Экологиясы нашар қалалар қатарынан Қарағанды, Теміртау түсер емес. Қазгидрометтің 2023 жылғы мәліметінше кейінгі 5 жылда Алматы, Астана, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында ауаның ластануы төмендемей тұр.
Қарағандыда атмосфераның ластануына негізгі әсер — жылу электр станциялары мен жеке сектордағы пешке тән. Алайда, Қарағандыда ауа ұыста ластанса,Теміртауда кез келген маусымға тән. Өнеркәсіптік және металлургиялық кәсіпорындарынан, сонымен бірге жылу электр стансалары мен жеке сектордағы пештен шыққан түтіннен қала тұншығып тұр.
16 қаңтарда экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімі Қарағанды қаласының аумағында атмосфералық ауаға аспаптық өлшеу жұмыстарын жүргізді. Желсіз күндері, түтін қаланы басып қалатын бар. Экология департаменті қаланың пешпен жылытылатын аудандарында атмосфералық ауаға мониторинг жүргізді.
– Ластанудың себебі – жеке секторды, шағын және орта бизнесті сапасыз көмірмен жылыту және көліктерден, соның ішінде қоғамдық көліктерден шығатын түтіннің атмосферада шоғырланып таралмауында.
Жеке секторларда жылыту маусымының басталуымен ауаны ластаушы заттардың артық мөлшері тіркеледі. Өлшеу нәтижелері бойынша Архитектурная 22, Төлепова-Моторная қиылысы, Асфальтная 22, Кирпичная 21Б көшелерінде ластаушы заттардың артық мөлшері анықталмады.
«Шығыс – 2» (Восток-2) шағын ауданында («Ұмай» дүкенінің аумағы) көмірқышқыл газының артық мөлшері анықталды (нақты мөлшері – 6,54, қалыпты мөлшері– 5,0). Ластанудың тағы бір негізгі себебі – жеке секторлардағы және шағын және орта бизнестің сапасыз көмірді тұтынуында. Жоғарыда айтылғандай,ауа райының қолайсыз күндерінде (желсіз) бөлінген түтіндер таралмай, ауада тұрып қалады. Бұл мәселенің шешімі – қаладағы жеке үйлерді газбен жылытуға көшіру, – дейді Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Айман Құлатаева.
Қазіргі күні ауаның ластануы басты мәселе болып түр. Осыған орай, Қарағанды облыстық мәслихатының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы № 124 шешімімен Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Кодексінің 576 бабының 2, 4, 5 және 6-тармақтарында белгіленген стационарлық және жылжымалы көздерден атмосфералық ауаға ластаушы заттарды таратып, өндіріс пен тұтыну қалдықтарды шығарғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері Қарағанды облысы бойынша 2 есеге көтерілді. Бұл шешім нәтижесін берсе жақсы.
Теміртаудың басты ауа ластаушысы болып тұрған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2024 жылға қарай шығарындыларды 30%-ға азайту туралы жасалған меморандум бойынша өз міндеттемелерінің үштен бірін ғана орындаған. Миттал кетіп бүкіл мұрасын Карметке табыстады. Осы іске аспаған жобалары да қалды артында.
Өнеркәсіптік алпауыт кәсіпорындарының үлесіне шығарындылардың 87 пайызы келеді. Бұл ретте серіктестік өз міндеттемелерін толық орындамай отыр.
– Әуеде және жерде – 2019-2023 жылдар аралығында меморандум аясындағы 23 іс-шараның тек 7-уі ғана жүзеге асырылды. Олардың ішінде шаң-газ тазарту қондырғыларын күрделі және ағымдағы жөндеу, мұржаларды демонтаждау және орнату болды. Олар жергілікті сипатқа ие және қоршаған ортаны жақсартуға айтарлықтай әсер етпейді. Бұл ретте 9 іс-шара аяқталмады, оның ішінде электр сүзгілері мен аспирациялық қондырғыларды қайта құру, бұл шығарындыларды 8 мың тоннаға азайтуға қол жеткізуге мүмкіндік береді, бұл сөзсіз қаланың ауа бассейнінің сапасын жақсартуға әкеледі, – дейді Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысы Дархан Исжанов.
Компания өрескел бұзушылық фактілерін де тіркеген. Мәселен, қала аумағында кокс өндірісінің 800 тонна қауіпті қалдықтарын заңсыз орналастырған.
Сондай-ақ өткен жылдың қыркүйегінде жүргізілген аудитте шығарындылардың артық мөлшері анықталды. «АМТ» АҚ-ға қатысты 5,3 млрд теңгеге әкімшілік іс қозғалды. Оның 1,3 млрд теңгесі сотпен өндірілсе, қалған 4 млрд теңгеге қатысты іс жүргізілуде. Іс жүзінде көмуге жатпайтын өндірістік және тұрмыстық қалдықтар полигонының жұмысына сот шешімімен тыйым салынды. Тарату қорының болмауына байланысты күл-шлам қоймасының жұмысы тоқтатылды.
Енді жасалмаған жұмыс пен Теміртаудағы ауаны ластаудан қорғау Мемлекет басшысының алдында Орталық Азия мен ТМД-да металлургия саласы бойынша көшбасшы кәсіпорындардың бірі ретіндегі мәртебесін 2028 жылға қарай қайтару жөнінде стратегиялық мақсат қойған «Qarmet» директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің мойнында.
Ал облыс орталығында 26 мыңнан астам пешпен жылытылатын үйлер ауаны ластайтын негізгі көздердің бірі ретінде аталды. Жеке секторды газдандыру мәселені шешуі керек. Қазірдің өзінде 1348 үй қосылды, 3961 үйге газ тарату желілері тартылды. Ал Балқаш ауасының жағдайына «Kazakhmys Smelting» ЖШС мыс қорыту зауыты да әсер етіп отыр. Ондағы жабдықты өзгерту керек.
– Мыс кенін балқытқанда шаң мен газдар түзіледі. Шаң тазарту қондырғылары мен сору жүйесі тозған. Ұйымдастырылмаған деп аталатын газдар төбе терезелері мен фрамугалар арқылы қоршаған ортаға еніп, атмосфералық ауаны ластайды. Мыс балқыту зауыттарындағы түтін газын ұстау және тазарту жүйелерін толығымен жаңғырту және ауыстыру қажет. Кәсіпорынға тиісті бұйрық шығарылды, олар оны келесі жылдың соңына дейін орындауы керек. Сондай-ақ шығарындыларды азайту мақсатында зауыт 2025 жылға дейін күкірт қышқылы зауытының екінші желісін салуды жоспарлап отыр. Бұл күкірт шығарындыларын 50 пайызға дейін қысқартуға және қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді Дархан Исжанов.
Қарағанды қаласына газ келгенімен үйге кіргізу кешігуде. Кейбір аудандарға жеткізілмеген. Бұл, әрине, түтінді жұта тұр дегенге саяды. Ал, Теміртаудың үміті «Qarmet» болып тұр.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ