10 қаңтарда Қарағандыда 16 қабатты үйдің сегізінші қабатында өрт шықты. Себебі анықталып жатыр. Әзірге облыстық полицияның мәліметінше, қылмыстық іс қозғалды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ер адам өртеніп жатқан пәтердің терезесінен құлап кеткен, қазір ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар, барлау кезінде үш адамның (екі ер және бір әйел адамның) мәйіті табылды.
Ал, облыстық полиция оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Өрт оқиғасынан кейін полицейлер ҚР ҚК-нің 204-бабының 2-бөлігі «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру, өртеу, ауыр зардаптарға әкеп соқтыратын немесе қауіптілігі жоғары басқа көздерге абайсыз болу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады» деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Аталған баптың санкциялары, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүріп жатыр, деп қорытындылады ПД.