Жаз шыға археологтар қолдарына керек жабдықтарын алып тарихи жерлерді аралап, өткен күннен сыр шертетін жәдігерлерді іздеуге шығады. Биыл да Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің археологтары Бұқар жырау ауданының аумағында орналасқан көне қоныс орнынан бірқатар құнды археологиялық олжа тапты. Сонымен қатар Нұра ауданында экспедиция мүшелері шамамен мың жыл бұрын өмір сүрген баланың қабірін тапты.
Бұқар жырау ауданы Төрткөл ауылының маңынан анықталған бұл қоныс – қос қатар тастан қаланған қабырғалары бар жартылай жертөле үлгісіндегі құрылыс.
Қазба жұмыстары барысында геометриялық өрнектермен безендірілген қыш ыдыс сынықтары, жануарлардың сүйектері, тас бұйымдар, шақпақ тастан жасалған жебе ұшы мен металл пышақ табылды.
Керамикалық кешеннің сипаттамасы мен құрылыс ерекшеліктеріне сүйене отырып, археологтар бұл нысанды алакөл археологиялық мәдениетіне жатқызып отыр.
Алдын ала деректер бойынша, қоныс б.з.д. XVIII-XVII ғасырлар аралығына тиесілі.
– Алда қыш материалдарына техника-технологиялық талдау жасалып, нысанның нақты мерзімін анықтау үшін үлгілер радиокөміртекті зерттеуге жіберіледі. Қола дәуіріндегі қоныстарды жүйелі зерттеу – Орталық Қазақстан аумағындағы көне тұрғындардың шаруашылығы мен күнделікті тұрмысы туралы білімімізді кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Сарыарқа археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин.
Ал Нұра ауданында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің экспедиция мүшелері шамамен мың жыл бұрын өмір сүрген баланың қабірін тапты.
Табылған зират – бұрын белгілі болған Изенді-6 бейітінің бір бөлігі.
Археологтар құрылысты іріктеу кезінде бұрын байқалмаған қабірді тапты. Айта кетерлігі, жерленген аумақ ғасырлар бойы бұзылмай, сақталып қалған.
Онда ғалымдар марқұмның сүйегін, жебе ұштарын, ат әбзелдерінің бөлшектерін және былғары дорба тапты. Сүйектің жанынан сұрақ белгісі түріндегі сырға табылды. Мұндай сырғалар XII-XIV ғасырларда қыпшақтарға тән болатын.
Антрополог Айкүміс Раисова кешенді остеологиялық талдау жүргізіп, сүйектер 9-12 жастағы балаға тиесілі екенін анықтады. Сондай-ақ баланың тірі кезінде сол жақ иық сүйегін сындырғаны анықталды, бірақ өлген сәтте сынық бітіп үлгерген.
– Мұндай жерлеулер сирек кездеседі. Орта ғасырдағы ескерткіштер Қарағанды облысының аумағында аз зерттелген, сондықтан осы кезең бойынша алынған жаңа нәтижелер өзекті және қызықты, – дейді Алексей Кукушкин.
Радиокөміртекті талдаудың деректеріне сәйкес, көму ХІІ-ХІІІ ғасырларда болған. Ғалымдар қосымша талдау жүргізіп, жерлеуді зерттеуді жалғастырмақшы.
– Табылған бұйымдар көмудегі металдардың құрамын анықтауға көмектесетін спектрлік талдау көмегімен қосымша зерттелетін болады. Одан әрі артефактілер облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылады, – деді Алексей Кукушкин.
Былтыр да экспедицияға шыққан археолог ғалымдар Шет ауданы Өспен ауылдық округінде қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Сол уақытта олар тағы да тарихи жәдігерлерді тапты.
Қола дәуіріне тиесілі бес жерлеу орнынан табылған жәдігерлердің бәрі қола дәуіріне жататынын радиокөміртекті талдау растап отыр.
Табылған бес қорымның үшеуі ауыл арасындағы жолда болса, қалған екеуі ен далада орналасқан. Барлық жерлеу орны тоналған.
Бірақ ғалымдар әлі де қызықты артефактілердің табылып қалу мүмкіндігін айтады. Олардың ішінде сол кезеңдегі өте сапалы керамика бөлшектері бар. Бір айта кетерлігі, оның құрамындағы саз қазіргі Өспен ауылдық округіне тән, бірақ керамикалық бұйымдарды өндіру технологиясының өзі Орталық Қазақстанның шеберлеріне тиесілі.
Бұдан әртүрлі аймақтан келген қолөнершілер тәжірибе алмасып, бір-бірінен үйренді деген қорытынды шығаруға болады.
Сонымен қатар археологтар эмбрион позасында бассыз көмілген адамның қаңқасын тапты. Бұл сол дәуірде өмір сүрген адамдардың күрделі рухани-мәдени идеялары мен дәстүрлерінен хабар береді.
– Барлық жәдігерді облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығына тапсырдық. Сол жерден артефактілер Өспен ауылының мұражай қорына бағытталды. Енді оларды сол жақтан көруге мүмкіндік бар, – дейді экспедиция жетекшісі, EcoProf KZ ЖШС ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекші археологі Александр Кнутов.
Қазір табылған жерлеу орындары қоршауға алынған. Бұл келешекте жәдігерлерді сақтау үшін аса маңызды. Бұдан бөлек, ғалымдар ХХ ғасырдың басында британдық инженер-конструктор Джон Уилфорд Уорделл салған Сарысу байыту фабрикасының қирандыларын әуеден түрлі ракурстан бейнеге, суретке түсіріп алды.
– Бұл зауыттың қирандылары облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, кейбір жергілікті тұрғындарға, ақпаратты мақсатты түрде зерттеген туристерге белгілі болды. Алайда нысан танымал болмағандықтан, назар аударылмаған. Біз түсірген суреттер бойынша зауытты қайта құруға, оның архитектурасын іс жүзінде қалпына келтіруге болады, – дейді Александр Кнутов.
Ғалымдар одан бөлек, Сарысу өзенінің бассейні аймағында археологиялық барлау жүргізіп, олар қола дәуіріне, ерте темір дәуіріне, орта ғасырларға және қазіргі заманға жататын жаңа нысандарды тапты.
Олардың арасында «мұртты» үлкен тас қорған – тасмола археологиялық мәдениеті ерекше мәнге ие. Ол ерте темір дәуіріне жатады және Орталық Қазақстанға тән екенін атап өткен жөн. Ғалымдар аталған нысандарды зерттеуді әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отыр. Өткеннен сыр шертетін тарихи жәдігерлер еліміздің әр жерінен табылуда.
Дегенмен бұрын тоналса да әлі күнге дейін жер қойнауында жатқан мұра да жетерлік. Бұл бір жылдың ғана жұмысы емес. Жаңадан аршылған немесе бұрын қолға тиген жәдігерлер тарихымызға басқаша көзбен қарауға үндейді.
Айта кету керек, археологтар ашқан мыңдаған жыл бойы сыр болып жатқан жәдігерлер өткен күндерде қазақ халқы қалай өмір сүргенін айқындайтын құнды дүние.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ