні өз басым әлі күнге ұшыратқан емеспін. Әліне қарай шабатын алуан-алуан жүйрік бар. Әй, бірақ, Асылмұратың құдіретті үнімен шендесетін дауыс жоқ шығар.

Сонау жетпісінші, сексенінші жылдары Жүрсін Ерман ағамыз қазақтың айтыс өнеріне өріс ашып, ақсүйек өнердің төңірегіне жыршы-термешілер мен дәстүрлі әншілердің басын қосып, телеарна арқылы көрермен қауымға жақсы бағдарлама ұсынған. Және ол бағдарма телеарналар арқылы тұрақты көрсетіліп тұрды.

Сол бағдарламаға қатысып, Жезқазған облысының ақын-жыршы, әнші-термешілер құрамында ақтоғайлық әнші Асылмұрат Аханов та жүрді. Ол тұста Асылмұратты таныстығым жоқ. Және телеарнада ән шырқаған сәті де есімде қалмапты. Кейін ғой, Асылмұраттың дауысын тыңдап, таңырқап жүргенім.

Асылмұратты алғаш танысып-білген кезден, өзара тез түсінісіп, сыйласып жақсы араласып кеттік. Олай болатыны, Асылмұрат менің бажам Маманның немере інісі.

Ақтоғайға келіп, Асылмұраттың ауылында үш жылдай шопан болдым. Асылмұраттың ағасы марқұм Бегендік ферма менгерушісі (менің шопан болуыма тікелей бебепші осы Бекең). Ол кездері аудандық мәдениет үйінің әнші, күйші-бишілері қыстақ- қыстақты аралап шопандарға концер қоятын. Әлбетте олардың арасында міндетті түрде арқырап Асылмұрат та жүретін. Бегендіктің де әнші екеніне көрші қыстақта тұратын Ерғазының (қазіргі құдам Ерғазы Байжұманов) үйіндегі шағын отырыс барысында кездейсоқ естіп, ауызым аңқайып қалғаны бар. Бекеңнің биік ашық тенор дауысы бар екен.

Біз бала кезден ән тындап өскен ұрпаққа жатамыз. Радио арқылы Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Күләш Байсейтова, Жамал Омарова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Жәнібек Кәрменов, Игілік Омаров сәл кейінірек Қайрат Байбосыновтардың орындауындағы қазақ әндерін тыңдайтынбыз. Асылмұрат пен Бегендіктің әншілігі сол атақты әншілерден еш олқы, еш осал соқпайтын.

Асылмұратпен біз аудан орталғына көшіп келген кезден етене араластық. Асылмұрат сол тұстары, аудандық газетте жауапты хатшы болып қызмет атқаратын, менің шығармашылықтағы ұстазым, Үмітай (Мүбарак) Жармағанбетовпен жақсы достық қарым-қатынаста екен. Асылмұрат бойына желік бітіп, желпінген сәттері, редакцияны бетке алып, Үмкеңе жиі-жиі соғып тұратын. Ондай сәттерде Әужекең (Тілші Амангелді Советұлы) екеуміз шауып кел, барып кел, алып келде жүреміз. Жұмыс барысында мәдениет үйіне біз де жиі-жиі бас сұғып тұрамыз. Арамызда дәнекер болып жеңіл әзіл, қағытпа қалжың жүреді.

Ол, Дарабоз Дәртай Садуақасов жетекшілік ететін «Тоқырауын толқыны» халықтын ән би ансамблінің атақ-даңқы алыс, жақын шет жұртқа тарап, Ақтоғай өнерінің шарықтап, шырқау шегіне жеткен кезеңі болатын. Ансамбль құрамында Қуат Қожамбаев, Бегендік Аханов, Асылмұрат Аханов, Нұрлан Күлшікенов, Мұрат Тәжібаев, Дариға Ақатаева, Шәмшия Төлеубаева, Қадыр Баймурзин сынды Ақтоғай өнерінің самородок сары алтын саңылақтары болды. Солардың арасында әлбетте Асылмұратың шоқтығы айрықша тұлғаланып, мен мұңдалайтын.

Жоғарыда айтқанымдай Асылмұраттың не кереметі барын білмеймін, әр бір ән салған сәтінде менің төбе құйқам шымыр ете қалатын. Алапаты басым қуатты дауысы сахнаны күңірентіп жіберетін.

Тегінде, өнер екінің бірінің басына жапалақтай жалп етіп, қона салмайды. «Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен, туып-өскен құнарлы топырағымен келеді» деп жатады. Дәмі бар сөз. Талант та аспаннан топ етіп төбеңе түсе қалмайды.

Мен Асылмұраттың әкесі Рахмет ақсақалдың көзін көрдім. Көріп қана қойған жоқпын, шырқай салған әнін де естіп, тыңдадым. Өнерді қумады демесең, Рахаңның әншілігі дау тудырмайтын.

Аскеңнің ағасы Бегендік Аханов та біраз жыл «Тоқырауын толқыны» халықтық ән-би ансамблінің құрамында, еліміз бен алыс-жақын шетелдерді аралап, өнер көрсеткен. Бір сөзбен айтқанда Ахановтар әулеті өнердің киесі қонған әулет. Айтыста қыз атаулысына қырғидай тиіп жүрген хитмен ақын Махсат Аханов, консерваторияны Әлібек Дінішовтің сыныбында бітірген Талғат Аханов, Қали Байжанов атындағы Қарағанды облыстық филормонияның әншісі Дулат Аханов өнердің киесі қонған Ахановтар әулетінің бүгінгі заңды жалғасы, заңды мұрагері.

Маған Асылмұрат кешегі сал-серілердің көшінен көз жазып, өз үйірінен адасып, басы бұғауға түскен қас жүйріктей көрінетін.

Негізі Асылмұраттың әншілік қыры енді ашылып, бабына енді келіп, республикалық түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып жүрген кезі болатын. Жалпы әнші болсын, күйші болсын, кемеліне, жастық арыны басылып, өнерге ойлы көзқараспен қараған шағында келеді. Асылмұрат өмірден өтер алдында, әнші ретінде тынысы енді ашылып, орындаушылық шеберлігі шыңдалып, шегіне жеткен, нағыз бабында болды.

Бойына сыймай буырқанған әншілік өнер Асылмұраты Алматыға алып барған екен. Консерваторияға оқуға түсіп, атағы асқақтап тұрған Қайрат Байбосыновтың алдын көріп, шәкірті де атаныпты. Тек дулы, шулы, көк су ішкен қала тірлігіне бойы үйрене алмай, қолын бірақ сермеп, «ауыл қайдасың» деп елге бірақ тартқан көрінеді.

Ауылда қара жұмыс істей жүріп, той-томалақта ән салып, есімі елдің аузына ілігіп, жұрттың көзіне шалынып, әншілік жолды таңдап, табанын туған жерден аудармай өмірден өтті.

Тегінде жарықтық өнер, көрінгеннің қолтығында кететін жеңілтек қыз емес. Шынайы өнер кірпияз келеді. Адалдық танытып, аялап ұстамасаң пыр етіп ұшып кететін бақ құсы іспетті. Асылмұрат өнерге, әнге мейлінше адал болды.

Сол өнерге деген адалдығы арқылы өзін елге әнші ретінде мойындатып кетті. Өнерсүйер қауымның қошемет-құрметіне бөленді. Қызыл шырайлы жүзінен нұры тамып тұратын Асылмұрат, мінезге де өте бай болды. Ашуы жел желпіген ақша бұлттай тез тарқайтын. «Пейілі баладай, көңілі даладай» деген тіркес тура осы Асылмұратқа қарата айтылғандай.

Асылмұраттың жолдасы Ғалия біздің газет редакциясында есепші болып жұмыс жасады. Әлбетте ұжымдық отырыстарда Асылмұрат та төредей төрдің төбесінен табылады. Әзіл-қалжының тізгінін жіберіп, отырысты жайнатып жіберетін. «Адамнан жасырғанды құдайдан жасыра алмайсың» дейді. Асылмұрат екеуміздің баз-базда, бошалап кететін кездеріміз болып тұратын. Асылмұрат ондай-ондай кездерді сөз арасына қыстырып «Құдайдың құдіреті, не пәлесі бар екенін білмеймін. Мүсіркеп екеуміз ұрттасақ бітті, бүкіл Ақтоғай зоопарктен арыстан шығып кеткендей шу ете қалады» деп елді қыран-топан қылатын.

Асылмұраттың алдын көріп артынан еріп, ізін басып, тәлім-тәрбиесін алған Дәуренбек Әркенов, Сұңғат Ақышов, Сәттар Сәрсенқұлов, Берік Мақшонов, Ғибрат Қожамбаев, Дана, Бұлбұл Мақшонова, Сымбат Қожамбаева сынды жас талантардың топшыларының бекіп, қанаттарының қатаюына марқұмның сіңірген еңбегі де бір төбе.

«Өмірге келмек бар да кетпек бар» деген жаратылыстың бұлжымайтын заңдылығы бар. Ол заңға жұмыр басты пенденің бәрі бағынады. Біз де бағынамыз. Бірақ, онымен өмір тоқтап қалмайды. Ізіңді ұрпағың басып, өмір өз заңдылығынан жаңылмай, алға жылжи береді.

Дүниеде армансыз адам жоқ. Асылмұраттың армандары болған шығар. Ол қандай арман? Өкінішке орай, біз оны тап басып айтып бере алмаймыз. Білетініміз Асылмұраттың артында, жоғарыда тілге тиек еткен, айтыс өнерінде топтан озып, олжа салып жүрген Мақсаты бар. Орынын оңалтып қара шаңырағына ие болып Саяқаты отыр. Соған тәуба, соған шүкір дейсің! Әйтсе де Ақтоғайдың аты мен атағын Алашқа асқақ әнімен танытқан Асылмұраттың артында бір белгі қалуы керек. Ана бір жылы Ақтоғайда Асылмұрат Аханов атында дәстүрлі әндер байқауы өтті. Сол байқау дәстүрлі жалғасын тауып, аудандық, облыстық деңгейде өтіп тұратын шығар деп дәмеленіп қалған едік. Өкінішке орай, белгісіз себептермен жалғасын таппай қалды. Енді сол Асылмұрат Аханов атындағы дәстүрлі әндер байқауын қайыра қолға алып, жандандырса деген тілек бар. Әлбетте, ондай шараны ұйымдастырудың міндетті түрде, өзіндік жауакершілігі мен қаржылық қиындықтары қоса жүреді. Түптеп келгенде, ол қиындықтарды еңсеру, ел тізгінін ұстап отырған аудан басшылары мен жолынан нардың жүгі қалмайтын атан жілік азаматтардың (құлақтарына алтын сырға) қолынан келетін-ақ, шаруа деп ойлаймыз.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Қазақстанның Құрметті Журналисі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *